Лев Толстой: "Нам надо перестать писать, читать, говорить, надо делать", – деп жазыпты. Мұны жазғанда өзі 60 жаста екен. Сөзден іске көшу керек деп тұр ғой. Бәріміздің де көшкіміз келеді. Бірақ, Ақиқаттың жолы – жіңішке...
Осыны жазып отырып, әкемнен естіген бір тәмсіл есіме түскені.
Ертеде бір ақсақал бұлақтың басында демалып отырса, тұсынан өтіп бара жатқан жас жігіт бұрылып кеп, сәлем беріпті.
- Ассалаумағалейкум, ата!
- Уағалейкумуссалам, балам!
- Қалыңыз қалай?
- Хәлді хәл иелерінен сұрағын. Осынша жасқа келдім, бірақ әлі хәл таба алғаным жоқ.
Жас жігіт ақсақалдың тегін адам емес екенін сезсе керек. Жанына жайғасып отырып:
- Қайдан келесіз? Қайда барасыз? - деп сұрапты.
- Тар құрсақтан шықтым, тар лахатқа кетіп барамын.
- Ол екеуінің арасы тым ұзақ па екен?
- Көзді ашып-жұмғанша-ақ, балам. Бірақ одан да ұзақ бір жол бар екен. Соған жете алмай сарсаңмын.
- Ол қандай жол, ата?
- Тіл мен ділдің (жүректің) арасы.
- Тіл мен ділдің арасы деймісіз?
- Иә, жас жігіт, солай, тіл мен ділдің арасы... Жеті жасымда тілімді Кәлимаға келтіріп, "Мұсылман болдым!" дедім. Жасым міне, сексенге таяды. Кәлима тілімнің ұшында ғана тұр. Әлі діліме түсе қойған жоқ. Жә, - депті сосын ақсақал. Өзің қай баласың? Кісіні сөйлетіп қойып, сыр суыртпақтағанға құмар көрінесің. Жөніңді айта отыр.
- Ілім іздеген шәкірт едім, ата.
- Жөн. Ілім іздеген шәкірт болсаң, мынаны айтшы: Ілімнің әуелі не? Ақыры не?
- Ілімнің әуелі – Алла тағаланы тану, ақыры – Алла тағаланы табу.
- Е-е-ей, ілім ізденуші жас! Әуелгісін – таптың. Соңғысын – шаттың. Ілімнің басы – Алла тағаланы тану. Дұрыс. Ал, соңы – Алла тағаланың әміріне мойынұсыну. Танымаған затыңа қалай бағынбақсың?! Сол үшін әбден тану керек. Тану керек. Уа, тану керек! - деп ақсақал етегін қағып, "осымен сөз тәмәм" дегендей орнынан тұрып кетіпті.
Жас жігіт те жай адам емес, Бұхарадан діни ілім алып, "елге үгіт айтып, үлгі шашам" деп бекініп келе жатқан шариғаттың білгірі-тұғын. Ақсақалдың әңгімесінен кейін, "Бұлақ басында отырған қарапайым қартының сөз ләмі мынау. Белде отырған биі мен төрде отырған төресімен қалай сөйлеспек керек?" - деп атының басын кері бұруға мәжбүр болыпты...