ТАҒЫ ДА МӘШҺҮР ЗИРАТЫ ТУРАЛЫ...

ТАҒЫ ДА МӘШҺҮР ЗИРАТЫ ТУРАЛЫ...

352
7 мин
ТАҒЫ ДА МӘШҺҮР ЗИРАТЫ ТУРАЛЫ...

Тіршілігінде Мәшһүр өзін өзі әсте дәріптемеген адам, сол үшін де болар өзінің әулиелігі, болжағыштығы, басқадай бойында бар ерекше қасиеттері жайлы жазба дерек қалдырмаған. Бір сөзінде:

Өзімді артық, өзгені кем көрмедім.

Бір ат мініп, бір атты өңгермедім.

Менен басқа кім бар?- деп лағу сөйлеп

Ақымақты семіртіп, жөн бермедім.

- деп келеді ғой. Алайда Мәшһүр өмірі небір кереметтерге толы еді. Біз оның біразын бұрынғы жазбаларымызда паш еткен болатынбыз. Дегенмен Мәшһүрдің тіршіліктегі өмірі жайлы білгісі келетіндер саны баршылық болып отыр. Осыған орай естіп- білгенімізді ортаға салмақ ойымыз бар.

Ендігі жерде айтарымыз Мәшһүр зиратының бұзылуы және соған байланысты болған жайлар хақында.

1952 жылдың жазы. Адамдар соғыс зардабын ұмыта бастағандай. Майданнан аман- есен оралған жаралы азаматтарына шүкіршілік етсе, опат болғандарына дұға қайырып, естеріне алысып жататын. Дұғагөй Шайахмет ақсақалды қолдан қолға тигізбей, оған әр шаңырақтың есігі айқара ашық болатын. Міне сондай бір күні ауданнан өкіл келіпті деген хабар азғантай ауыл ішін елең еткізді. Ия, өкіл бұдан да бұрын келіп- кетіп жататын, бірақ бұл жолғысы үрдіс, бір үрей туғызғандай жайы бар сияқты.

- Неге келіпті?

- Мәшһүр зиратын бұзуға! - дейді.

- Астағфиролла, Астағфиролла!...

Үлкенді - кішілі ел адамдары сенделісіп, үй үйді кезіп кетісті. Бұл жерде ауданнан келген екі өкіл өздіктерінен келіп, ағаттық іске қолдарын сұқты дегіміз жоқ. Бірақ ,,Су басынан бұзылады,, демекші, қазақ зиялыларын екшеудің екінші бір науқаны, яғни 1937 жылдың салқын лебі соғып тұрғаны анық.

1950 жылдардың басынан бастап Кенесары- Наурызбай қозғалысына байланысты мәселелер көтеріле бастады, оған қатысы бар деген адамдар өлі - тірісіне қарамай қудалауға түсті. Тіпті тұтқындалды. Дін, ұлттық нұсқамызға қауіп төнді. Құйтырқы заманның құрығы, қылбырау тұзағы кімге болсын көтерулі , құрулы еді бұл кез. Тіпті 1937 жылдан бері өзгешелігі тірі пенде түгілі өлі әруақты да күңірентті. Міне, осы кезгі жалпы хал - ахуал осылай еді де, соның бір құрбаны Мәшһүр зираты болды. Мәшһүр өзінің зиратының тас талқан етіп бұзыларын болжап білді ме, білмеді ме, ол жағы беймәлім. Ал өлгеннен кейін денесі суық қолды боларын анық айтқан еді.

- Мүрдемнің қырық жылға дейін бүлінбей жатуын көзі тірі адамдар көреді, ал осы жылдар ішінде мәйітіме бір суық қолдың тиюі ықтимал- деген еді.

Айтқанындай- ақ, қайтыс болған соң бір жылдан кейін ашаршылыққа шыдамаған бір пенде Мәшһүрдің оң жақ санынан бір кесек ет алып ойып жепті. Бұл жерде Мәшһүрдің ,,адамдар ит десең намыстанады, әлі ит жейтін заман болады,, деп болжау айтқанын айта кеткен жөн. Ол болды да. Мәшһүрдің көзі тірісінде өзіне ас бергізуі осы болжамына байланысты болуы керек. Уәкілдер кешке қарай келсе керек те, ертеңгілік ,,науқанға,, шұғыл түрде қам жасап, ауыл атқа мінерлерін жинап алыпты. Ол кездегі ел басшыларын ,,актив,, деп атайтын да және не бір сұмдықтарды солардың қолымен жасайтын, атқаратын. Міне, сол жолы да жиылып алынғандар да солар еді. Алайда Мәшһүр зиратын бұзудан хабардар болған біразы таңнан атқа мініп безіп кетіпті. Бұл жөнінде сол кездегі колхоз қоймашысы ,әрі дүкенші Жүсіптің Жәлелі былай деп отырушы еді.

- Әкем Мәшһүрмен замандас, әрі дос болған адам еді. Соғыстан да жараланып аман- есен келіп едім, енді ажалым осында тұрса да Мәшһүрге қол жұмсағым жоқ- деп, атқа мініп, аяулы ақ тазысын ертіп, таң бозынан тайып отырыпты. Оның үстіне уәкілдердің қонып жатқан үйлері де сол үй болса керек. Сол сияқты қой фермасының бастығы Табылдының Жұмабегі, ауылдық кеңес Иманбайдың Уәлиі ертеңгілік іздерін таптырмапты. Ал Мәшһүрдің кенже баласы Фазыл өзінен өзі қатысуға тиіс еді. Колхоз есепшісі Байділданың Секені, тағы басқалар бар, көздеріне жас, көңілдеріне қайғы толған, Мәшһүр мүрдесін қайыра жерлеуге тиісті ақсақалдар Ескелдіге қарай бет алды. Бұл топ Мәшһүр зираты басына біраз дағдарысып тұрып қалады. Міне осы сәт Жұмайділда тұрып:

- Е, Мәшһүр ұшып тұрып бас салады деп тұрсыңдар ма! - деп қолына қайла алып, зират үйінің төбесіне шығып, бір бұрыштан қайласын құлаштап сілтей жөнелген көрінеді. Ол кісі осыдан дәл қырық күн өткен соң ауырып қайтыс болды. Науқастанып жатып, Мәшһүрдің үлкен келіні Ақзейнепті арнайы алдырып:

- Қателік жасадым. Сол қайланы алғаш сілтеп қалғанымда оң жақ бүйірімен бір шаншу қадалғандай болып еді. Ақыры ұлғайып мына халге жеттім. Кешірім етіп, батаңызды беріңіз, аса сыйлайтын келіні көрінесіз- деп өтініш білдірген екен.

Жұмайділдә көп ұзамай көз жұмды да, сол өзі отырған ,,Бөлдей ,, қыстауына жерленді.

- Не де болса, Мәшекең ауылында жатайын. Кейінгі балаларыма кесірім тимесе болды- деп өсиет етіпті. Ал Ақзейнеп шешей болса ,, не де болса Құдайдан кұт, мен Әтиім емеспін ғой,, -деп қана ниет білдіріпті.

Енді ауылдық екі өкілге келелік. Мәшһүрдің зиратының бұзылып қиратылуы жайлы Жайық Бектұров ағамыз өлең жазбасымен былайша қиналысын білдіреді.

Қойса да өзі барда көрін қазып,

Басында тірісінде сөзін жазып

Көп надан қу сүйегін тепкілепті,

Жерінен тыныш жатқан тауып алып.

Топастар талқандатты көрдің астын

Деседі бір бұзықтың аты Қасым

Сұмдығын бейбастықтар естіген жұрт

Шошынып жерге қойған ішкен асын.

Ия, Қасым ол кезде аудандық партия комитетінің бір белді де беделді қызметкері. Әрі жас еді. Жастық не істетпейді, патрия жұмсаған соң.

Бірақ Құдай ісі ме, әлде әруақ па, әйтеуір осыдан кейін оның от басының жай- күйі болмапты. Ал аудандық милиция бастығы Малаев осыдан кейін қызметі төмендеп, көше кезіп кетті деп естідік. Аудандық хатшы да көп жасамай суға кетті деп естідік. Мұнымыз табалау емес, адам баласы жерге алғаш шырылдап түскенде маңдайына жазып қойған бір жазмышы болады дейді ғой. Сол жазмыш шығар кімге болса да.

Міне Мәшһүрдің зиратының бұзылуы және оның салдары туралы осыны айта аламыз.

Т.Ш.Шарапиев, С.Ш.Көпеев

“Ғұлама ғұмыры” кітабынан

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс