قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: تَكْثُرُ الصَّوَاعِقُ عِنْدَ اقْتِرَابِ السَّاعَةِ. (حم)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Қиямет жақындағанда найзағай көбейеді”. (Мүснәд Ахмед ибн Ханбал)
Алла тағала Рағы(д сүресінің 12,13-аяттарында былай дейді: «Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатын, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді. Әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттарды жаратады. Күннің күркіреуі Оның мінсіз, кемшілік атаулыда ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер оны ерекше құрметпен ұлықтайды. Ол қалағанының үстіне жай түсіреді”.
Жер бетінен будың жоғары шығуы, жоғарыда суық ауамен араласып бұлт түзілуі, сонан соң суық қабаттың әсерімен суға айналып, жер жүзіне електен еленгендей тамшы-тамшы болып рахмет жаууы, бұлттардан кейде жауын жауып, кейде бір тамшы да жаумай қоюы, кей жаңбыр тамшыларының ірі және сирек, кей кезде ұсақ және жиі болуы, ал кей кезде қар мен бұршақ түрінде жаууы қалағанын жасай алатын Алланың құдіретінің бір дәлелі.
Күннің күркіреуі Алланың құдіретін білдіргендіктен, бұл дыбысты естіген періштелер Раббыларын барлық кемшілік атаулыдан пәктеп, ұлықтап тәсбих айтады. Өйткені олар Алланың ұлылығынан қорқады.
Найзағай: Алланың құдіретін көрсететін ғажайып құбылыстардың бірі. Дымқыл будың жиылуынан пайда болған суық бұлыттан, өте ыстық от шығуы, екі қарама-қайшы нәрсенің бірігуі деген сөз. Мұндай нәрсе көбінесе мүмкін болмайтындықтан, бұл Алла тағаланың ұлылығының, құдіретінің күштілігінің бір мысалы. Өйткені судың ішінен оған қарама-қарсы отты жарату, сөзсіз, толықтай күштіліктің, құдіреттің көрсеткіші. Қандай жалын болмасын су оны өшіре алатындықтан, суға толы бұлттан отты шығару Алла тағаланың мәртебесінің биіктігін көрсетеді.
Найзағай бұлт арасынан шыққан от, түскен жерін жағып жібереді. Тіпті теңізге түссе, кейде теңіздегі балықтарды да жағып жіберген кездер болған.
Міне, Алла тағала құлдары үздіксіз Оны ұлықтап, тәсбих айтуға шақыру үшін азабының бір мысалы ретінде жер бетіне кей кезде найзаға түсіріп, күнәһар пенделерім оянсын, ұлылығы мен құдіретін көрсін дейді. Сол себепті найзағай жарқылдаған кезде періштелер секілді тәсбих айту керек.