Ертіс ауданы, қазіргі Тоқта аулының күңгей жааағында 7-8 шақырым жердегі Тоқта көлінің жағасында ескі Тоқта аулы болған. Бұл 17 мың жылқы біткен атақты Мұрат байдың қонысы. Мұрат бай бұл жерге өзінің әулетімен, аулымен келіп 18-ғасырдың ортасында қоныс тепкен екен. Осы Мұрат байдың тоғыз ұлының бірінен тараған Тәтентай «Медресе Ғалияны» бітіріп келгеннен кейін Тоқта аулында мешіт салдырып, медресе ашып, сонда сабақ берген. Кейін оның баласы Махмет молда да әке жолымен мешіт салдырып, бала оқытқан екен. Тәтентайдың төрт ұлының кенжесі Қаби да Троицкде оқып келіп балаларға діни сабақ берген. Кейін кеңес үкіметі орнаған кезде мектепте мұғалім болған.
Бізге жеткен деректер бойынша Тәтентай «Медресе Ғалияны» бітіріп келгеннен кейін Ақкөлдегі Исабек ишанға қол тапсыруға аттанады. Ишанға тоқпақ жалды торы айғырды жетелеп апарып сыйға тартады. Ишан Тәтентайды қасына отырғызып қолын жайды да былай деп бата береді:
– Мынау әкелгенің жылқының қожасы екен. Ал енді сен діннің қожасы болғайсың!
Одан кейін қанжығалы құрман атасының ұрпағы Тиыштықбай хазіретке барады. Ол Тәтентайға былай деп бата береді:
Алла сені жарылқасын, қолдасын,
Залымдық пен зұлымдықтан қорғасын.
Әулие-әмбие, Қызыр жүріп қасыңда,
Періштелер болсын сенің жолдасың!
Алдыңнан пәлекет пен пәле қашсын,
Әзәзіл, жын-шайтандар және қашсын.
Лә-иләкә-ил-алла, дін- мұсылман,
Алланың бес парызы болсын басшың!
Осы бата қабыл болғандай Тәтентай хазіреттің алдынан жын-шайтан қашып отыратын болған. Талай-талай есі ауысқан аяқ-қолын байлап әкелген сырқаттылар есіктен кірмей жатып-ақ сауығып жүре береді екен.
Тәтентай хазірет қасіретті заманның сұрапыл дауылына ілесіп 1916 жылы қайтыс болған. Бұл сойқанға хазіреттің кейбір ұрпақтары да тап болыпты. Жоңғар басқыншылары кезінде ерлік көрсеткен Беласар батыр әулетімен осында жатыр. Абылай ханның жасағында жүзбасы болған Балабек қажы да осында. Жалпы Мұрат байдың ұрпағынан тарағандардың ішінен меккеге барып қажы атанғандардың саны жиырмадан асады екен. Сол ұрпақтан тараған Өмірзақ қажы, Айтиын қажы, Жақып қажы, Айтжан қажы, Меккеге барып келген әйел қажы Айкүміс те осында жерленген.
Тәтентай хазіреттің тікелей ұрпағы биыл 94 жасқа келген(2019ж.) Қалам Қайыржанұлы атамыздың айтуынша:
«Бұл Тоқта мекенінің тарихи кезеңдері 18 ғасыр басынан басталып жалғасып келеді. Бір рулы елге құтты қоныс болып, өсіп-өніп неше тұлға шыққан құтты мекен болған. Біріншіде, 18 ғасырдағы жоңғарлар шапқыншылығы заманында Абылай бір жорығынан 6 мың қол сарбаздарымен келіп жатып, Тоқтаға ат басын тіреп,үш күн қонақтап, бел жазысып, аттарын тынықтырып, қарабұжыр Мұрат байдың сый-сияпатын қабылдап, разы болып аттанған екен. Абылайды 6 мың қол сарбаздарына қонақасыға Мұрат бай 200 жылқы және ауыс мінгішке деп 200 жылқы бөліпті.
Екіншіде, осы Тоқта елінің гүлденіп толған тұсында екі мешіт жұмыс істеп тұрған. Бірінші мешіт сол заманның алдыңғы қатарлы өркениетіне сай, төбесі күмбезделген, айналасы шарбақпен қоршалған Тәтентай хазіреттің Ақмешіті болатын. Бұл мешіткен осы өңірдегі елдер Найза, Күйік, Көлбай, Қаракөл, Қосқамыс т.б жақын өңірдегі мекендерден жұма намазына келетін болған. Бұл мешітке аталған ауылдардың тағы басқа аяғы жеткен жерлердің балалары келіп дәріс алып тұрған. Бұл мешіттерді 1917 жылы қазан төңкерісінен соң коммунистік империяның жендеттері қиратыпты. Қабырғасының қираған қалдықтары 1940 жылдарға дейін тұрды.1929-1932 жылдардағы конфескациямен ұжымдастыру кезеңіндегі аштықта мешіт ауласында аштан өлгендердің зираты болған. Ақыр соңында хазіреттің Ақмешітінің ауласы болашақ Тоқтаның зираты болып қалды. Бүгінде ол қоршалған үлкен қорым болып жатыр.
Ал Тоқта аулындағы екінші мешіт Тәтентай хазіретің баласы Махметтің салған мешіті болатын. Тәтентай қартайған кезде Махмет елде дінбасы болып мешітте бала оқытқан болатын. Сол Махмет мешітін 1934-1935 жылдары колхоздың белсенділері төбесін аштырып алып іске жаратқан екен, 50-ші жылдарға дейін тұрды. Ақыры совхозбен ферма арасына салынған грейдердің астында қалды.»
1996 жылы күзде Тәтентай хазіреттің ұрпақтары оның зиратын күмбездеп көтеріп, аруағының құрметіне ас берді. Бүгінде Ертіс ауданы, Тоқта аулы мешіті «Тәтентей хазірет мешіті» деп аталады.