ШЕШІМІН ТАПҚАН ТҮЙТКІЛ

ШЕШІМІН ТАПҚАН ТҮЙТКІЛ

1
5 мин
ШЕШІМІН ТАПҚАН ТҮЙТКІЛ

«Қабірлерді зиярат етіңіздер, өйткені ол сіздерге ақыретті еске түсіреді».(Мұхаммед с.ғ.с)

Зират – бұл жай ғана топырақ бұйырған орын емес. Зират – бақилық болған аға буынның, әкелер мен аналардың, бабалардың мекені. Ол – фәни дүниенің аяқталып, ақыреттің басталар шегі, тірілер үшін тәубеге келіп, өмірдің қадірін ұғынатын, жүрекке иман мен сабыр ұялататын тағзымды орын.

Көңілдегі қаяу мен шешімін тапқан түйткіл

   Бұрын әр кез зиратқа бара жатқанда арқамнан суық тер шығып, іштей қатты қысылатын едім... Себебі, біздің Майқайыңның мұсылман зиратының дәл қатарында ауылдың қоқыс полигоны орналасқан болатын. Жылда көктемде ауыл халқымен бірге барып жинасақ та, полигон жылдан-жылға далиып үлкейіп, тіпті зиратқа баратын жолға дейін жетті. Әсіресе, марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салып, жерлегелі бара жатқанда сол тұсқа келгенде марқұмды қоқысқа тастауға келе жатқандай ауыр сезімде қалдырып, қатты қынжылатын еді.

Бұл түйткілді мәселе бойынша реніш білдірген тұрғындардың шағымы облыс басшыларына дейін жетті. Соның нәтижесінде облыс әкімінің орынбасары арнайы келіп, қоқысты зират жолынан алыстатуға Майқайыңдағы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Осы тапсырмадан соң «Майқайыңалтын» мекемесі қоқыстың орнын өзгертіп тасымалдай бастады. Бүгінгі күні бұрынғы орында бір ғана үйінді қалды. Және біздің ұсыныс-пікірімізді ескере отырып, «Майқайыңалтын» мекемесі қоқыс таситын көліктерге арнап басқа бағыттан жаңа жол салып берді. Осы үлкен шаруаны жақсы орындаған осы мекеме ұжымына, басшысы Набиев Даниял Болатұлына ыстық ықыласымызды білдіреміз.

Азаматтық жауапкершілік пен ортақ іс

Алайда, қаншама тазалық жасалып, жолдың бағыты өзгертілсе де, кейбір тұрғындар бұрынғы әдетімен тазартылған жерге қайтадан қоқыс төгуін қоймады. Сондай сәтте ауылдасымыз Ерік Түсіпов бауырымыз бұл жағдайға бейжай қарамады. Ол зират бағытындағы бұрынғы жолды экскаватормен 500 метрдей қазып, заңсыз қоқыс төгетін өткелді толық жауып тастады. Ал Қанат Бектемір бауырымыз тұрғындарға бағыт-бағдар беретін және тыйым салатын 4 арнайы жол белгісін жасатып орнатып берді.

Бұл игі іс мұнымен тоқтаған жоқ. Зиратқа баратын дала жолының жағдайын білетін   Түсіпов Рым ағамыздың баласы Ерік бауырымыз: «Өз күшіммен грейдер жол салып беремін», – деп техникаларын әкелді. Еріктің әкелген экскаватор, бульдозер, каток, жүк машиналары іске кірісті. Сауапты істен қолында арқалы көлігі бар ауылдастарымыз да құр қалмай, техникаларымен көмек жасады. Тағы біреулері жанармайларымен қол ұшын берді. Алдымен олар жолдың табанын нығайтып, дайындады. Одан кейін үстін яшма топырағымен (кремнийді топырақ) жауып, тегістеп, нәтижесінде 1,8 шақырымдық тегіс, жақсы жол салып берді. Осы бір үлкен де сауапты шаруаны басынан аяғына дейін ұйымдастырып, азаматтардың басын қосқан – ауыл азаматы Мейрам Қасенов. Мейрам бұл істі тек ұйымдастырып қана қойған жок, өзі де таңертеңнен кешкі сағат сегіз-тоғызға дейін каток тізгінінде отырып, жолды тегістеп, тыным таппай еңбек етті.

Қанат Бектемір бұл жолдың суағарларына арнайы құбырлар кесіп дайындап әкеліп орнатты.

Осы грейдер жолды салған кезде ауылымыздың көптеген жанашыр азаматтары бел шеше араласып, үлкен көмек көрсетті.

Экскаваторда: Бауыржан Шакиров;

Бульдозерде: Серікбол Қырқбай мен Әлібек;

Погрузчикте: Бауыржан, Бахтияр, Дүйсенбай;

Жүк көліктерімен: Асхат, Бейбіт, Бақтияр, Мұрат, Қазақстан, Әсет, Абай бауырларымыз. Бұл азаматтар шақырған сәтте өз шаруаларын тастай салып, жанымыздан табылып отырды.

ДСК мекемесінің техникасымен көмектескен Қанат Сағадиев, Геннадий, Жомарт сынды азаматтар көмегімен осы істің басы-қасында болды.

Жанармаймен көмек жасаған Қанат Бектемір, Мұрат Қабдырахманұлы, Дүйсенбай Базарбекұлы сынды азаматтарға да зор алғыс.

Тағы бір ерекше атап өтер сауапты іс – зиратқа келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында зираттың жанынан жаңа әжетхана жасалды. Бұл қажетті құрылысты өз қолдарымен тұрғызып, сауапты істі аяғына дейін жеткізген Тілеген Дөрбетхан, Сапарбек Құмарбек есімді бауырларымызға ерекше алғыс білдіреміз.

    Бүгін «Керегетас» кенішінің автогрейдері де жолды соңғы рет жүріп тегістеп, бұл маңызды шаруаны сәтті аяқтауға өз үлесін қосты. Осы кеніштің директоры Мағжан Зәруұлына да алғысымыз шексіз.

Тағы бір ерекше айта кетер жайт – осы Түсіпов Ерік бастаған азаматтар мұсылман зиратымен шектелмей, ауыл іргесінен 1,7 шақырым жерде орналасқан христиан зиратына баратын жолдың үстіне яшма топырағын төсеп тегістеп берді. Бұл, міне – біздің ауылдағы татулық пен сыйластықтың, адами қасиеттің жарқын үлгісі.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық. Елінің, туған жерінің, өткен аруақтардың зираттаының тазалығы үшін тер төккен барша азаматтарға, ауылдастарыма шын жүректен ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.

Ауылдың тазалығы мен имандылық келбеті – тек бірде-бір мекеменің немесе азаматтың емес, баршамыздың ортақ ісіміз. Өткенімізді қадірлей білейік, туған өлкемізді, аруақтар жатқан мекенді бірге таза ұстайық, ағайын!

1eff65dd-5617-41c3-bb26-b076b1fe52e1.jpeg

5e58d5df-fc2f-4f71-997b-c8fdbd99ad5d.jpeg

6b1a4fb2-70b3-4291-9d86-b6a7a827b5c9.jpeg

63c06343-51cc-4ee7-86ca-2642ab5da451.jpeg

99a8f37d-2077-4558-a657-6a64815aea77.jpeg

860c36b8-1409-4b1f-8f9f-1b41ea5f735c.jpeg

2535a61a-4313-4507-9ec9-b5cf01ac07eb.jpeg

60344ca2-5803-4783-bd68-5e494e66b8dc.jpeg

73248091-482f-4854-ae16-39f1f62c96e1.jpeg

d17e42c5-86a0-46a5-9037-17a28eb83b82.jpeg

Құрметпен

Майқайың мешітінің имамы Б.Солдатұлы

22.10.2026

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс