Сөзден сөз шығады, ойды ой түртеді ғой. "Клиповое мышление" дегенді жазған кезде бір мәселе туралы айтқым кеп кетті.
Жалпы ұққаным, қазіргі жастарда, тек жастарда емес, қазіргі заманның барлық адамдарында өздері қаласа да, қаламаса да, мойындаса да, мойындамаса да "клиптік ойлау жүйесі" қалыптасқан. Ол не? Ол: әлеуметтік желідегі қысқа да нұсқа, басы жоқ, аяғы жоқ контентке миларының үйреніп қалғаны.
Өздеріңіз білесіздер, әдет деген дүние ұзақ жылдар бойы там-тұмдап қалыптасады. Адам оны сезбейді. Сезбеген соң, мойындамайды. "Мен ондай емеспін" дейді. Бірақ, ми да, адам да өзін алдай береді. Өйткені, 10-даған жылдар бойы, Құдайдың құтты күні, жылына 365 күн, айына 30 күн, аптасына 7 күн, күніне 24 сағат ютуб, инстаграм, тикток, уатсапта отырған адамдарда клип түсінік өздігінен қалыптасады.
Нәтижесінде?
Нәтижесінде, осы күнгі адамдар қандай да бір салада маман болу деген ол 30 секундта біліп алу, 30 минутта сертификат алу, 30 мың теңгеге эксперт болатын курс сатып алу деген сияқты жалған түсінікті қалыптастырып алған. Бұл - шыдамсыздыққа, сабырсыздыққа, дәл қазір, осы жерде, бүгін меңгеріп алып, ертең бастап кетуім керек деген түсінікке жетелейді. [Шағын ғана ескерту, олай болады. Егер сіз монстр болсаңыз. Бір сағатта 500 беттік бір кітапты жұтатын, кез-келген саланы тез меңгеретін ерекше адам болсаңыз. Ал қатардағы Мырқымбай үшін, бұл - мүмкін емес].
Сонымен не істеу керек?
1) Оқудың инемен құдық қазғандай екенін қайтадан еске түсіру керек. Оқисың, оқисың, тағы да оқисың. Тоқтамай оқисың. Өлесің, сол кезде оқуды тоқтатасың.
2) Көз алдыңызға 110 қабаттық Нью-Йорктің Манхэттеніндегі бір алып үйді елестетіңіз. Сіз университет бітірдіңіз деген сөз, сол көп қабатты үйдің тек сыртқы есігін ашып, баспалдағын аттадыңыз деген сөз. Бірнәрсені үйренгенде, уақыт керек. Сіз 110 қабаттың төбесіне ұшып баратын өрмекші адам емессіз. Уақыт керек.
3) Тәжірибе керек. Сіз Манхэттенге алғаш барғанда басыңыз айналады. Бұл не, ол қайда, кіретін есігі қайда, шығатын есігі қайда, пракингі қайда, миың шыр айналады. Әркімге бір жалтақтап қарайсың. Барлығы өзіне сенімді, жолын біледі, шауып барады, тек сіз ғана адасып жүресіз. Бірақ 4-ші, 5-ші барғанда өзіңді еркін сезіне бастайсың. Тәжірибе деген осы. Сондықтан, бірнәрсені білмеу норма, алайда соны білмекке ұмтылуды тоқтатпау керек.
4) Осы жерде қызық басталады. Егер сіз Қазақстанда жүрсеңіз, 110 қабатқа баспалдақпен көтерілгендей боласыз. Шаршайсыз, ерінесіз, қиын. Өйткені, ментор жоқ, дені дұрыс орта жоқ, тәжірибесіз де қабылдай салатын ІТ компаниялар жоқ. Барлығы дереу экспертті жұмысқа алғысы келеді, қазақша жеткілікті ақпарат жоқ, анау жоқ, мынау жоқ. Ал АҚШ сияқты дамыған елдерде оқысаңыз, онда 110-шы қабатқа лифтпен көтерілгендей боласыз. Бұл - баспалдақпен көтерілген адамның ақымақтығын, топастығын білдірмейді. Ол лифтпен кетіп бара жатқан адамнан мың есе ақылды болуы да мүмкін. Алайда, ақылды адамдар ақылды құралдарды қолданады. Сол ақылы құрал-лифт - ағылшын тілін үйрену, жасанды интеллекті меңгеру, тез оқуды, көп оқуды, тоқтамауды, жылдамдықты үйрену.
Неге?
Өйткені, лифт сені 110-шы қабатқа тек қана тез көтеріп қоймайды. Сонымен бірге, барған жерің қате болса, тез кері қайтуға және дұрыс жерге қайта тез баруға көмектеседі. Ал баспалдақпен өліп-талып 110-шы қабатқа жеткен адам, барған жері қате болса, кері қайтудың азабы мен басқа дұрыс баратын жеріне тағы баспалдақпен көтеріліп жүрудің машақатына шыдамай күйіп кетеді.
Қысқасы, "бірдеңе үйренемін" деген адам өзіне кемінде 1 жыл, ал жалпы 3 жыл уақыт беру керек. Тоқтамастан 1 жыл, айына 30 күн, аптасына 7 күн, күніне 24 сағат бір нәрсемен шұғылданбаған, айналыспаған, оқымаған адамға "Бүйт-сөйт" деп ақыл айту қиын. Өйткені, ұқпайды. Себебі, дәл солай жасаған адамда, әдетте, сұрақ болмайды. Өзі түсіне бастайды. Жолдар көріне бастайды. Тұман сейіле бастайды. Бұлт ашыла бастайды. Миына бірдеңе кіре бастайды. "Аха" моменттер басталады.
Сондықтан да 4 жыл университетте оқып, түк ұқпай шыққан адамды, мен ұқпаймын. Университет жүз жерден жаман, оқытушылар сауатсыз, оқу бағдарламасы нашар болса да ол студенттің 4 жыл уақыты, қолындағы соткасы, тегін интернеті, дәл қазіргі әлем ұсынып тұрған мың-миллион мүмкіндікті одан ешкім алып кетпеді. Бірақ, ол адам 4 жыл ТикТок тоқтамастан қарады...
Сосын, жұмыс жоқ дейді...
Тимур Бектұр @timurbektur