Aбдулла ибн Мәсуд (р.a.) былай деген: “Күнә жасаған адамдар төрт түрлі. Мұның екі түрін Алла Тағала кешіруі мүмкін деген үміт бар. Қалған екі түрі тәубеге келуге қол жеткізе алмайды, оларға кешірім болады деген үміт жоқ.
Кешірім бұйыруы мүмкін болғандардың біріншісі – қателік күнә жасаған адамдар. Алла Тағала ол адамды кешеді, азапқа салмайды. Расында Aхзаб сүресінің 5-ші аятында -мағынасы-: “…байқамай қателессеңдер, күнәға қалмайсыңдар, сендер тек жүректеріңдегі ниет-пиғылдарың мен қасақана істерің үшін ғана күнәға батасыңдар…” дейді. Яғни әдейі емес, қателесіп, жаңылып істелген нәрсе, айтылған сөз үшін күнәһар болмайды.
Кешірім бұйыруы мүмкін болғандардың екіншісі, жасаған ісінің күнә екенін білсе де соны істеген, бірақ артынан бірден өкініп тәубе еткен адам. Оның кешірімнен үміті бар. Құдіретті Aлла бұл күнәһарлардың тәубесіне ең керемет қарымын береді. Шынында Али-Имран сүресінің 135-ші аятында -мағынасы-: ‘Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Aлланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Aлладан басқа кім кешіре алады дейсің? Сондай-ақ олар біліп тұрып, бір істеген күнәні қайта-қайта істемейді’ дейді.
Күнә жасап, өздеріне кешірім бұйыратынына үміт жоқтардың біріншісі, жасаған ісінің күнә екенін біле тұра оны істей беретін және ол үшін Алла Тағалаға тәубе етпеген адамдар. Алла Тағала ондай адамдардың күнәларын олар тәубе етіп, кешірім тілегенше кешірмейді.
Кешірімнен үміті жоқтардың екіншісі, жаман амал бойына сіңіп, оны өзіне сән көретін және жасаған күнәсын қайырлы істей санайтын адамдар. Олар біле тұра өздерін құрдымға сүйрейді. Олар жайлы Фатыр сүресінің 8-ші аятында -мағынасы-: “Өзінің теріс істері мен жат қылықтары өзіне (әзәзіл шайтанның азғыруымен) безендіріліп, сәндетіп көрсетілген және оларға, шынымен де, керемет іс екен деп қараған кісі, (бар ынта-ықыласымен Алланың жолында жүрген адамдай бола ма?!) Расында, Алла қалағанын адастырады, қалағанын тура жолға салады…” дейді.
Бұл аят былай тәпсірленген: Бойына жаман амал жарасқан, құлқын құмарлығы өзіне керемет көрінетін, қызығы мен пайдасы өзіне сай, ақыры жақсы болатындай хош көрініп көз алдайтын және ол да соны ұнатады. Пиғылы ақылынан басым түсіп, қызыққа құнығушылығы көзі мен көңілін тұмшалаған… жалғанды хақ, жаманды жақсы, жағымсызды жайлы көретін болған.
Міне, дүниелік өмірде кеуде керген адам осындай халге түсетіні секілді, “Бәрібір, Aлла кешіреді” деп, күнәдан тыйылмаған менмен адамдар да сондай күйге ұшырайды”.