ТІРІ АДАМНЫҢ ЖҮРЕКТЕН АЯУЛЫ ЖЕРІ БОЛА МА?

ТІРІ АДАМНЫҢ ЖҮРЕКТЕН АЯУЛЫ ЖЕРІ БОЛА МА?

1329
5 мин
ТІРІ АДАМНЫҢ ЖҮРЕКТЕН АЯУЛЫ ЖЕРІ БОЛА МА?

«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды», – дейді Хакім Абай.

Расымен де, адам жүректің небір ғажайып халдерінен бейхабар өмір сүреді. Имам Ғазали: «Көңіл (жүрек, қалб) әлемінің ғажайып халдерінің соңы жоқ. Жүректің құрметті де қадірлі болуы осы халдерінің көптігінен. Адамдардың көбі жүректің халдерінен ғапыл», – дейді.

Әр нәрсенің екі жағы болғаны секілді, ілімнің де екі жағы бар. Имам Ғазали оны «заһири» (илм уз-заһир) және «батыни» (илм ул-батын) деп атайды. Жалпы, тасаууф ғылымы ілімді осылай екіге бөліп қарастырады және оған әртүрлі атау береді. «Улум ул-уәһб»-«улум ул-кәсб», «илм ул-худури»-«илм ул-хусули», «илм ул-мағна»-«илм ул-мадди» секілді атаулар солардың бірқатары.

«Заһири ілім – білу немесе үйрену қабілеті. Барлық жаратылыстану ғылымдары мен өнерлер осы қабілет арқылы қол жеткізіледі. Алгебра, геометрия, медицина, астрономия және шариғат ілімдері секілді кітаптарда жазулы болған ілімдер осы заһири іліммен білінеді» – деген Имам Ғазали бүкіл бұл ілімдердің бес сезім мүшесі арқылы үйренілетінін айтады.

Былайша айтқанда, бұл ілімдердің барлығы материалдық әлемге тиесілі ілімдер.

Ал енді «батыни ілім» деп рухани әлемге тиесілі ілімдерді атаймыз. Имам Ғазали: «Жүректің ішінен сезім мүшелері арқылы сезілетін материалдық әлемге (жисмани) және ниһани деп аталатын мәләкут әлеміне, яғни сыр немесе рухани әлемге бір терезе ашылған. Адамдардың көбі материалдық әлемді біледі, ал рухани әлемді білмейді», – дейді.

Ал көңілде немесе жүректе мәләкут, яғни рухтар әлеміне ашылған бір терезе барын қайдан білеміз?

Имам Ғазали бұның екі дәлелі барын айтады: біріншісі – ұйқы, екіншісі – жүректе илхам жолымен туған дұрыс түсінік пен сезім.

Мәселен, адамның ұйқы түс, яғни аян көруі осыған мысал. Бұл кезде адам сезім жолдары жабық болса да, жүректің рухани әлемге ашылған терезесі арқылы мәләкут әлемін және тағдыр тақтасы деп аталған «ләух ул-махфузды» тамашалап, одан белгілі бір ілім алады. Пайғамбарымыздың пайғамбарлық келместен әуел көрген түстерінің ертесі күні келіп жатуы да осыған дәлел. Аян көру пайғамбарлардан бөлек қарапайым адамдарда да кездесетін жағдайлар. Бұл бізге адамның бес сезім мүшесінен келетін ақпарат жолдары жабылғанда, алтыншы сезім деп аталатын жүрек көзінің ашылатындығынан хабар береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамдар ұйқыда, өлгеннен соң оянады», – дейді. Бұл жердегі «ұйқы» деп негізінен жүрек көзінің сезім мүшелері тудырған ғапылдық пердесімен жабулы тұрған күйін меңзеген. Ал неге «өлгеннен соң оянады?». Себебі, адам өлген кезінде сезімдердің ешбірі қалмайды, сол кезде адамның рухы материалдық әлемнен рухани әлемге көшіп, барлығын айқын (айн әл-яқин) көре бастайды. Шынайы ояну, міне, осы кезде болады.

Сол секілді ұйқы кезінде де адамның сезімдері бір сәтке жабылады. Сол кезде жүректің рухани әлемге терезесі ашылып, адам сол арқылы ғажайып дүниелерді көре бастайды. Пайғамбарымыздың ұйқыны «кіші өлім» деуі де осыдан еді.

Көңіл терезесі немесе, қазақша айтсақ, көңіл не көкірек көзі тек қана ұйқыда немесе өлімде ғана ашылмайды. Оны ояу және тірі кезде де ашуға болады. Оның жолы нәпсімен күрес арқылы болады. Бұл күрес әуелі аз жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеуден басталады. Себебі, тамақ, ұйқы және көп сөзден туған күлкі адамның жүрек көзін бітеп, арсыздыққа бастайтын «үш арсыз».

Жалпы, жүрек көзін адам не үшін ашуы тиіс деген сұрақ туады осы арада.

Жауап ретінде де «ақиқатты тану үшін!» дер едік. Себебі, ақиқатты тануға тек материалдық әлемге қараған бес сезім мүшесі жеткіліксіз. Оған алтыншы сезім мүшесі керек. Ол да жүрек көзінің ашылуы арқылы болады. Ендеше, Шәкәрім айтпақшы:

Тән көретін бастағы көз

Байқамайды жан сырын.

Көр де ақылға сал деген сөз,

Көз керек қой ойлырақ.

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретін көз керек.

Бас көзімен сенделуге

Бізге рұқсат жоқ, шырақ!

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс