ДІН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

ДІН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

616
3 мин
ДІН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

Жылда осы уақытта тұрақты түрде сала бойынша мамандармен, теологтармен, имамдарымызбен курс ұйымдастырылады. Дін бағытында түрлі сұрақтар қойылып, талқыға түсіп жатады. Әлеуметтік желіден ерекшелігі барлық мамандар бір саладан болғандықтан эмоциядан гөрі шынайылық, жанашырлық басым болады.

Сондағы сұрақтардың бірі халықтың діни бірегейлігінің бұзылуы мәселесі болды. Зайырлы қоғамда түрлі көзқарастардың орын алуы заңдылық. Түрлі діни ағымдардың да, көзқарастардың да таралуының құқықтық негіздері қарастырылған. Алайда осының арты ұлттық бөлінушілікке апару қаупі бар. Исламофобиямен айналысқан белгілі топтар исламға қарсылық көрсетуді әдетке айналдырып келеді. Ал қазақтың тарихын исламнан бөліп тастағанда тарихи-мәдени тұрғыдан нені жоғалтатындығымызды назарға алмайды. Радикалды мұсылмандық топтар халықты дәстүрінен ажыратуды көздейді. Екеуінің де көздегені халықтың ұлт ретіндегі ерекшеліктерінен жоюды көздеуі деп қарасақ болатын шығар.

Халықтың діни бірегейлігі туралы сөз болғанды дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, әр халықтың ұлттық құндылықтары дұрыс қалыптасуы үшін атқарар қызметі зор. Дін – адамның ізгі қасиеттерін асқақтатып танытатын болса, дәстүр ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін қажет. Адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін бес түрлі шартқа толық жауап беру тиіс. Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуі керек. Екіншіден, сол ұлттың дінін танымын меңгергені жөн. Үшіншіден, сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс. Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағындай білгені абзал. Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз делінеді. Осындай бес сипаттаманы бойына дарытқан адам ғана сол ұлттың толыққанды өкілімін деп айтуға құқылы. Осы бір ұлт болып қалыптасу үшін берілген анықтамаларға көз салып ой жиегінен өткізер болсақ, барлық шарттардан адамдардың тілі, тарихы, діні мен дәстүрі сабақтастықтары тереңде жатқанын аңғарып түсінеміз.

Онда халықты қандай идея төңірегінде бірлестіруге болады деген сұрақтар да өрбіді. Қандай да бір бағыт ойлап табу тек бөлінушілікке қызмет ететін болса, ешбір ілім барша халықты соңынан ерте алмайды-ау! Олай болғанда, радикализмді төмендету үшін дінсіздікті дамытуды шешім деп санауға болмайды. Қалыпты мұсылманшылықты дәріптеп, ұлттық идеологияны қолға алмасақ ұлт руханиятының тұтастығына түскен жік ашыла бермек болар!

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс