АЙТЫС – ҰЛТТЫҢ ӨНЕРІ

АЙТЫС – ҰЛТТЫҢ ӨНЕРІ

655
3 мин
АЙТЫС – ҰЛТТЫҢ ӨНЕРІ

Айтыс – қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ең бір ерекше әрі көркем жанр. Айтыс өнері тарихы – қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің бірегей түрі. Суырыпсалма ақындардың жұрт алдында сөз жарыстыруы, өнермен, тапқырлықпен, біліммен, ақылмен сайысқа түсуі. Бұл өнер ғасырлар бойы қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алып келеді. 

Айтыстың бастауын түрік дәуірінен, ертедегі жыраулар мен шешендер сөзінен іздеуге болады. Ауызша поэзияның ежелгі түрлерінің бірі ретінде айтыс түрік халықтарына да кең тарағанын білеміз. Тарихы сонау ерте заманнан бастау алады. Сан ғасыр бойы жинақталған айтыс өнерінің үлгілерін қазақ халқы атадан балаға мұра етіп, біздің заманымызға жеткізген.

Айтыс тек өнер ғана емес, ол – халықтың рухани қуаты, тілі мен дінінің сақталуына үлкен үлес қосқан мәдени феномен. Айтыс арқылы ұрпақ ұлттық құндылықтарды, шешендік сөздерді, қазақы болмысты бойына сіңіреді.

Бұл өнердің басты ерекшелігі – екі ақынның кезектесе отырып, белгілі бір тақырыпта сөз сайысына түсуі. Осы өнер арқылы ақындар тек қана өлең шығарып қоймайды, сонымен бірге әлеуметтік мәселені көтеріп, халықтың көңіл күйін, заманның тынысын сипаттайды. Айтыс – әрі сын, әрі тәрбие құралы. Ақындар ел ішіндегі, әділетсіздікті, кемшіліктерді айтып отырған. Бұрынғы заманда батырлар мен билердің, ел ішіндегі даулардың, тіпті соғыстың тағдырын шешкен айтыстар да болған. Мысалы, Біржан мен Сара, Жамбыл мен Құлмамбеттің, Шөже мен Кемпірбайдың айтысы – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген інжу-маржан.

Қазақ тарихында аты аңызға айналған айтыскерлер көп. Соның ішінде Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Сара Тастанбекқызы, Орынбай, Бақтыбай сияқты тұлғалардың орны ерекше. 
Қазір айтыс жаңа бағытта дамып, теледидар, интернет желісі арқылы халықпен қайта қауышып отыр. Мемлекет басшылары тарапынан қолдау тауып, ақындар айтысы мәдени шаралардың ажырамас бөлігіне айналды.

Бұдан шығатын қорытынды: айтыс – ұлттың жаны. Оны сақтау, дамыту, баршамыздың парызымыз деп білемін. Себебі бұл өнер түрі халқымыздың даналығы мен даралығын дәлелдейтін баға жетпес қазына болып қала береді. Қазақ халқы үшін айтыс өнері дала демократия­сының ерен үлгісі деп айтуымызға толық құқығымыз бар. Айтыс өнері сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, тілін, наным-сенімін, дүниетанымын, тарихын, мәдениетін, жалпы болмысын танытатын кең ауқымды өнер екені айтпаса да түсінікті. Оны дәріптеу – халқымыздың рухани мұрасын сақ­таудың бір жолы.

Айдана ДОСЖАНОВА 


  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс