УАҚЫП – ҮЗІЛМЕЙТІН САДАҚА

УАҚЫП – ҮЗІЛМЕЙТІН САДАҚА

483
6 мин
УАҚЫП – ҮЗІЛМЕЙТІН САДАҚА

Уақып дегеніміз үзілмейтін садақа. Ол жөнінде Алла Тағала:

«Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннатпен айырбастап алды...», - деп баяндаған. ("Тәубе" сүресі, 111-аят) Ал, Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын): «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: үзілмейтін садақа,пайдалы ғылым, артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ», - деп айтқан хадистен түсінеміз. (Муслим) Яғни, Ислам діні бұл өмірді мәңгілік өмірге дайындық мекені, ал болашақ өмірді – осы өмірдің жалғасы етіп, адамның тәні мен жаны, материалдық және рухани дүниесі арасына таңғажайып та, кемел тепе-теңдік орнатып, қоғамның тұрақты да, бақытты дамуына сенімді темірқазық бола алды.

Уақып-пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) cүннеті. Әсіресе жетпіс жыл діннен қол үзген біздің қоғам үшін - ұмытылған сүннеті. Ал, пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын): «Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса,онда оған жүз шәйіттің сауабы бар» (Байхақи,әл-Мунзири),

Уақыптың зекеттен айырмашылығы

- Уақып – ол зекет емес. Оның зекеттен айырмашылығы зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет амал.

- Зекетте нисап мөлшері бар. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ.

- Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді.

- Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал, уақыпта қаржыны айналымға салуға болады.

Уақыптың пайдасы мен хикметі:

- Дүние мүлкін Алла жолында уақып қылу Аллаға жақындатады. Мұсылман осы арқылы үлкен сауапқа ие болады және ол үшін бұдан асқан үлкен қайырлы іс болмайды.

- Уақып арқылы қайтыс болған мұсылманның сауабы үзілмей артынан барып тұрады. Негізінде бір мұсылман қайтыс болған кезде бүкіл іс әрекеттерінің сауабы үзіледі. Ал жасаған «уақып амалының» сауабы үзілмейді. Сол арқылы оның рухы қабірде нұрланатын болады. Қайтыс болған мұсылманның артынан салихалы ұрпағының дұғасы, пайдалы білімінің және қылған уақып амалының сауабы барып тұрады.

- Мал мүлкін уақып қылған мұсылман осы арқылы Аллаға құл болғандығын және Алланы сүйетіндігін білдіреді. Алланың махаббатына тек үлкен сауапты іс әрекеттер ғана жеткізеді.

- Уақып мұсылмандардың қажетіне асады және осы арқылы Ислам дінінің дамуына өз үлесін қосады.

Ілгеріде Түркияда уақып қызметкерлерінің бірі зекет жинау мақсатында малы зекетке толған бір бай фабрика иесіне барып,келген мақсатын айтса әлгі кісі мұны әртүрлі сылтау айтып қайтара беріпті. Уақып қызметкері тағы бір рет келгенде, фабрика қожайыны ашуланып тұрып:

«Берерім жоқ деп айттым ғой, не деген қайтпайтын адамсың!», - деп әлгі адамның бетіне түкіріп жіберіпті. Сонда әлгі адам ашуланғанның орнына бетіндегі түкірікті сүртіп: «Мынау – менің ақым, енді кедейдің ақысын бер», - дейді. Сонда фабрика иесі уақып қызметкерінің сабырлығы мен табандылығына тәнті болып,кешірім сұрап:

«Мына адамға енді есігіміз әрдайым ашық болады», - деген екен.

Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған.  Әкесінің бұл игі ісі жайында Хакім Абай:

Меккеде уақып үй салып,

Пәтер қып, жаққан шырақты.

Бір құдайдың жолына,

Малды аямай бұлапты, – деген.  

Сол себепті де уақыптың адамның жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен. Уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсінуіміз үшін, мына жайттарды білуіміз қажет.

   Бүгінгі таңда «Уақып» жайында таным түсінікті арттырудың қоғам өмірінде маңызды екендігін ұғынатын сәт. Уақып жасау сарқылмас сауаптың көзі. Қамшының сабындай жылт етіп өте шығар жарық дүниеде қолдан келген мүмкіндікті қалт жібермей, осы дүние мен ахирет бақытына жеткізетін сауабы мол игі істің орайын келтіре білу біздерге берілген ұлы мүмкіндік және Алланың үлкен сыйы. Ол дегеніміз – өзімізге ұнаған қайырлы істі өзгелер үшін де құп көру. Садақа амалы тек Алланың разылығына бөлену ниетімен жасалатындықтан және мұсылманның басты мұраты жұмақты қалайтындықтан әрбір ізгі амалдың астарында игі ниет жатады. Ал кімде-кім жаннатқа кірсе, онда мәңгі қалады.

Алла Тағала Құранда: «Оған (жұмаққа) бейбіт күйде кіріңдер. Міне, осы – мәңгілік күн» (Қаф сүресі 34-аят) және «Сонда оларға «Істеген ізгі істерің үшін мұраға алған жұмақтарың осы» делінген түрде табысталады» (Ағраф сүресі, 43 -аят) делінген. Сонымен қатар «Әли-Имран» сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» дейді. Ардақты пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң, ол жерді уақып ет те, одан түскен пайданы садақа етіп отыр» деп, уақыптың маңыздылығын білдіреді. Ислам арихында уақыптың ең алғашқы амалы осындай дәрежеде орындалған. Демек, екі дүниеде жемісі мол жетістікке қол жеткізуге, кемелдікке ұмтылуға жол көрсетілген.

Уақып амалының негізгі мақсаты – Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосу. Уақып қорына әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай демеу көрсетіп, қолда бар нығметтерді сауапты іске жұмсауға мүмкіндігі мол. Уақыпқа жұмсаған қаржыңыз қияметке дейін айналымда болып, сауабы сарқылмай иесіне барып тұрады. 

С.Сагинов, (Павлодар қаласы)

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс