ЖҮЛДЕЛІ ЖАРЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ШАРИҒАТ ҮКІМІ

ЖҮЛДЕЛІ ЖАРЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ШАРИҒАТ ҮКІМІ

267
5 мин
ЖҮЛДЕЛІ ЖАРЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ШАРИҒАТ ҮКІМІ

   بسمم الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!  

Жарыс дегеніміз – екі немесе одан да көп адамның (топтың) арасында қайрат-жігері, өнері, білімі, айла-тәсілі, шеберлігі, тәжірибесі арқылы бір-бірінен басым түсу арқылы сайысатын доданың бір түрі. Спорттық жарыстардың жекелей, командалық (көптеген спорт түрін қамтитын универсиада, спартакиада, олимпиада), сондай-ақ ат және түйе жарысы секілді бірнеше түрлері бар[1].

Жарыс түрлерінің кейбірі (ат және түйе, садақ ату, жүзу т.с.с.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында болған. Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бапталған және бапталмаған жылқыларды жарыстырғаны жайлы риуаяттар келген»[2].

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша (Алла ол кісіге разы болсын) анамызбен екі мәрте жүгіріп жарысқаны, екі жарыстың алғашқысында Айша анамыз, кейінгі жарыста Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) озғаны жайлы деректер бар[3].

 Жарыс жүлдесіз және жүлделі болып екіге бөлінеді:

 1) Жүлдесіз жарыс қатысушы кісінің қайрат-жігері, шеберлігі, күш-қуаты жағынан кімнің басым екенін анықтау мақсатында өтеді. Жарыстың бұл түрінде ешкім пайдаға кенелмейді, сәтсіздікке де ұшырамайды. Егер шариғаттың шеңберінен шықпаса, мұндай жарысты ұйымдастыруға рұқсат етіледі.

2) Жүлделі жарыста жеңіске жеткен адам немесе топ (команда) сыйлыққа ие болады. Егер құмар араласпаса және оған алып баратын жағдаяттар орын алмаса жарыстың бұл түріне де рұқсат етіледі. Бірақ мына шарттар орындалуы тиіс:

а) Шариғаттың негізіне қайшы келмеуі (құмар, әуреті ашық, адамның денсаулығына зияны тимеу, т.с.с.) тиіс.

ә) Жүлде жарысқа қатысушы екі тараптың бірінен немесе үшінші жақтан қойылуы керек. Мысалы, жарысқа түсіп жатқан екі адамның бірі екіншісіне: «сен жықсаң, жүлдені аласың, ал мен жықсам, сен ешнәрсе алмайсың» деп айтуы. Сол секілді жарысты үшінші тарап (кәсіпкер, мекеме т.с.с.) ұйымдастырып жүлде тіксе, оған қатысып сыйлықты ұтып алуға болады.

 3. Егер екі адам немесе екі команда жарысып, екеуі де жүлде қойса немесе көпшілік адам не бірнеше команда жарысқа қатысып, бәрі ақша тіксе, ұтқан адам тігілген жүлдені алатын болса, бұған шариғатымызда рұқсат етілмейді. Өйткені бұл анық құмарға жатады[4].

Алайда екі жақ қатысып, екеуі де жүлде тіксе, сондай-ақ бұл жарысқа басқа үшінші адам немесе көпшілік команда қатысып, тек қана бір команда жүлде тіксе және жеңген жағдайда сол жүлдені жүлде тікпеген тарап алса, жеңілген жағдайда ол ешнәрсе бермесе, шариғатта рұқсат. Дегенмен мұнда шынайы ойын болуы тиіс, яғни ол жеңетіндей мықты болуы керек. Сыйлыққа қосылмаған команда әлсіз болып, жай тізім үшін жазылып, жеңіле салса, оның қатысуы тек көрініс ретінде саналып, қатысуының еш құны болмайды. Мұндай жағдайда құмар қатарына кіреді[5].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім екі аттың арасына жарысқа үшінші атты кіргізсе, ол аттың озуы басым болса, бұл құмарға жатпайды. Ал кімде-кім екі аттың арасына жарысқа үшінші атты кіргізсе, оның озбайтыны анық болып тұрса, бұл құмар болады»[6], – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім екі аттың арасына жарысқа үшінші атты кіргізсе, ол аттың озуы басым болса, бұл құмарға жатпайды. Ал кімде-кім екі аттың арасына жарысқа үшінші атты кіргізсе, оның озбайтыны анық болып тұрса, бұл құмар болады»[7], – деген.    

   ҮКІМ:

1.  Шариғаттың негізіне қайшы келмейтін кез келген жарыс түріне рұқсат етіледі.

2.  Жүлделі жарыстар шариғатқа сай болуы үшін төмендегі шарттардың орындалуы талап етіледі:

а) Жүлде жарысушы тараптың бірінен немесе үшінші тараптан (кәсіпкер, мекеме, т.с.с.) қойылуы керек.

ә) Құмар араласпау қажет.

б) Жүлдеге қойылған сыйлық шариғатта рұқсат етілген нәрсе болуы тиіс.


[1]https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D0%B0%D1%80%D1%8B%D1%81.

[2] Имам Бухари және Имам Муслимде келген.

[3] Имам Ахмад және Әбу Дәудте келген.

[4] http://www.aliftaa.jo/Question.aspx?QuestionId=477#.XtT2xTozaUk.

[5] Әл-Муфассал фи әл-фиқһи әл-Ханафи, 180-182 беттер.

[6] Әбу Дәуід. [7] Әбу Дәуід.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=98

4
  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс