АРЫЗДАСУ - АБАЙМЕН СҰХБАТ

АРЫЗДАСУ - АБАЙМЕН СҰХБАТ

697
5 мин
АРЫЗДАСУ - АБАЙМЕН СҰХБАТ

Төрт құбыласы түгел қоғам жоқ. Әрқайсысы әйтеуір бір дертті. Біз де одан ада емеспіз. Алдын алмаса, іштен ірітіп-шірітіп жіберетін де солар. Небір кемеңгерлер қоғамның кеселін егжеп-екшеп беріп те кетті. Ол тарихтан аян. Махатма Ганди марқұм қоғамның жеті індетін атап көрсетіпті деседі. Ол – мақсатсыз саясат, еңбексіз байлық, түйсіксіз рахатқа бату, қажырсыз білім, ар-ождансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз Аллаға құлшылық. Осындай ұлағатты оқып отырып, қалай қарап қалайық. Ұлы Абайға жүгіндік.

Қазақтың қас жауын Абай хакімнің санамалап бергенін түйсігімізмен таптық. Қазақтың қазіргі қалыбы, болмыс-бітімі өлең, қара сөзінде сайрап тұр. Әулие демеске шара жоқ. Көкірегімізге кептелген көп сауалға жауапты қара сөздері берді. Ғасырдан астам уақыт өтсе де, тап бүгінгінің сипатын көрсетіп тұрғандай сезілді. Данышпан айтқан кеселдерден әлі де құлан таза айыға қоймағанбыз ба, қалай? Ойымыз сан-саққа жүгірді. Қиялымызға қанат бітіп, көңілдің көк дөненін ауыздықтан айырдық. Ойша өрілген әңгімені қағазға түсірдік... Шап-шағын сұхбат шықты. Біз жауырды жаба тоқып, ашып айта алмай жүрген қоғамның ауруларын Абай атамыз айтады. Мұнда айтушы – Абай атамыз, біз емес. Оң-солын, дұрыс-бұрысын әркім өзі зерделер. Ақыл таразысына салып, тартып көрер. Ал біз тағы бір мәрте ақылдың кәусарынан сусындағандай болдық. Сонымен, сауал - біздікі, жауап - Абай Құнанбайұлыныкі.

- Қазақтың ішінен кімді жақсы көріп, кімді қадірлейсіз?

- Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым… …мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр… …Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алып, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып алып құрметтейін десең, әділет-ұят, ынсапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті…

- Кімді сүйіп, кімнің тілеуін тілейсіз?

- Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Әлбетте, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп… …жүрген шын момындарды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.

- Осы елдің үнем қылып жүргені немене?

- Екі нәрсе: әуелі-ұрлық, ұры – ұрлықпен мал табам деп жүр; мал иесі арылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар «алып беремін» деп даугерді жеп, «құтқарам» деп ұрыны жеп жүр… …Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса мен соған керек боламын деп…өзін біраз ғана азық қылайын деп жүр.

Ұлықтар: «Пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл екен», - деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп, басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр… …Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?..

- Тәнді жанға бас ұрғыза алдық па?

- Тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай бақылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық; еш нәрсеге көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің сыртын көргенде-ақ тойдық. Сыры қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз?

- Қазаққа не жетпейді, не керек?

- Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол...

«..Мендей ғаріп кез болса,

Мойын салсын ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса, сол алсын...» (Абай)

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс