Бізге жеткен риуаят бойынша, Зұлқарнайын (а.с.) әміріндегі басшыларды өзі тексеретін.
Бірде патша киімін ауыстырып, қала ішін аралайды. Сөйтіп қазылардың бірінің жанына келіп, сол жерде бірнеше күн аялдайды. Бірақ ешкім ол жерге арыз-шағыммен келгенін көрмейді. Осылайша уақыт өтіп, қазы жайлы мағлұмат ала алмаған Зұлқарнайын (а.с.) енді кете бергенде, арызданып келген екі кісіні көреді. Келген адамның біреуі:
«Қазы мырза, мен мына кісіден үй сатып алдым, ол үйді жөндеу үстінде қазына тауып алдым. Енді соны келіп алып кет десем, алмайды» -дейді.
Қазы үй сатқан адамнан:
«Сен недейсің?» - дейді. Ол болса:
«Ол қазынаны мен көмген жоқпын, қазына болғанынан хабарым да жоқ. Сондықтан ала алмаймын» - дейді.
Арызданушы:
«Ей,қазы! Олай болса, сен ал, біреуін жібер де қазынаны алып кетсін. Сен оны қалаған жеріңе бер» - дейді. Қазы да:
«Сен шәрлі бір нәрседен қашып, маған жүктегің келеді. Негізі, бұны өз араларыңда шешу керек еді. Енді, мен сендерге ынсапты болған үкім берсем, разымысыңдар» - дейді.
Екеуі қосарлана «Әрине!» - дейді. Қазы арызданушыға:
«Ұлың бар ма?» - деп сұрайды. «Иә, бар»- деп жауап береді. Екіншісіне « Қызың бар ма?» деп сұрайды, ол да «Иә, бар» - деп жауап берген соң, «Олай болса, ұл мен қызды үйлендіріп, табылған қазынаны қыздың жасауы ретінде отау құрған екі жасқа беріңдер» - дейді.
Зұлқарнайын (а.с.) бұл үкімге қатты разы болып, қазыға қарата:
«Жер жүзінде осылай үкім беретін басқа біреу жоқ-ау» - дейді.
Қазы да Зұлқарнайынды (а.с.) танымай «Бұндай жағдайда басқаша үкім беретіндер де бар ма?»- дегенде, Зұлқарнайын (а.с.) «Бар» - дейді.
Қазы: «Олардың (бұндай зұлымдықтарына қарсы) жеріне жаңбыр қалай жауады» - дейді.
Қазының бұл жауабына да риза болған Зұлқарнайын (а.с.):
«Міне, көк пен жер сен сияқтылардың себебімен аман-сау тұр» -деген екен.