МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ СӨЗДЕРІНЕН

МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ СӨЗДЕРІНЕН

1491
5 мин
МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ СӨЗДЕРІНЕН

Дүние- бір өлексе

Дүние- бір жақсы-жаман өлексе, әркім бір кеміріп кеткен сүйек. Бір ғазиз айтқан:

Бұ дүние фи емес, бір сытхуаны,

Кеміріп неше иттер кеткен, әне ?!

Өзі дүниеқор адамнан дүние аламын деп, пенденің пендесі болғанша, жаратқан бір Құдайдың пендесі бол ?! «Пайданы басыңа қыл, Басыңнан асса досыңа қыл». Өз басына пайда келтіре алмай жүрген жаманнан пайда тиеді деп, қошқардың енегі үзіліп түседі деп үміт қылған ақымақ итқұстай (қасқырдай) болма !

Жұлдызың жоғары болсын !

Ұл болсын, қыз болсын, бізден бала туған күні көктегі жұлдыздардан да бір бала туады. Пері деген бір мақұлық бар, одан да бір бала туады. Жын деген бір мақұлық бар, одан да бір бала туады. Құдай деген жұрт аузында біреу бар ғой, ол бір періштені жұмсайды деседі. Осы алтауы жалған дүниенің жүзіне бір сағатта келеді. Осы бала тірі жүрсе осылардың бәрі бұл баламен маңайласа бастайды, жолдастай болады . Осы адамзат сықылды жұлдыздың да жақсысы бар, жаманы бар. Жақсысын сәтті жұлдыз, жаманын нас жұлдыз деседі. Бала туған күндегі туған жұлдыз сәтті болса бақты-талайлы, жұлдызы жоғары болып, басқадан үстем, бөлекше болатындығы сол. Нас жұлдызбен айқасып туған бала болса құнсыз, пұлсыз, жаман кісі атанатындығы сол...

Қырық жылда бір туатұғын жұлдыздар болады. Бұл жұлдызға айқасқан өзгеден бөлекше, туысы басқа болмақ.

Біреудің перісі күшті болады, біреудің жыны күшті болады, біреудің сайтаны күшті болады. Аадмды осылардың қай-қайсы болмасын билеп кетеді. Өз басын өзі алып жүруге жарайтын мыңнан біреу-ақ болады. Осы көрініп жүрген жамандарды біресе жын билеп, біресе сайтан билеп кетіп, жаманның жаманы атанатындығы сол. Біреу кісі өлтіреді, біреу ұрлық қылады, біреу ойнас қылады. Осылардың бәрін Құдай қылдырып тұр дейсіздер ме ? Жоқ ! Жын, сайтан біресе былай ұйытқытып, біресе олай ұйытқытып адамды мыж-тыж, әуре-сарсаңға салады. Періште дейді, айтуға аты бар, өзі жоқ. Осы жетпіс жасқа келгенше соның іске жарап, орынға тұрғанын көргенім жоқ.

Қарға басып, сұңқар шашып жейді

Адам қалай қылғанда –адам болады ? Ұшқан құс, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың жақсысынан мінезденсе, жаманынан мінезденбесе. Мысалы, аш арыстан жүректі болып келсе, балуан жолбарыс білекті болып келсе, бұл екі мінезден шапағат табылады.

Сұңқар табиғатлы болса жөн. Қазақта бір мақал бар- «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген. Оның мәнісі қарға «Біреу көріп қоймасын»,- деп, жалтақтап, табанымен басып, өзгеден жасырады. Сұңқар өз жегенін мақсат қылмайды. «Басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса-сол жесін» деп, жан-жағына шашып отырады. Сол үшін қазақтың мақалында бар «Қарғаға- балшық, сұңқарға –талшық» деген. Бұл мінезден сабақ табылады.

Мышной Шариф (Румиден):

Бір дарияда садап болса, оның ішінде інжу-дүр гауһар болмақ. Егер дария қанша зор болғанымен, садапсыз болса, ешкімге пайдасыз бір ащы су. Егер садап болып, ішінде інжу болмаса, тысы- ақ, іші қара, ешкімге керексіз бір қу.

Жеміс ағаш- терек қанша көрікті болып, сымдай болғанымен, ақыры бір отын. Аспанда бұлт қанша қалың болғанымен, артында жаңбыры болмаса бір қалың түтін де. Жарқ еткен нажағай бір жарқ етті, артында дәнемеге пайдасыз бір нәрсе болды. Ол өшкенімен артында шоғы қалса кейінгіде тағы тұтанып алып жандырады. Артында шоғы жоқ отынннан барының жоғы жақсы.

Бұларды бір һәм ғибрат сөзлер қылуға керек.

*Мәшһүр жазбаларында Румиге сілтемелер аз емес, бірақ ол кітап нұсқасына «Мышной Шариф» болып түскен. Негізі түпнұсқада «Мәснеуи шариф» болса керек. Өте ғибратты сөз деп есептеймін. Қазақ садап дегенді қолдана бермейді, мәселе әр жан иесінің, соның ішінде адамның ішкі құндылығы, қасиеті туралы болып отыр.

Мұса Шорманов және Мәшһүр Жүсіп

Медреседе оқып жүргенде Мәшһүр Жүсіпті Мұса мырза алдына шақыртып алып:

- Балам, сен өлең жазады дейді. Осы арада ойланбай, бірауыз өлең айтшы!- депті.

Сонда Мәшһүр Жүсіп ойланбай мынаны айтқан:

Ырзық - қой, ақыл- қойшы, нәпсі- бөрі,

Бөріден сақтанады ердің ері.

Қолында сол қойшының болса таяқ,

Жоламас бөрі түгіл жын мен пері

***

,,Жан бір асыранды құс. Дүние бір қапас. От, су бермесе, қапаста тұрып аштан өліп қалады. Оған қорек беру керек. Адам баласы қайдан тамақтан семіреді, адам құлақтан семіреді. Мұнан мағұлым болды, жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның қорегі құлақ сүйсінерлік сөз екен. Адам тіршілігінде, денсаулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып, тырмысу керек,,.

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс