ҚҰЛШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰНДЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АДАСУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

ҚҰЛШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰНДЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АДАСУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

525
6 мин
ҚҰЛШЫЛЫҚ ПЕН ҚҰНДЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АДАСУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мұсылман адам күніне бес рет, намазының әр рәкәғатында: «Я, Алла, адасудан сақта, тура жолыңнан айыра көрме!» деп жалбарынады. Өйткені адастырушы әзәзіл мен тәрбиеленбеген нәпсі бар, қызылды-жасылымен арбаған қу дүние бар – үш жақтан қысқанда: шатқаяқтамай көр! Тек жаратқан Жалғыз Иеңе жабысып қана аман қаласың: ар-иманыңа сүйеніп, аталар жолынан сабақ алып, ғибадатыңнан қуат алып, ақыл-парасатыңа тізгін беріп қана құтыласың…

Адасу – тура жолдан ауытқу, Ақиқаттан алыстау деген сөз. Адасудың басы – танымдағы қателіктен, дұрыс дүниені қате түсінуден және сол түсінігіңе жабысып, оны «пұт» жасаудан. Танымның пұт болуы – «толық біліп болдым, бұдан өзге шындық жоқ» деген ойға бекуден. Ақиқаттың қыры көп екенін түсіну, оған тек жақындау үрдісі (жолы) бар екенін ұғыну – «таным немесе ақыл пұтынан» құтқарады. Сол үшін де мұсылман баласы айтарын «Анығын Алла біледі» деп аяқтайды…

Адасудың қиыны – дін ішінде жүріп адасу. Қиын болатын себебі: көп адам: «иман келтіріп, құлшылық жасау – тура жол белгісі» деп нық сенеді (негізі өте дұрыс!), бірақ мән мен мақсат деген дүниеге ой жүгірте бермейді. Ал құлшылық-ғибадаттың ішкі мән-мазмұнын бағамдамау – сыртқы формаға шамадан тыс көңіл бөлуге, сонымен алдануға апарады. Бұл алданудың көрінісі: құлшылығыңмен тоқмейілсу, сауапты санмен өлшеу, артық ізденбеу, нәтижесінде ғылым-білімнен кенже қалу…

Адасудың үлкені – «Мен (біз) ғана тура жолдамыз, басқалар адасуда» деген ойға беку; 100 пайыз сенімді болу. Осы 100 пайыздық сенімді болу – басқалардың үстінен үкім айтуға алып келеді… Кез келген дүниені бірте-бірте, сол нәрсеге қатысты біліміміздің жетілуіне орай, жақсырақ біле түсетініміз сияқты, діни білім де толығады, таным тереңдейді, тәжірибе дәлелдейді – осы үрдіс спиральды түрде қайталана береді; таным – шексіз. Сол үшін шындық – көп, Ақиқат – жалғыз әрі «Ақиқатқа жақындау бар»…

Иә, Кемелдік – кезең-кезеңімен келетін құбылыс. Ал Өмір – өзгеріс, үдеріс. Адасу мен жаңылу, қателік пен күнә – Сапар барысында, Жол бойында болмай қоймайтын дүние. Өйткені өмір – бұлтарысы мен бұралаңы мол алаң. Сол үшін аталарымыз «Адам болсаң – адаспай көр!» деп кеткен.

Бірақ «Адасқанның айыбы жоқ – айналып қазығын тапқан соң»: қазықты (шариғатты) қайта табу қажет. Қателігінде қарысып, жаңылғанына жабысып алу – надандық. Сүрінгенінен сабақ алу, шоқты қайта баспау – тазарудың, Тура жолға қайтудың шарты. Бұны дінімізде «Тәубеге келу» дейді. Адасудың мән-мағынасы – осы. Алла Тағаланың адастырудағы мақсаты да – осы…

Адаспаудың шарты – ар-иманға, ақылға сүйену; ең төте жолы – шын ниетпен жасалған Дұға. Яғни ақылыңа сене тұрып, оның шектеулі екенін мойындайсың; «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» екенін байыптайсың; сөйтіп Мінсіз Иеңе жалбарыну, көрсеткен Жолына жармасу, сол арқылы Мейіріміне бөлену – ең дұрыс Жол екенін түсінесің! Сол үшін әр намазда «Фатиха»…

Негізі Дін – құлшылықтардың жиынтығы емес, сол құлшылықтар көздеген құндылықтардың жиыны. Яғни ғибадаттар – діннің тәні болса, құндылықтар – діннің жаны. Махаббатпен жаратқан Иеңнің мейірімі мен әділдігіне, құдіреті мен даналығына деген Сенім мен Тақуалық, Шүкірлік пен Тәуекел – ИМАН КЕЛТІРУдің мән-мазмұны; Құдайыңмен байланысты сезіну мен жүрек тыныштығы – НАМАЗдың, нәпсіңе ие болу мен сабыр – ОРАЗАның, қарапайымдылық пен кішіпейілділік – ҚАЖЫЛЫҚтың, жомарттық пен кеңдік – ЗЕКЕТ, САДАҚАның мән-мазмұны! Міне, шариғатымыздағы барша құлшылық-ғибадаттың көздеген құндылықтары да осы іспетті. Осы құндылықтар бойға қасиет болып сіңгенде мұсылмандық кемеліне келеді, Тұлға қалыптасады. Бұл жайлы Абай хәкім былай дейді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және Хақ жолы осы деп Әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ – Хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс…

Мұсылман адам тақлиди иманнан яқини иманға өту үшін өзіне «Не үшін? Не мәні бар?» деген сұрақты көп қоюы керек. Тіпті намаздағы әрбір сөзімізге, асыл дінімізде айтылған әрбір үкімнің астар-мәніне, сосын жалпы дініміздің мақсаты мен мұратына ой жүгіртуіміз керек, ойланып-толғануымыз керек. Сонда ғана Хақ діннің өзегін танып, өзгермес құндылықтарын, қапысыз қасиетін бойымызға сіңіреміз.

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс