Адам баласы тамаққа, құмарлыққа, нәпсіге, ұйқыға, яғни кері тартар істерге тойымсыз болмай, керісінше, өзін-өзі тежей біліп, ынсапты болса, онда ол адам кемелдікке жетеді.
Алайда, адам баласына белгілі бір деңгейде тойымсыздық та керек екен.
Ойланып қарасақ, жақсылық жасауға,жанашырлық танытуға, білім алуға, ғылымға ұмтылуға, еңбек етуге деген тойымсыздық адамды алға жетелейді. Бірақ, бұл тұста да шектен шықпау маңызды. Яғни, бұл «ынсапты тойымсыздық» болуы тиіс.
Мұндайда қазақтың «Артық қылам деп, тыртық қылыпты» деген мақалын еске алмай қоймауға болмайды
Бүгінгі Қазақ елінің шекарасы құжат жүзінде, әлемдік картада нақты белгіленгенімен, қоғамдағы ынсап пен тойымсыздықтың арасындағы шекараны айқындай алмай отырғандаймыз.
Олай дейтін себебі, қазақ қоғамы көптеген салада кенже қалып қойып отырғанын бәріміз көріп біліп жүрміз. Көш жүре түзелер деген сөзді тұмақ қылып киіп алған сыңайлымыз.
Бізге не істемек керек?
Ұлттың іргетасы отбасы екені бәрімізге мәлім. Сол отбасы арқылы адами негізге сүйеніп, ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, ізгілікті ту етіп, ар- ожданды алға қойып, ынсап пен тойымсыздықтың шекарасын өзіміз айқындай білуіміз керек. Мен осыны түсіндім. Бұл менің жеке пікірім!
Жаманның жақсылығын тізбектеу - жағымпаздық.
Жақсының жамандығын тізбектеу - арсыздық!
Мұхит пен құрлықтың шекарасы - жағалау,
Жақсылық пен жамандықтың шекарасы - шындықты бағалау, ағайын!
Құрметпен, Нұркен АСАНОВ