Әр нәрсенің әдебі, ахлағы, мінезі болғаны секілді сынның да әдебі, мінезі бар. Сын жайлы Шәкәрім: «Менің ойымша, сын кекеу – мысқыл, күндеу – өзімшілдік, айла – қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс-әрекетке кіріскен сыннан сын иесі түгіл, халыққа көп зиян шығады. Себебі кекетіп мазақталушының неше мыңнан бірі болмаса, кек қумай, ыза болмай қалмайды. Сондықтан сыншылар аталған жаман мінездерден аулақ отырып, таза жүрекпен сынау жөн», – деп, мақсатты сын мен мәрт сыншының сипатынан сөз етеді.
Осы орайда Хрушевке қатысты бір анекдоттың еске түсіп отырғаны... Бірде Хрушев мінберде Сталинді жерден алып, жерге салып, сынап сөз сөйлеп тұрады. Сол кезде тыңдаушылардың бірі: «Сынағыш болсаң, сол кезде қайда едің?» – деп қойып қалады. Хрушев те өктем дауыспен сұрақтың иесі қайда екенін сұрайды. Зал үнсіз. Сұрақ қоюшы да жым-жырт. Ұзақ уақыттық үнсіздіктен кейін Хрушев: «Міне, мен де ол кезде сен тұрған жерде едім», – деп жауап береді.
Енді халифа Омар ибн Хаттабтың оқиғасына құлақ түрейік... Омар халифа болған кезінде жамағаттан: «Мен тура жолдан тайсам не істейсіңдер?», – деп сұрайды. Сонда жамағаттан біреу: «Сені қылышымызбен жөнге келтіреміз», – дейді. Омар да: «Мұны қайсың айтқан?» – деп сұрайды. Айтқан адам да қасқайып өзін көрсетеді. Сонда Омар өзін қисайса түзететін халқының барына шүкір айтады.
Мұны неге жазып отырмыз. Бүгінде мұсылман қоғамын кекетусіз, мысқылсыз, күндеусіз, қиянатсыз сынайтын адам да, түзу сынды мәртше қабылдап, содан сабақ алатын қоғам да жоқтың қасы.
Ислам – қашан да орынды сынға ашық дін. Ислам деп жалпы ғылымы мен мұсылман қоғамын меңзеп отырмыз. Тарихта өзін аяусыз сынап, жаны ашымастай сыбаған Ислам дініндей басқа дін жоқ. Исламның қай саласын алсаңыз да, хадис қабылдау мәселесінен бастап, үкім шығаруына дейін, дін атынан сөйлеуінен бастап, дін ұстануына дейін қаншама сыни еңбектер жазылған. Бұл еңбектердің авторлары да мұсылмандардың өздері. Мұсылман қоғамы да соған сай бой түзеп отырған. Ал бүгінде жөнді сынаушы да, сынға сай мінін түзеуші де жоққа тән.
Десек те, мұсылман әрбір сынға құлақ асуы тиіс. Қоғамда Ислам діні сынға қап жатса, кінәні сынға құлақ аспаған, таза дінге кір келтірген өзімізден іздеуіміз керек. Алайда жөнді сыннан сабақ алып, бой түзеп жатқан біз жоқпыз. Оның орнына жөнсіз, әдепсіз сынға әдепсіз, шектен шыға жауап беріп, талас-тартыстан жағамызды ажырата алмай жатырмыз.
Әсіресе, мұны дінбұзар, деструктивті, радикалды топтың өкілдерінен жиі байқаймыз. Қоғамды сынаудан алдына жан салмайды, өзіне бағытталған сындарды қабыл алмайды. Діннің өзін монополиялап алған, құдды жәннатты да сатып алғандай. Жалпы, тірліктерінің бәрі – әдепсіздік пен ахлақсыздыққа құрылған. Нәтижесінде, Ислам атына кір келуд
Ал шын мәнінде Исламның күші, қуаты – тек әдеп пен ахлақта. Әдеп пен ахлақ кете бастаған жерден Ислам діні тек әлсіреген, күшсіз қалған. Исламның өрлеуі де, мәдениет қалыптастырып, өркениет құруы да әдеп пен ахлақтың өркендеуімен ғана болады. Бұл екеуінен ажырай бастаған сәттен бастап мұсылман қоғамы құлдырауға кетеді. Өкінішке қарай, бүгінгі мұсылманмын дегендерде осы екі дүние кемшін қалуда.
Салтан САЙРАНҰЛЫ