БАҚЫТТЫ НЕКЕГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН КЕҢЕСТЕР

БАҚЫТТЫ НЕКЕГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН КЕҢЕСТЕР

469
5 мин
БАҚЫТТЫ НЕКЕГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН КЕҢЕСТЕР

Бақытты неке – кездейсоқ сәттіліктен ғана туындайтын дүние емес, ол ер мен әйелдің тату да тәтті өмірінің шынайы жемісі.

Бұл қос жастың бір-біріне деген ілтипаты мен ерекше сезіміне сүйене отырып, балалықтан даналыққа, білместіктен парасаттылыққа бет алып, бір шаңырақтың астында қоян-қолтық, шат-шадыман ғұмыр кешуі. Жұбайлардың отбасылық болашаққа бір бағытта қарауы.

Халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиынды» айтқанда, үйлену оңай болса да, үйлесу тым қиын екенін меңзегендей.

Өмір болған соң оның бар қиыншылығы мен қызықшылығын қатар бөліп, бірге көргенге не жетсін.

Алайда бүгінде жастар түгіл, жасамыстардың өзі аз ғана қайғы келе қалса, қабырғасы қақырай сөгіліп, келер күннен үміт үзеді. Боркеміктей езіліп кеп, тіпті безуге дейін барып жатады.

Асылы, бақытты некенің негізі неде? Өз жұбың мен отбасыңды қайткенде бақытты қыла алмақсың? Үйлесімді тіршілікті қалайша жолға қоюға болады? Осы тұрғыда бақытты некеге қажетті болатын кеңестерді қарастырып көрелік.

Өзара құрмет.

Серігіңізді тұлға ретінде қабылдап, пікірін, шешімін, сезімін құрметтеңіз. Құрмет жоғалған жерде түсіністік те әлсірейді. Кішкентай болса да, бір-біріне деген сыйластық пен қолдау — ұзақ некенің негізі.

Сенім.

Өзара сенімнің аясында жұбайлар болашаққа батыл қадам жасайды. Сенім болмаған жерде отбасылық бақыттың іргесі қаланбайды. Жалпы сенім отбасының қос мүшесіне күш-қуат беріп, соның айналасында күллі жақсылық атаулыны ұйыстырады. Тіпті бұл олардың өмір сүру дағдысына да анағұрлым өзгерістер әкеледі. Іргесі мықты отбасының негізі қаланып, бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы күшейеді.

Ашық әрі шынайы қарым-қатынас.

Жұптар бір-бірімен еркін, риясыз сөйлесіп үйренуі керек. Кез келген реніш, күдік немесе шаттықты іште сақтамай, бөлісіп отыру – жан дүниені жақындатып, түсіністікті арттырады. Тыңдай білу де – қарым-қатынастың маңызды бөлігі.

Уақытты бірге өткізу.

Ортақ естеліктер мен қуанышты сәттер қарым-қатынасты нығайтады. Аптасына бір рет бірге серуендеу, хоббимен айналысу немесе жай ғана әңгімелесу – сезімді жаңартып тұрады.

Төзімділік.

Сабыр мен Төзім адамды қым-қуыт жағдайлардан құтқарып қана қоймай, оның жүйкесіне артық салмақ түсіруден сақтайды. Уайым-қайғыға салдырмайды. Ең бастысы, өмірдің көлденең қиындықтарын еңсеретін болады. Оның ішінде, күрмеуі шешілместей көрінген отбасылық келеңсіздіктерді де жеңбек.

Кешірімді болу.

Кемшіліксіз адам болмайды. Күйеуіңіз не жарыңыз бір қателік жасаса, оны жазғырып, үнемі бетіне баспай, түсіністікпен қарауға тырысыңыз. Шынайы кешірім – жан жарасын емдейтін дәрі.

Бірге даму және қолдау көрсету.

Әр адам жеке тұлға ретінде өсіп, дамуға ұмтылады. Жұбайлардың бір-біріне жаңа мақсаттарға жетуде демеу болып, шабыт беріп отыруы – сүйіспеншілікті тереңдете түседі. Бірге алға ұмтылған жұп ешқашан жалықпайды.

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,ал махаббат таусылмайтын әңгіме.

Достық

Некенің осынау бөлігі - ешқандай да күш-қысымға негізделмеуі тиіс, керісінше шынайы достықты ғана мұрат тұтпағы ләзім. Ерлі-зайыпты бір-біріне ықыласы ауып, бар пейілімен емінгені мақұл. Сонда отбасыдағы бала-шағаның да ата-аналарына қарай отырып, сондай достық пен мейірімге толы қарым-қатынасты жасампаз етпекке құмартары кәміл.

Ортақ қуаныш

Негізі ерлі-зайыптылардың бір-біріне көңіл бөліп, сыралғы достардай жақын болуы, әрбір жетістікке ортақ қуанышта болуы, олардың некелік қарым-қатынасын зорайта түседі. Мейірімнің шуағынан сусындатады.

Қаржылық келісім.

Сарапшылардың мәліметіне құлақ түрсек, отбасылық жанжалдардың 80 пайызы осы қаржылық түйіткілдерден туындап жатады екен. Бұл тарапта ерлі-зайыптылар материалдық тұрғыдағы барлық қиындықтарды біріге отырып еңсеруге талаптануы тиіс. Отбасылық керек-жараққа кететін түрлі шығындар мен қаржы-қаражатты орнымен ұқсатып жұмсау да сол ерлі-зайыптылардың парасаттылығына байланысты.

Құрмет көрсету.

Кейде жас жұбайлар некеден соң-ақ нендей өзгерістер болатынын, алдынан қандай қиындықтар туындап, оған қарсы тұрарлық ерік-жігері мен күш-қайратының дәрменсіздік танытып, сондай бір түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктерге жол беріп жататыны анық. Отбасыдағы ең басты құндылық, айнымас қағидат - ол отбасылық өмірді бірінші орынға қоюмен ерекшеленеді.

Ол ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген міндеттерін біліп, түрлі қажеттіліктерін өтеп, құқықтық орнын білуі қажет.

Еркіндік.

Қос жұбайлар ортақ мүдделі.

Әйел әлдекімнің меншігі деген ұғым жоқ.

Бұл ерлі-зайыптылардың өз еркіндігін сақтай отырып, бір-біріне деген құқықтық міндеттерін құрметтеу.

Болашақты бағамдау немесе жоспарлау.

Терең ойлайтын ерлі-зайыптылар отбасы болашағын бағамдауға тырысады. Олар қаржылық түрлі жоба-жоспарларымен бірге, бауыр еті – балаларына қатысты да қордалы ойларын ортаға салып, ортақ бір пікірге тоқтайды. Өмірдің өн бойындағы барлық қиындықтарды бірге көтерісіп, өзара сенімге келеді.

Келісіп пішкен тон келте болмас...

Бақытты неке – бір сәттік емес, күнделікті әрекет пен ниеттің нәтижесі. Егер ерлі-зайыптылар бір-біріне адал, сенімді, сыйлы әрі қамқор болса, ол одақ ұзақ жылдарға созылып, берекелі болады.

 

Әмина КЕТЕБАЕВА

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс