АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ АДАМДАР НЕ ОЙЛАЙДЫ?

АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ АДАМДАР НЕ ОЙЛАЙДЫ?

1457
4 мин
 АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ АДАМДАР НЕ ОЙЛАЙДЫ?

Паллиативтік терапия бөлімінде ауру жеңіп, өлім алдында жатқан пациенттерді ұзақ жылдар күтіп-баққан австралиялық медбике Бронни Вэр «Өлім аузындағы адамдардың басты бес өкініші» (ағылшынша «The Top Five Regrets of the Dying») деген кітап жазып, жарыққа шығарыпты. Автор күні бітуге таяған науқастардың өлер алдындағы әңгімелерін, орны толмас өкініштерін, жан күйзелісін жазып алып отырған екен. Медбикенің пікірінше, дәм-тұзы таусылған жандардың бақиға аттанар алдындағы жүрекжарды әңгімелері басқалардың ертең о дүние табалдырығына жақындағанда өткеніне өкінбейтіндей, бұл жалғанда өнегелі өмір сүруіне себеп болар еді...

Бұл өмірге кім келіп, кім кетпейді?! Халыққа жақсылық жасап, шарапатын тигізгендер де, қара басының қамын күйттегендер де, "көкте қалықтап" өмір сүргендер де, "жербауырлап" күнін өткергендер де бұл жалғаннан армансыз өтпек емес. Адамның арманы таусылмайды. Алдамшы дүниенің қонағы екенін біле тұра, көп нәрсеге қол жеткізіп, қамтып қалсам деп тыраштанады. Соған жету үшін біреулер қылмысқа барады, күнәға батады. Бірақ бақилық алдында бәрі бекершілік екеніне бір күні көзі жетеді. Әсіресе, иманын үйіріп, өлім аузында жатқан адамның қысқа ғұмырында жете алмаған арманы, өткенге өкініші, басқаға жасаған қиянаты үшін сезінетін ішкі күйзелісі ауыр болады.

Психологтардың айтуынша, тән дертінен гөрі жан күйзелісі адамның жанына қаттырақ батады. Ұзақ уақыт төсек тартып, хал үстінде жатқан адам өткен өміріндегі өкінішті тұстарын көп ойлап, өзін-өзі іштей жейтіні белгілі. Медбике Бронни Вэр сондай адамдардың өмірінің соңында ашылып айтқан әңгімелерінен пайдалы сабақ алу үшін жазып алып отырыпты.

– Ажалы таянған адамдардан «Қандай өкінішіңіз бар?» немесе «Өміріңізді өзгертіп, қайта бастағыңыз келе ме?» деген сұрақтарыма негізінен біркелкі жауаптар алдым, – дейді ол. – Төменде ажал аузындағы адамдардың басты бес өкініші:

1. Басқалардың айтуымен емес, өз-өзіме сенімді болып, өз қалауымша өмір сүруге батылым жетпегеніне өкінемін.

«Көп адам бұл туралы жиі айтады. Олар өмірі аяқталып қалғанын түсінген кезде артында қаншама іске аспаған ойлары мен арманы қалып бара жатқанын көреді. Жұрттың басым көпшілігі қысқа өмірінде игі ойларының тіпті жартысын да жүзеге асыра алмайды екен, тек ақырет күні таяғанда ғана соның бәрі өзінің шешімі бойынша болғанын түсінеді. Денсаулықтың қандай еркіндік беретіндігі туралы ешкім ойланбайды, тек одан айрылған кезде есі кіреді».

2. Тым көп жұмыс істегенім өкінішті.

«Мен бұл сөзді өзім қарап-күткен барлық дерлік ер адамдардан естідім. Олар балаларының қалай өсіп кеткенін байқамай қалған, әйелімен уақытты аз өткізген. Әйелдер де бұл туралы жиі айтып, өкінеді. Мен күтім жасаған ер адамдардың бәрі өмірінің көп бөлігін жұмыста өткізгеніне өкінеді».

3. Өз сезімімді ашық айтуға батылым жетпегеніне өкінемін.

«Көп адам айналасындағылармен жақсы қатынасын сақтау үшін ойларын ішке бүгіп өтеді. Соның салдарынан өзін шектеумен өмір сүреді, өз ойындағыдай бола алмайды. Сөйтіп, сарыуайымнан, қанағаттанбаудан ауру табады» (Мадонна: «Көп адам нені қалайтынын айтуға қорқады. Сондықтан да сол қалағанына қолын жеткізе алмайды» — мәтінге қосымша. Б.А.).

4. Достарыммен аз араласқаным өкінішті.

«Көп адам нағыз достарының қадірін төсек тартып немесе олардан мүлде айырылып қалғанда біледі. Өмірдің ұсақ-түйек проблемаларымен жүріп, ең жақын достарымен қарым-қатынасын үзіп алады. Адам өлер алдында жақын достарын қатты сағынып, іздейді».

5. Өзіме бақытты болуға жол бермегенім өкінішті.

«Қызық, бірақ көп адам осы жағынан қатты өкінеді. Көбі «Бақыт» деген – таңдау мәселесі» екенін өмірінің соңына дейін түсінбей өтеді екен. Олар өмір бойы қоғамында қалыптасқан әдет-салтты ұстануға мәжбүр болады. Өмірдегі ықтимал өзгерістер олардың көңіліне қорқыныш туғызып, соның кесірінен өзгенің де, өзінің де алдында осы өміріне риза сияқты болып көрінуге итермелейді» деп жазады автор.

(Интернет материалынан өңделіп алынды)

Батырболат Айт-Болатұлы

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс