Айтқан сөзде тұра білу, берген уәдеден айнымау – адамшылық шарты, мұсылмандық парыз, имани дәреже. Өйткені үкім осындай: «Ей, иман келтіргендер! Уәделеріңді орындаңдар!..» («Мәида» сүресі,1-аят.)
Хақ діннің қайнар бұлағынан қанып ішкен, айтқан сөзін – «ауыздың желі» деп емес, «көңілдің лебі» деп білген, «Сөзім – өзім» деп ұғынған данышпан бабаларымыз «Уәдесіз – Құдайға шет», «Уәде – Құдай Сөзі» деп түйіндепті танымын. Осылайша, уәде берудің – ойыншық емес, салмағы батпан жауапкершілік екенін айтқан арлы аталарымыз: берген уәдені орындамауды – «Алла Тағаладан алыстау, Ұлы Жаратушыдан жырақ қалу» деп шошынған. Ал, басты мақсаты – «мына сынақ өмірдің кедергілерінен абыроймен өту арқылы Раббысының разылығын табу, Мейірімді Иесіне жақындау» деп білетін исі мұсылманға одан артық қауіп те жоқ, қасірет те жоқ.
Уәдеде тұра алмау – өз сөзіңді, сол арқылы өзіңді сыйламаудың белгісі. Ал, өзін құрметтемеген адамның басқаларды қадірлеуі қиын. Оның үстіне: берген уәдесі – қара басының қамын күйттеген қулық пен пайда іздеген бақай есеп болғандықтан, өзіне ыңғайсыз жағдайға тап болса, кез-келген уәдесінен бас тартып кете беретін ондай пенделер адамдар арасында сенім мен құрметтен жұрдай болатыны – айтпаса да түсінікті. Ал, құрметсіздік – суықтықты, суықтық – немқұрайдылықты тудырады. Сондықтан уәдеге опасыздық – адамдар арасындағы сенімсіздік пен суықтықтың, одан арысы қоғамдағы берекесіздіктің басты себепкерлерінің бірі. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Уәде – қайтарылуға тиісті болған қарыз. Уәде беріп, кейін оны орындамағанға қандай өкініш! Уәде беріп, кейін оны орындамағанға қандай өкініш! Уәде беріп, кейін оны орындамағанға қандай өкініш!» (Табарони жеткізген) деп үш мәрте қайталап айтқан. Ал, мына хадис уәдесіздіктің кесапатының қаншалықты ауыр екенін анық ұғындырады: «Кімнің аманаты болмаса (яғни, аманатқа қиянат жасаса) – оның иманы жоқ, ал уәдесіне опасыздың – діні жоқ». (Ахмад жеткізген)
Мұсылман атаулының асқаралы арманы – Құдіретті де Мейірімді Иесінің Дидарын көре алатын мәңгілік мекен Жәннатқа жету. Ұшқыр қиялдың өзі ондағы дайындалған жақсылықтарды елестетуге әлсіздік танытатын Жұмаққа жету – Жаратушы Иеміздің әмірлерін Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) көрсеткендей, ғұламалар нұсқағандай орындау арқылы жүзеге асатыны анық. Ал, мына бір хадисте айтылған амалдарды орындау – Жәннатқа кірудің кепілдігі екені баяндалады: «Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен сендерге Жәннатқа кіруге кепілдік берейін:
Сөйлегенде шындықты айтыңдар!
Уәделеріңді орындаңдар!
Аманатқа қиянат жасамаңдар!
Ұятты жерлеріңді сақтаңдар!
Көздеріңді төмен салыңдар!
Қолдарыңды тыйыңдар!» (Ахмад жеткізген)
Хижраның 6-шы жылы ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) соңынан ерген сахабаларымен бірге қажылық жасау ниетімен Меккеге, қасиетті Қағбаға бет алғаны және құрайштықтардың оған қарсы болып, олардың жолын тосқаны; ақыры екеуара келіссөздердің нәтижесінде Худайбия келісімі жасалғаны белгілі. Бір қарағанда мұсылмандарды жасытқан, ал шындығына келгенде үлкен жеңіс болып табылған осы келісім бойынша: егер меккелік мүшріктер тарапынан біреулер мұсылмандарға қосылса, олар дереу қайтарылатын болып, ал егер мұсылмандардан біреу көпқұдайшыл мүшріктерге қашып баратын болса, онда қайтарылмайтын болып келісіледі. Тағдырдың жазуына қараңыз, келісім шарттары жазылып болған сәтте, құрайштықтар тарапынан келіп отырған Сухайл есімді кісінің мұсылмандықты қабылдаған баласы Әбу Жандәл қашып келіп мұсылмандарға қосылады. Оны көрген әкесі «Келіссөз бойынша алғашқы қайтарылатын адам – менің балам» деп, ұлының бетіне қолындағы таяғымен салып қалады. Мүшріктерден көп қорлық көрген, аяғындағы кісенімен қашып келген Әбу Жандалға жаны ашыған Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Сухайлдан баласының бұл келіссөзден тыс қалуын және оны өзіне беруін өтінеді. Бірақ қатыгез мүшрік бұл ұсыныстан бас тартып, келісімнің орындалуын талап етеді. Әбу Жандәл болса: «Мені қайтадан жауыздардың қолына тапсырмақшысыңдар ма?!» – деп зар илегенде, оны естіген мұсылмандар да шыдай алмай жылай бастайды. Сол кезде Алла елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Әбу Жәндалды жұбатып: «Уа, Әбу Жәндәл! Біраз сабыр етіп шыда . Мұның сыйын Бір Алладан күт. Алла Тағала саған және қасыңдағы әлсіз мұсылмандарға жеңілдік береді әрі бұдан шығатын жол нәсіп етеді. Біз бұл қауыммен бейбіт келісімге келіп, оларға Алланың атымен сөз бердік. Сондықтан уәдемізді бұза алмаймыз, берген сөзді бұзу бізге жараспайды», – дейді. Артынша мейірімді Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Қой енді, оны маған берсеңші», – деп Сухайлға тағы да өтініш жасайды. Сухайл илікпейді. Ақыры болмаған соң, Әбу Жәндалды азаптамау туралы мүшріктердің уәдесін алған пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) оны әкесінің қолына тапсырады. Одан кейінгі орын алған оқиғалар – басқа әңгіменің өзегі. Біздің айтпақшы болғанымыз, осындай адам тағдыры қыл үстінде тұрған аса сындарлы кездің өзінде уәдеге берік болудың қажет екенін көрсеткен Пайғамбар өнегесі еді!
Уәде – ізгі ниетіңді сертпен бекемдеп, игі амалды жылдамдату үшін намысыңа қамшы басу деген сөз. Уәде – ізгілікті бетке алған бағытыңнан бас тартпау үшін, қадамыңды нықтап, жігеріңді жану үшін де қажет. Сондықтан «Уәде» дегенде, көз алдымызға бір нәрсені істеу жөнінде немесе істемеу туралы басқа кісілерге немесе өз-өзімізге берген сөзіміз еске түседі. Алайда, адамшылық шарты, кемелдік кілті: сөзіміз бен ісіміздің бірі – берілген уәдедей шын, ал бірі – жалған араласқан жарымжан дүниедей екіге бөлінуін мүлде құптамайды. Бұрынға арда Қазақ үшін әр сөз – уәдемен шендес еді! Сол себепті «Ақ болсаң – ант ішпе!» деген қағида қалыптасқан-ды. «Айтылған сөз – атылған оқ», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген өсиет қалдырған-ды...
Уәде беру – мойыныңа жауапкершілік жүктеу деген сөз. Оның үддесінен шығу – мұсылмандығың мен азаматтығыңа сын. Мына уақытша өмір – сынақ мекені болғандықтан, мұндағы әрбір іс – жауапкершілік пен қырағылықты талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, кең мағынасында алғанда, дін дегеніміздің өзі – уәдеге адалдық. Алғашқы уәде – Әлімсақтағы уәде! Осы Уәдеге адалдық – бүкіл уәделерге опалылықтың негізі!
«Сол уақытта Раббың Адам балаларының белдерінен ұрпақтарын алды да, өз-өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?» – (дегенде), олар: «Әрине, куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» («Ағраф» сүресі, 172-аят).
Бұл аяттан шығар қорытынды: алғашқы сөзіміз, яғни сөздің түптамыры – Уәде болғандықтан және Уәдеде тұру – Алла Тағаланың асыл сипаты болғандықтан, әр уәдеміз (әр сөзіміз) – сол алғашқы сөзіміздей, керек болса Құдай сөзіндей қастерлі, опалы болуы тиіс! Осы асыл қасиетіміз бізді Жаратқан Иемізге ұқсатып тұр! «Уәде – Құдай Сөзі» деген бабалар өсиетінің мазмұн-мәні осы болса керек... Жаратқан Иеміздің мына мақтауына ие болу қандай дәреже, қандай абырой десеңізші?!
«Мүміндерден Аллаға берген уәделерін шындыққа шығарған ерлер бар: олардың кейбіреуі жанын құрбан қылды және кейбірі күтуде. Олар серттерінен таймады!» («Ахзаб» сүресі, 23-аят.)
Иә, уәде беру – әуелі Аллаға тәуекел ету, одан соң өз күшіңе сену және мойыныңа үлкен жауапкершілік жүктеу деген сөз. Екі сөйлеуді – «екіжүзділіктің белгісі» деген, айтылған сөзді – «атылған оқ, берілген серт» деп білген аталарымыз: «Еменнің иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені!» деп ұждандының намысын жаныған өсиет қалдырыпты. Құран аяты мен Пайғамбар сүннетінен нәр алған бұл өсиетке қаншалықты сай екенімізге – жүректегі иман-таразымыз төреші. Алла Тағала барлығымызды уәдесіне опалы, аманатына адал пенделердің қатарынан қылсын деп тілейміз.
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ