АХАТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ӘКЕСІ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІНЕН ҮЗІНДІ

АХАТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ӘКЕСІ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІНЕН ҮЗІНДІ

419
2 мин
АХАТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ӘКЕСІ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІГІНЕН ҮЗІНДІ

Ашу-ызадан пайда шықпайтынын жақсы біле-тұра адамның тастай алмайтын себебі, ол әдет болып бойға сіңісіп қалуынан. Әдет те бір туыс. Бірақ, қайраты бар адам ондай жаман әдетті тастауына болады. Өз бойын тексере білген адам, кемшілігін түзеуі оңай. Менің сұрайтыным — бойыңдағы ызақорлық, ашуланшақ әдетіңді таста, балам!

Екінші, ойыңнан тастамай, ұғып, жүрегіңде сақтайтын тапсырмам, адам басына мынадай да уақыт кез келуі мүмкін: сен өмір сүру үшін біреуді өткелге салып өтетін де уақыт кез келер. Демек, бір адамды өзіңнің аман — тірі қалуыңды, не азаптан құтылуыңды ғана ойлап, соны ұстап беріп, соны жолыңа құрбан етуден сақтан! Бұлай өмір сүргенше, өлген артық. Ол адамшылықтың ісі емес, айуаншылықтың ісі.

Мұндай істі істеген адам — тек өз басының ғана қасиетін жойып қана қоймайды. Оны тәрбиелеген ата-анасының, да қасиетін кетіріп, оларға тіл тигізеді. Жаман қылық істеген адамға «Сені шошқа тәрбиелеп пе?!» — демей ме? Сонда кімді шошқаға теңегені болады?

Егер сондай қиыншылық келіп, біреуді өткелге салып өтетін күн туса, оған жолама! Біреуді құрбан етіп, тірі қалғанша, ақпен, адал ісіңмен өл! Егер өткелге кісі салып өтсең — тіріде өзім, өлсем аруағым ырза болмайды! Мұны саған айтып отырғаным — алдыңда осындай жағдай кез келуі мүмкін дегендіктен, адам атың жойылмасын дегендіктен. Менің ақтық тілегім осы!

 

Ахат ШӘКӘРІМҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс