ҒАЖАЙЫП СӨЗ

ҒАЖАЙЫП СӨЗ

1162
2 мин
ҒАЖАЙЫП СӨЗ

Мухиддин ибн Арабидің: «Адамды өлімнен ажалы қорғайды», – деген сөзі бар.

Дұшпандары өліммен қорқытқанда Әзіреті Әлидің де осылай дегені бар екен (Мухаммади әр-Райшахри: І, 27). ​

Жалпы, «ажал» дегеніміз сөздікте «белгіленген бір уақыт», «белгіленген мерзімнің соңы» деген мағынаны білдіреді.

Құранда: «Ешбір жан Алланың қалауынсыз, о бастан жазылып қойған ажалы жетпейінше өлмейді», – делінген («Әли-Имран» сүресі, 145-аят).

Адам баласы бұл дүниеде түрлі қиыншылықтар мен ауыртпашылықтар арқылы сыналады.

Алайда, бұл сынақтар қаншалықты ауыр болса да ажал уақыты жетпейінше жаны кеудесінен шықпайды. Мұсылман осылайша иман еткен.

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз ер өлмейді» деген сөздің төркіні де осы.

Ажалға қатысты мұндай таным мен философия мұсылмандар үшін ерлік пен жігердің қайнар көзі.

Аурумен сыналған жан ажалы жетпей өлмейтінін білсе, жігерін жанып, аурумен күресуге әл-қуат табады.

Жау қолында қалған жан да ажалсыз өлім жоғын біліп, ерлікті ту етіп, еңсесін тік ұстайды.

Шалкиіздің:

Жапырағы жасыл жаутерек,

Жайқалмағы желден-дүр,

Шалулығы белден-дүр,

Төренің кежігуі елден-дүр,

Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,

Ақ киіктің шабар жері ​ майдан-дүр,

Кешу кешмек сайдан-дүр,

Батыр болмақ сойдан-дүр.

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалымыз қайдан-дүр! – деген сөзі де, осы ойымызға дәйек болса керек.

Ендеше, басымызға келген сынақты еңсемізді тік ұстап қарсы алайық.

АЖАЛ КЕЛСЕ, АМАЛ ЖОҚ, АЖАЛСЫЗ БОЛСАҚ, АЛЫНБАС ҚАМАЛ ЖОҚ.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс