Менің жолым дұрыс деуге хақың бар, менің жолым ғана дұрыс деуге хақың жоқ!
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі қадір тұтып келе жатқан жетістіктеріміздің бірі де осы бейбітшілік, дәстүрлі діндер арасындағы түсіністік әрі сол түсіністікке жетелейтін әрбір үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан осы әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің съезі. Айналамыздағы шиеленістер, жаһандағы жарылыстар мен соғыстар бізге бұл қадамның мәнін күн сайын ұғындырып келеді.
Ешбір дін нақақтан қан төгуді қолдамайды. Алайда кейбір радикалды бағыттағы уағызшылар мұсылмандардың арасында бүлік тудырып әртүрлі ұран тастайды. Мемлекетті «тағут» деп атап ел ішінде бүлікке діни негіз көрсетуге тырысады. Бұл эмоцияға жағымды болғанымен ақылға салып қарағанда мұсылмандар үшін, мемлекеттің тыныштығы үшін орасан зор қауіп екендігін түсіне бермейді. Бес уақыт намазға азан шақырып, бірнеше ондаған жылда мыңдаған мешіттер салынып, жүздеген балаларымыз мешіттер мен медреселерде білім алып, Ақордада ауыз ашқып жатқан елді тағут деп атау нағыз арандатушылық! Біз Алла деп айтуға болмайтын, намаз оқығандарды жер аударған жүйеден шықтық, мұсылманшылықтың шарттарын тығылып орындаған ата-аналардың ұрпағы ретінде ислам дінінің елімізде жаңғыруына куә болып отырмыз. Осыны місе тұтпай діни бөлінушілікке еру бізге жақсылық алып келмейтіндігін түсінуіміз керек.
Қазақтың біртуар ойшыл-ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп дұшпандық қару жасар.
Інжіл, Құран бәрі айтып тұрса дағы
Мағынасынан адасып қара басар!- дейді.
Біздің еліміздің саяси ұстанымдарында да бейбітшілік басты назарда. Көрші елдермен тіл табысып, әлемдегі көптеген мемлекеттердегі кикілжіңдерде бейтарап саясат ұстанып, асығыстық жасамау қазіргі әлемдегі ұтымды саясат болып отыр. Асыл дініміз де өзге дін өкілдерімен түсіністікте өмір кешуге шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға қоныс аударғанда көптеген өзге сенімдегі азаматтармен көршілік қатынаста, түсіністікте болды.
Демек Алланың жіберген діндерінің ешбірінде дұшпандыққа шақыратын, қатыгездікке шақыратын талаптар жоқ. Тіпті Құранда: «Бүлік шығару кісі өлтіруден де жаман» (Бақара, 191) екендігі айтылады. Олай болса, мұсылман адам басқа адамдарды діни сенімдеріне қарай кінәлай алмайды. Себебі, тура жолға салу, жүрегіне иман беру тек Алланың ісі. Мұсылман адам тек түсіндіреді, дұға қылады. Пайғамбарымыз тарихында өзге дін өкілдеріне құрметпен қараудың көптеген мысалдары бар. Тіпті мұсылмандардың мешітіне кіріп діни рәсімдерін орындауға мүмкіндік бергені туралы мәліметтер бар. Мәселен, Ислам тарихындағы Худайбия келісімі мүшриктермен пайғамбарымыз арасында орын алды және пайғамбарымыз Мәдинаға көшкеннен кейін жергілікті Христиан және Яхудилермен келісім жасасты және соңына дейін келісімді бұзған жоқ. Сондықтан Құран бойынша әркімнің діні өзіне (Кафирун сүресі). Бұл бірақ, түсіністікте өмір сүруге кедергі келтірмек емес.
Діни қатынастарды заңнамалық реттеудегі атқарылып жатқан жұмыстармен қоса, әлемнің көптеген мемлекеттеріне үлгі болып отырған Қазақстан Республикасының бейтараптық, толеранттылық және теңдік сияқты үш қағидаға негізделген дін саласындағы саясатының арқасында асыл дініміз өркендеп келе жатыр. Конфессияаралық келісім мен бейбітшілікке негізделген дін саласындағы саясат мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастық пен конфессияаралық келісімді сақтауды жүзеге асырады. Барлық діндерге теңдей мүмкіншілік береді. Адамзат қоғамы түгелдей діндар болуы немесе бір дінде болуы мүмкін емес. Бұл Алланың сынағы түсінігіне қайшы болмақ. Сондықтан қоғамда әртүрлі сенімдердің, әртүрлі көзқарастардың болуы заңдылық
Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ