ДІНИ ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН АМАНАТ

ДІНИ ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН АМАНАТ

4 мин
ДІНИ ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН АМАНАТ

Дінге қызмет ету – үлкен мәртебе ғана емес, жауапкершілігі мол аманат. Мешітте қызмет атқару, халыққа уағыз айту, діни сауалдарға жауап беру, жас ұрпаққа имандылықты насихаттау – білім мен біліктілікті ғана емес, ықылас, сабыр және көркем мінезді талап ететін қасиетті міндет.

Исламда аманатқа адалдықтың орны ерекше. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасында үкім еткенде әділдікпен үкім етулеріңді бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят), – деп баян етеді.

Діни қызметкердің мойнындағы ең үлкен аманаттардың бірі – дінді дұрыс жеткізу. Оның айтқан сөзіне жамағат ерекше мән береді. Сондықтан дін атынан сөйлейтін адам әрбір сөзінің жауапкершілігін сезінуі қажет. Құран мен сүннетке сүйену, діни мәселенің анық-қанығына көз жеткізу, білмеген жағдайда білімді мамандарға жүгіну – осы жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» (Бұхари, Муслим), – деген. Бұл хадис сөздің салмағын көрсетеді. Әсіресе дін мәселесінде дәлелсіз ақпарат таратудан, анық-қанығы белгісіз мәліметті діни ақиқат ретінде жеткізуден сақ болған жөн.

Діни қызметтің негізінде ықылас жатуы тиіс. Адамның еңбегі халық тарапынан құрметке ие болуы мүмкін. Алайда мұсылман үшін ең бастысы – адамдардың мақтауы емес, Алланың разылығы. Пайғамбарымыз ﷺ: «Амалдар ниетке байланысты» (Бұхари, Муслим), – деген.

Сондықтан дін қызметкері өз ниетін үнемі саралап отырғаны жөн. Оның мақсаты – өзін көрсету емес, адамдарға пайдалы болу; өзінің абыройын арттыру емес, діннің көркемдігін таныту болуы қажет.

Діни қызмет біліммен де тығыз байланысты. Дінге қызмет ететін адам өз білімін үздіксіз жетілдіруге ұмтылуы тиіс. Құран Кәрімде: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) деп білімнің маңызы көрсетіледі. Діни сауатпен қатар, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетін меңгеру де маңызды.

Алла Тағала Пайғамбарымыз ﷺ туралы: «Алланың рақымымен оларға жұмсақ болдың. Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді» («Әли Имран» сүресі, 159-аят), – дейді.

Бұл аят дін қызметкеріне үлкен өнеге. Жамағатпен сөйлескенде жұмсақтық таныту, адамның мәселесін тыңдау, жастардың сауалына түсіністікпен қарау – діни қызметтің ажырамас бөлігі. Кейде бір ауыз жылы сөз адамның жүрегіне үлкен әсер етуі мүмкін.

Дін қызметкерінің сөзі мен ісі де үйлесуі керек. Халық оның уағызын ғана емес, күнделікті мінез-құлқын да байқайды. Сондықтан адалдықты насихаттаған адам адалдыққа, сабырға шақырған адам сабырға, көркем мінезге үндеген адам өзі де көркем мінезге ұмтылғаны жөн.

Діни қызметкердің жауапкершілігі қоғамның бірлігі мен татулығын сақтаудан да көрінеді. Ислам адамдарды өзара құрметке, бауырмалдыққа, мейірімділікке және ізгілікке үндейді. Алла Тағала: «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деп бұйырады.

Қорыта айтқанда, діни қызмет – жай ғана лауазым немесе кәсіп емес, үлкен аманат. Дін қызметкері білімді, ықыласты, әділ, сабырлы әрі көркем мінезді болуға ұмтылуы қажет. Ол халыққа дінді дұрыс түсіндіріп қана қоймай, өзінің ісімен де Исламның көркемдігін көрсетуі тиіс.

Ең бастысы, дінге қызмет еткен адам өзінің халық алдында ғана емес, Алланың алдында да жауапты екенін ұмытпауы керек. Өйткені дінге қызмет ету – мәртебе емес, аманат. Ал аманатқа адал болу – үлкен жауапкершілік.

 

Диқанәлі Медина Мұхтарқызы

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс