![ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ ЖӘНЕ ҰЛЫ АДАМДАР ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ ЖӘНЕ ҰЛЫ АДАМДАР](/upload/iblock/d43/nusugwhpe4govvvyu4vayuf610axkrix.jpg)
«Уақыттың бос өткені – өмірдің бос өткені» деген дана халқымыз. Өміріміз құр бос өтпеу үшін оны тиімді пайдаланудың жолдарын білу аса маңызды. Соның бірі ұлы тұлғалардың өміріне, уақытты қалай өткізгене көз жүгіртіп, үлгі етіп, амал жасасақ, алар асулар мен бағындырар белестеріміз көбейе түсер еді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық шаруаға үлгеріп, уақыт таба білді. Күнделікті тұрмыс-тіршілігін былай қойғанда, намаздың парыздары мен сүннеттерін, нәпіл құлшылықтарды үзбей орындайтын. Сондайақ ертелі-кеш үмбеті үшін дұға жасауы, уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, халықпен кездесуі, жорыққа қатысуы, діни рәсімдерді атқаруы сияқты басқа да игі істер Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірлік жоспарына сыйған. Пайғамбарымыз Ислам дінін таратумен қатар отбасына да ерекше көңіл бөліп, жұбайларымен, перзенттерімен де сырласуға, сөйлесуге уақыт таба білді. Пайғамбар немерелері Хасан және Хусейнмен ойнап, әйелдерімен әзілдесетін, еркелететін. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы – әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам. Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды болған – менмін», – деп айтқан. (Нәсаи). Соңғы қажылықтағы құтпасында да әйелдерге жақсы қарауды өсиет етеді. Белгілі тайм-менеджмент сарапшасы Майкл Фортиноның айтуынша, бүгінде адам өмірінде 7 жыл ваннада, 6 жыл тамақ ішумен, 5 жыл кезек күтумен, 3 жыл жиналыста өткізсе, жұбайымен сөйлесу үшін күніне 4 минут, балаларының жағдайын білуге 30 секунд ғана жұмсайтын көрінеді. Ал Пайғамбарымыз отбасына арнайы түрде уақыт бөлгені бүгінгі күнімізде де ерекше маңызға ие екенін ұмытуға болмайды.
Төрт әділетті халифаның бірі хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) билік құрған жылдары күні-түні мұсылмандардың өміріне алаңдап, бар күш-қайратын сарп етті. «Мен қай уақытта ұйықтаймын, ей Омар! Егер түнде ұйықтасам, Алланың алдындағы міндетімді орындаудан құр қаламын. Егер күндіз ұйықтайтын болса, халқымның алдындағы жауапкершілігімді дұрыс орындай алмай қаламын» деп асыл уақытын ұйқыға қимайтын хазіреті Омар Алладан уақытына береке сұрайтын және оны ізгі амалдар атқарумен өткізуді тілейтін.
Ең көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла елшісінен үйренгендей түнді үшке бөліп, бір бөлігінде демалған, екіншісінде құлшылық жасаған, үшінші бөлігін білімге арнаған. Күндіз естіген хадистерін қайталап, зерделеген. Пайғамбарымыз қайтыс болардан 4 жыл бұрын ғана Исламды қабылдаған Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) басқа сахабалардан оза шауып, 5374 хадис риуаят етті.
Исламның көрнекті ғұламасы имам Науәуи 45 жасында дүниеден өткенде оның артына тастап кеткен еңбектерін қарап отырып, таңғаласыз. Имам Науәуи «Муслимнің Сахихына түсіндірме», «Риядуссалихин», «әл-Әзкәр», «Қырық хадис», «Мүхтасар әт-Термизи», «Мүхтасар әд-Дарими» сияқты қырық шақты аса құнды туынды қалдырған. Ол білім алуға және кітап жазуға уақытын үнемдегені сондай, тек сәске кезінде ғана бір-ақ рет тамақтанған екен. Ал шейх Фахраддин: «Аллаға ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінемін. Өйткені уақыт қашан да қымбат», – деген екен.
Енді Батыстан шыққан әлемге белгілі тұлғалардың да бірнешеуін тілге тиек ете кетсек. Бенджамин Франклин АҚШ президенті болмаса да, оның портреті жүз долларлық купюрада бейнеленген. «Уақыт – ақша», «Бүгін істеуге болатын нәрсені ертеңге қалдырма» деген қанатты сөздердің авторы. 20 жасында ол уақытты жоспарлау жүйесін жасап шығарады. Өзі жасаған әдісті өмірінің соңына дейін қолданған. Қазір бұл тәсілді «Франклин пирамидасы» немесе «өнімділік пирамидасы» (productivity pyramid) деп атайды. Пирамиданың табаны – өмірлік құндылық. Ол күнде таңертең сағат 5-те ұйқыдан тұрған, әрі ерте жатуды әдетке айналдырған.
Атақты композитор Вольфганг Моцарт 6 жасынан бастап әуен шығара бастаған. 35 жыл өмір сүрсе де, артына 626 ғажайып туынды қалдырды. Моцарт өте еңбекқор еді. Соған қарамастан оның үнемі сергек жүретінін, шаршауды білмегенін замандастары жазып кеткен. Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Өйткені күн тәртібіне бағынған. Ол күнделікті сағат таңғы 6-да оянып, таңғы 9-ға дейін шығармашылықпен айналысқан. Қалған уақытын оқытушылық қызметке арнап, арасында концерт берген. Ақшамда қайта шығармашылыққа ден қойып, тура сағат түнгі 12-де ұйқыға кеткен. Сондай-ақ Моцарт әрдайым қолына кітап ұстап жүрген. Қолы қалт еткенде кітап оқыған. Ұлы физик Эйнштейнді білмейтін адам кемде-кем. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсыншы деп бір сағаттан кейін барып оятса керек. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп: «Ал жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда», – деп кейісе керек. Оның тек бір үлгідегі киім кигені әмбеге аян. Себебі Эйнштейн киім таңдап, «мынау маған жарасады, мынау жараспайды» дегенге бас қатырғысы келмеген. Оған кететін уақытын ғылымға арнаған. Дәл осындай «талғамсыздықтың» мысалын әйгілі Apple компаниясының негізін салушы Стив Джобстың, фейсбукты ойлап тапқан Марк Цукербергтің де бойынан байқауға болады. Бұл бір жағынан қарапайымдылық, екінші уақытты зая кетірмеу екені түсінікті. Бүгінде әлемдегі ең бай адамның бірі Билл Гейтс те – уақыттың қадірін білген, бағалаған жан. Ол жастайынан күн тәртібін түзіп, не істеп, не қоятынын алдын ала жоспарлап отыруға дағдыланады.
Уақытты үнемдеп, тиімді пайдалану – Батыс елдерінде әлдеқашан арнайы ілімге, өмір салтына, тіпті өзіндік өнерге айналып кеткен. Ол – тайм-менеджмент немесе уақытты басқару туралы ілім. ХХ ғасырдың аяғында пайда болып, қазіргі кезде жан-жақты жетіліп,сан салаға бөліне бастаған бұл ілім қазіргі заман адамына ауадай қажет. Бір ғұлама «Алла Тағаланың адам баласын сүймеуінің бір белгісі – уақытын бос өткізуі. Осылайша, Алла ол адамды мол игіліктен құралақан қалдырады» депті. Күнін пайдасыз, бос өткізген жанға уақыттың қадірін жете түсіне алмаған адам деп қарауға болады. Бұрынғы өткен тақуа, игі адамдар уақытын қадір тұтқаны соншалық, «Игі амалдарым көбеймеген күндерім үшін қатты қапаланамын» дейтін болған.
Кеулімжай ҚҰТТЫ
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл