ЖЕТІМ

ЖЕТІМ

1
6 мин
ЖЕТІМ

"Жетім көрсең жебей жүр" деген мақалды бәріміз де білеміз. Дұрысы - естігенбіз. Ал білетініміз: жетімге аяушылық таныту, егер мүмкіндік болса, қолғабыс жасау, садақа беру, басынан сипау... Осылай жалғастыра беруге болады. Демек біз жетімді әке-шешесінен айырылған жасөспірім балалар деп түсінеміз. Соған орай бақуатты діндәрлар жетімханаларға да қаржылай көмек көрсетіп жатады. Зекет, құрбандық малдардан да жетімдердің үлесі бар. Сондықтан да аталарымыздан жеткен тағы бір мақалда:

"Жетімнің ризығы — жұрттан", - делінеді.

Алайда санамалай берсек, жетімнің түрі көп. Сол көп жетімдердің кімдер екенін де біздің ата-бабаларымыз ұрпағына қалдырған мақал-мәтелдері арқылы айтып қойған. Мәселен:

"Әйелі жоқ үй – жетім".

Сондай-ақ:

"Бағбан өлсе бақ жетім,

Құлан кетсе қақ жетім".

Сонымен қатар:

"Құс қонбаған көл жетім,

Ел қонбаған жер жетім".

Кейде:

"Қатарынан қалған кәрі жетім, - деп те қоямыз. "Басшысы жоқ ел жетім,

Балығы жоқ көл жетім, - деген де мақал бар. Осылайша жеті жетімді Мәшhүр атамыз да санамалаған екен. Келтіре кетейік:

"Барады ғұмыр өтіп күн-күн санап,

Жолында ғылым-Сарыф еттім талап.

Дегенді: "Жеті жетім" - өлең қылдым,

Құр бекер отырғанша босқа қарап.

Бір жерге мешітті қойса салып,

Жамағат оқымаса, оған барып.

Жалғанда сондай ғазиз босқа тұрса,

Дүниеде не болады онан ғаріп?!

Қайсы бір адамдарға дәулет бітсе,

Молайып төрт түлігі санға жетсе,

Не ішпей, не жұмсамай өз орнына,

Болады құр өкінген - қолдан кетсе!

Кездессе жақсы қатын жаман байға,

Жетпей ме өкініші өмір бойға?!

Долы қатын кездессе ақылды ерге,

Құдайым кез қылмасын осындайға!

Ішінде көп ғалымның, болса надан,

Пазлары ғұламалар түрлі адам.

Отырса сөзге түспей, аңырайып,

Жетімдік - не болады мұнан жаман?!

Ішінде көп наданның болса ғалым,

Бәрі де түк білмейтін болса залым.

Қой менен қасқыр жолдас болғанындай,

Не дейміз: "Жетім!"- демей оның халін?!

Бір үйде оқылмаса Құран - кітап,

О дағы жетімдікке болған хисап(есеп).

Жаранлар, сақтаныңдар осындайдан –

Күнәсы ауыр болад үтір-ғисап!".

Жалпы біз Жиренше шешен айтқан жетімдерді ептеп білеміз. Келтіре кетейік:

- Дүниеде не жетім?

- Жаңбыр жаумаған жер жетім, ата қонысынан ауған ел жетім, жарынан айырылған ер жетім.

Шал ақын да жетімді өзінше санаған екен. Ол кісі:

"Ат — жетім: өрен жүйрік шабылмаған, құс — жетім: саятшысы табылмаған, әйел — жетім: өзінің теңін тауып қосылмаған", - десе, Сырым Датұлы:

"Азамат жетім болмайды - халықтан болса панасы, халық жетім болмайды - басшы болса данасы, - дейді.

Қалай десек те Қорқыт атамыз айтпақшы:

"Ескі киімнің биті ащы,

Жетім баланың тілі ащы".

Сірә, "Жетім бала кекшіл" деген мақал соған орай айтылса керек. Жалпы:

"Ашаршылықты көп көрген

Өзі тоймай «мә» демес,

Жетімдікті көп көрген,

Үш шақыртпай «ә» демес", - дегендей, жетім бала қай кезде де ашқұрсақ жүреді. Соған орай аталарымыз:

"Жетімнің қарны — жетеу", - деген.

Енді бастапқы "Жетім көрсең жебей жүр" деген мақал мәніне қайта назар аударайық. Бұл мақалдағы негізгі мән "Жетім көрсең" деген сөзде тұр. Демек біздің жетімді көрмеуіміз де мүмкін екен дә. Біздің жетімді көре бермейтінімізді біз жоғарыда санамалаған жетімдерді бар деп білмейтінімізден де аңғаруға болады. Сондай бар деп білмейтін жетімнің бірі - жан. Ол жетімді жетімсіреткендердің жай-күйі Құран Кәрімнің "Мағұн" сүресінде былайша сипатталады:

"Аса қамқор,ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.(Мұхаммед (ғ.с) сондай дінді өтіріксінгендерді көрдің бе? (1) Міне сол жетімді қақпайлағанды, (2) Міскінді тамақтандыруға қызықтырмайды.(3) Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! (4) Олар,намаздарын немқұрайлы оқиды(4-С.142-А.) (5) Олар,көрсету үшін оқиды. (6) Сондай-ақ олар тұтыну заттарына тыйым салады".

"Дінді өтіріксінгендер" - жанды бар деп білмейтін адамдар. Бар деп білмеген соң олар, әрине, жетімді (жанды) қақпайлайды. Міскінді (жанды, жетімді) азықсыз қалдырады. Себебі, оның материялды тұрғыда оқыған намазы оған азық ретінде жетпейді. Соған орай Құран аятында: "Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш", - делінеді.

Сөз соңын Мұқағали Мақатаевтың "Жетімдер үнімен" түйіндейік:

"Біздер - Жетімдерміз, Жетімдерміз.

Ақпанның,

Аяз қардың өтіндеміз.

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз.

Біздер - жетімдерміз!

Біздер - жетімдерміз!

Доп қылып жердің шарын өтудеміз.

Бостан-босқа өлмейміз,

Өкінбеңіз.

Жекірмеңіз,

Біздерге жекірмеңіз,

Жекірмеңіз!

Босағасын паналап талайлардың,

Талайлардың басынан секіргеміз.

Себебі, жетімдерміз!

Өкінбеңіз, біздерге жекірмеңіз.

Біздер - жетімдерміз!!!

Өмірге келу де егіз, кету де егіз.

Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.

Жалғанда өлім бар да - жетімдер бар

Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.

Біздер - жетімдерміз!

Ұрылар да емеспіз, қарылар да!

Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!

Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,

Қарғыс аяз біздерді қарығанда.

Жасамаймыз қиянат жаны барға.

Жаны бар жан, бірақ та табылар ма?

Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!

Біздер - жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз:

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргеміз".

Тіршілікте біреуін.біреу күндер,

Бізге жат - өлі кімдер,

Тірі кімдер...

Жиылып, Жер шарының жетімдері,

Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!

Құдияр БІЛӘЛ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс