Жолаушы жолаулай келе бейтаныс елдің храмына кіріп, құлшылық жасамақ болды. Құлшылығын жасап болған соң сондағы бір жерге қисайып жатып дем алмақ болып еді, ұйықтап кетті.
Көп ұзамай оны сол храмның күзетшісі келіп жұлқылап оятып: “Неге сен аяғыңды бұлай қарай созып жатасың, онда біздің Құдай бар!”-деді.
Жолаушы оған қарап, жұмсақ түрде:
“Жолаушы едім, еліңіздің салттарын жақсы білмеймін, кешіріңіз. Рұқсат болса маған Құдайларыңыздың жоқ жағын көрсетіңізші, аяғымды солай қарай созып жатайын,”-деді.
Ибн Араби құдайға жету жөнінде
Біреу Құдайды Күнде деп ойлап күнге қарап шоқынатын болса, ол күннен Құдайды көріп тұрады, ал кім Құдайды басқа бір тірі жаратылыста деп есептесе, сол тірі жаратылыста Құдайды көріп тұрады, ал кім жансыз затта деп ойласа, ол үшін сол жансыз зат бойында Құдай болғаны. Сол арқылы салыстыруға келмейтін, шексіз, шетсіз Болмысты көріп тұрады. Сондықтан бір дінге тереңдеп кіріп кетуші болма, әйтпесе қалған жаратылыстың бәрін жоққа шығарасың. Сөйтіп өзіңе тиесілі ризықтың бәрінен айрыласың, сол арқылы Хакқиқатқа жете алмай қаласың.
Құдай жоқ жер жоқ, Ол барлық жерде бар, ол ешқандай дінмен шектелмеген. Қайда бұрылсаң сонда Құдай бар.
Сопылық. Махаббат, Үйлесім, Сұлулық.
/ Sufis. Love, Harmony, Beautu аударған Жүрсін Кәрім