Даналық туа біткен қасиет пе, жоқ әлде білім алу, іздену, өзін дамыту арқылы қалыптаса ма? – деген сұрақтың қойылуы заңды. Құранда бұның екеуі де айтылады. Алла Тағала:
«Кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады», - дейді («Бақара» сүресі, 269-аят).
Басқа бір аятта: «Расында, Лұқманға даналық бердік», - деп айтқан («Лұқпан» сүресі, 12-аят). Бұл аяттардың мағынасынан даналық тек Алланың қалауымен ғана берілетін нығмет екендігін ұғамыз.
Әйтсе де, Құранның басқа аяттарында адамның бұл сипатқа үйрену арқылы да жетуге болатындығы нұсқалып:
«Іштеріңе өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі даналықты үйрететін, сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін елші жібергендігіміз сияқты», - делінеді («Бақара» сүресі, 151-аят).
Аталмыш аяттардан түсінетініміз, даналық кей адамға табиғатынан берілсе, кей адамға оны Алла Тағала білім алуы мен ізденісінің себебімен береді.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды.