АТА-АНА — ҰЛЫ НЫҒМЕТ

АТА-АНА — ҰЛЫ НЫҒМЕТ

180
5 мин
АТА-АНА — ҰЛЫ НЫҒМЕТ

Ата-ананы құрметтеу — адамдықтың белгісі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрі имандылықтың көрінісі.

Адам өміріндегі ең қымбат жандардың бірі — ата-ана. Бізді дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген, түн ұйқысын төрт бөліп, бар ғұмырын ұрпағының болашағына арнаған ата-ананың еңбегін ешбір дүниемен өлшеу мүмкін емес. Алайда адам баласы кейде күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп, өзіне өмір сыйлаған жандардың қадірін дер кезінде бағалай алмай жатады.

Ислам дінінде ата-ананың орны ерекше. Қасиетті Құранда Алла Тағала Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырғаннан кейін бірден ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Бұл — ата-ана ақысының қаншалықты ұлы екенін көрсететін маңызды қағида.

Алла Тағала «Исра» сүресінің 23-аятында:

«Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-анаға жақсылық жасауларыңды бұйырды. Егер олардың біреуі немесе екеуі де сенің жаныңда қарттық жасына жетсе, оларға тіпті “Түһ!” деп те айтпа, оларға зекіме және оларға көркем сөз сөйле!» — дейді.

Осы аяттың өзінен-ақ ата-анаға құрмет көрсетудің жай ғана әдеп мәселесі емес, мұсылманның діни әрі адамгершілік міндеті екенін аңғаруға болады.

Қартайған ата-анаға қамқорлық — перзенттік парыз

Ата-ана баласын кішкентай кезінен мәпелеп өсіреді. Бала тәй-тәй басқанда қолынан жетектейді, ауырса жанынан табылады, қиналса демеу болады. Перзентінің болашағы үшін өзінің жайлылығын кейінге ысырып, бар күш-жігерін жұмсайды.

Ал уақыт өте келе өмірдің заңы өзгермейді: бала өседі, ата-ана қартаяды. Кезінде бізді қолымыздан жетектеген жандардың өздері бір күні көмекке мұқтаж болады. Бұрын өздігінен атқарған істеріне шамасы келмей, күнделікті тіршілікте баласының қолдауына зәру болуы мүмкін.

Міне, осы тұста перзенттің адамгершілігі сыналады.

Қартайған ата-ананың бір сөзді қайталай беруіне, баяу қимылдауына немесе бұрынғыдай ширақ болмауына түсіністікпен қарау қажет. Олардың әрбір әрекетіне шыдамсыздық танытып, қабақ шыту немесе ауыр сөз айту — ата-ананың көңіліне жара салатын қылық.

Құранда ата-анаға дөрекі сөйлеуге ғана емес, тіпті ренішті білдіретін «түһ» деген сөзді айтуға да тыйым салынған. Демек, ата-ананы құрметтеу олардың көңілін қалдырмаудан, жылы сөйлеуден және сабыр танытудан басталады.

Ата-анаға жақсылық жасау тек материалдық көмекпен өлшенбейді

Кейде ата-анаға қамқорлық жасау дегенді қаржылай көмектесу немесе қажетті заттарын алып беру деп түсінеміз. Алайда ата-ананың көңіліне қуаныш сыйлайтын нәрсе әрдайым материалдық игілік бола бермейді.

Оларға баласының бір ауыз жылы сөзі, телефон арқылы хал-жағдайын сұрауы, қасына отырып әңгімелесуі немесе қолынан ұстап, көңілін табуы да үлкен қуаныш.

Қарт адамның көңіліне назар аудару, сырын тыңдау, дәрігерге апару, күнделікті шаруасына көмектесу — перзенттік қамқорлықтың нақты көріністері.

Алла Тағала «Исра» сүресінің 24-аятында:

«Оларға мейіріммен кішіпейілділік қанатыңды түсір де: “Раббым! Олар мені кішкентайымнан тәрбиелеп өсіргеніндей, Сен де оларды рақым ете гөр!” — деп айт», — дейді.

Бұл аят адамды ата-анасына мейіріммен қарауға, кішіпейіл болуға және олар үшін дұға етуге үндейді.

Ата-ананың разылығын алу үшін олардың барлық тілегін сөзсіз орындау ғана емес, шамамыз келгенше қамқорлық танытып, құрметін сақтап, көңілін қалдырмауға тырысуымыз керек.

Бала тәрбиесі отбасындағы өнегеден басталады

Ата-анаға құрмет көрсету — тек жеке адамның міндеті емес, келесі ұрпаққа үлгі болатын тәрбие мектебі.

Бала әке-шешесінің өз ата-анасына қалай қарайтынын көріп өседі. Егер ол үйінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілгенін көрсе, осы қасиеттерді бойына сіңіреді. Ал ата-анасының қарттарға дөрекі сөйлеп, оларды менсінбейтінін көрген бала да мұндай қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін.

Сондықтан ұрпағымыздың мейірімді, жауапты әрі адамгершілігі мол болып өсуін қаласақ, ең алдымен өзіміз үлгі болуымыз керек.

Ата-ананың қадірін білу туралы айтқанымызды ісімізбен дәлелдейік. Қарттарға құрмет көрсету, жалғызбасты адамдарға көмектесу, мұқтаж жандардың жағдайын сұрау — қоғамдағы ізгілікті нығайтатын амалдар.

Ата-ананың қадірін тірісінде білейік

Өмірдің уақытша екенін бәріміз білеміз. Бірақ кейде жақындарымыздың жанымызда мәңгі жүретіндей көрінетіні бар. Алайда уақыт ешкімді күтпейді. Бүгін қасымызда жүрген ата-анамыздың ертеңгі күні қандай боларын ешкім білмейді.

Сондықтан олардың қадірін көзіміз тірісінде білейік. Қолымыздан келгенше қызмет етіп, көңілдерін табуға тырысайық. Жылы сөзімізді аямастан, баталарын алайық.

Ата-анаға жақсылық жасау — өткенге деген құрмет қана емес, болашаққа деген жауапкершілік те. Өйткені мейірім мен қамқорлық көрген ұрпақтың өзі де айналасына мейіріммен қарайды.

Ата-ананың қарттығын ауыртпалық емес, сауапқа кенелудің мүмкіндігі деп қабылдайық. Олардың көңілін қалдырмай, қолымыздан келгенше қамқорлық көрсетейік. Ата-ананың қадірін олар өмірден өткен соң емес, тірі кезінде білейік!

Алла Тағала барша ата-анаға денсаулық, ұзақ ғұмыр, берекелі өмір нәсіп етсін! Перзенттеріне ата-анасының қадірін білуді, оларға ізгілік жасап, батасын алуды жазсын!

Алла баршамызды ата-анасына жақсылық жасайтын ізгі ұрпақтардан етсін! Әмин!

 

ОМАРОВ Нұрсейіт

Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс