ҚАЗАНҒАП БИ САТЫБАЛДЫҰЛЫ (1771-1856)

ҚАЗАНҒАП БИ САТЫБАЛДЫҰЛЫ (1771-1856)

675
6 мин
ҚАЗАНҒАП БИ САТЫБАЛДЫҰЛЫ  (1771-1856)

XIX ғасырдың бірінші жартысында Арқа өңіріне кең танылған ірі саяси қайраткерлердің бірі Қазанғап Сатыбалдыұлы.

Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856 жж.) қазақтың атақты батыры бәсентиін Малайсарының үзеңгілес досы Байдаулет батырдың шөбересі (кейбір деректер бойынша – немересі), бәсентиін елінің төбе биі, болған адам. 1843-1848 жылдар аралығында Қазанғап би Баянауыл округінің аға сұлтаны болған.

1820 жылдары Орта жүз қазақтарының жерінде алғашқы округтер құрыла бастағанда Қазанғап Сатыбалдыұлы дербес Баянауыл округін құру үшін көп еңбек сіңіреді. Аға сұлтан қызметін атқарып жүргенінде жергілікті Омбы әкімшілігінің алдында қазақтардың қамын жеп, мүддесін қорғаған. Мысалы, бәсентиіндер казак әскерлерінің үлесіндегі жерге мал жіберіп, 29 мың сотық жердің шөбінезиян келтіргендіктен казак әскерінің Коряковский, Выдрин сияқты өкілдері қазақтардан айып шығынын толық төлеуді талап еткен.Осындай жағдайда аға сұлтан Қазанғап Омбыға барып,

қазақтарды көп айып төлеуден құтқарған екен. Патша өкіметіне де билік басында екі жаққа да жағымды, ымырашыл, қоғамдағы беделі жоғары адамның болғаны қолайлы. Орыс деректемелеріндеҚазанғап Сатыбалдыұлының болмысын айқындайтын «парасатты, адал, шыншыл азамат» деген мәліметтер кездеседі. Мысалы, Абайдың әкесі, 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған.

Қазанғап бидің мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысқан ірі кәсіпкер халыққа жанашыр, демеуші болғанын тарихи деректер айғақтайды. Мысалы, Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843 жылы дуанбасы болған соң қызметін дуанға мешіт салдырудан бастаған. Оған молда ретінде татар Ғабдулғафар есімді азаматты тағайындаған. Осы молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін Қазанғап қолынан ұстап, сауда-саттығын жүргізетін көмекші еткен. Ол қамқоршысының тапсырмасы бойынша бүкіл Сібірді, Ірбіт, басқа да ірі жәрмеңкелерді аралап, сауда-саттық жүргізген.

Шежіреге келер болсақ, Қазанғап Сатыбалдыұлы қазақтың атақты батыры Бәсентиін Малайсарының үзеңгілес досы Байдәулет батырдың шөбересі (кейбір деректер бойынша – немересі). Бұл тектілік жалғасын тауып, 1843-1848 жылдар аралығында Қазанғап би Баянауыл округінің аға сұлтаны болған. Баянауыл-Ертіс өңірін үлкен абыроймен билеп, халыққа пана болған Қазекең патшалық Ресей жүргізген отаршылдық саясаттың дауылына, рушылдық пен күншілдіктің өкпек желіне қайыспаған Арқаның бір бәйтерегі іспетті кісі болған. Оны атақты Шөже ақыннын Ертіс бойындағы Бәсентиіндерді аралап жүріп шығарған мына өлеңінен де байқауға болады.

«Тұсында Керекудің Апай, Бөрі,

Жақсының күнде жиын жүрген жері.

Жол бермей азулыға қарсы тұрған.

Қазекең өткен екен кемеңгері».

Халық арасында сақталған аңызда Қазанғап өткір тілді, шындықты тура айтатын шешен адам болған дейді. Сондықтан бұл жөнінде: «Шоң би сөйлегенде, қара арғымақты суға батырады, ал Қазанғап сөйлесе, сол арғымақты судан алып шығады» дейді екен. Мысалы, Абайдың әкесі, 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған. Құнанбай Бөжеймен арыздасып (қағаздасып), Бөжейдің арызы бойынша, Омбыға шақырылып, жолда Қазанғапқа сәлем бере кетейін деп келсе, палау бастырып, шай береді. Жолдан қарны ашып келген Құнанбай ас иесінен бұрын палауды асап жібереді де, бұл ісінің ерсілігін біліп: - Қазеке, алыңыз, - дейді. Сонда Қазанғап: - Соқыр қаздай қақшиып қағып салдың, ендігі иба-әдебің өзіңе. Осы қалыпта қақшиып алып, қаға бер. Бұйырғаны бізге де жетер, - деп әзілдепті. Құнанбай бұл сөзді көңіліне алып өкпелеп, ертең аттанбақ болады. Бірақ күн тұман екен. Қазекең: - Жат, екі-үш күн тынық, - деп жабысса, Құнанбай болмапты. Сонда Қазанғап: Тұман түбі - жұт, Тұмау түбі - құрт, Закон түбі - сот, Соттың түбі - шорт. Бөжеймен айтыспа, араздаспа; жеңсең, өзіңді жеңесің; жеңілсең, өн-бойыңа мін-қарғыс таңба болады, - деп, ағалық ақылын айтқан екен. Құнанбайдың ісі Омбыдағы Шекаралық бас басқармада қаралып, ол аға сұлтандықтан босатылады. Бұл оқиға 1852 жылы қараша айында болған. Омбыда бірер ай жатып, өзін ақтау жолын іздестірсе де ісі сәтсіздікке ұшырайды. Үміті кесілген Құнанбай еліне оралады. Қайтар жолда Қазанғаптың үйіне тоқтап, бастан кешіргендерін баяндайды. Сонда Қазанғап: Бөжей менен Құнанбай, Жүйріктігің құландай, Шұбарлығың жыландай, Ағайынмен ұстасып, Омбыда жаттың бірталай. Жеңемін деп жеңе алмай, Не бетіңмен келесің, Ел-жұртыңнан ұялмай, - деп қағытады. Әрине, Құнекең де қара сөзге жаяу емес, жауап қатысады. Бұл екі замандастың әрдайым бірін-бірі қолдап, ел игілігі жолында қорғасып жүргенін аңғартады.

Қазанғап би қазіргі Павлодар облысының Ленин кентінде медресе салғызып қазақ жастарының білім алуына қолғабыс тигізген екен. 1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызып, мәрмәрдан ескерткіш орнатқан. Кеңес өкіметі кезінде Қазанғап кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған.

Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар қаласындағы Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап мешіт салғызған.

Баянауыл тауларында «Қазанғаптың асуы», Баянауылға кіреберісте Төлеу бұлағының жағалауында «Қазанғаптың қоралары» атты жерлер бар.

Қазанғап бидің жерленген жері қазіргі Ақсу ауданы Қанаш Қамзин атындағы шаруашылыққа қарасты Балықшы ауылының жанындағы үлкен қорымда орналасқан.

2008 жылы қазан айының басында Ақсу ауданы Жолқұдық ауылында Қазанғап би Сатыбалдыұлының ескерткіші орнатылды.

 

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс