ШОҢ МЕН АҚТАЙЛАҚ БИЛЕРДІҢ ЕМЕУРІНМЕН СӨЙЛЕСУЛЕРІ

ШОҢ МЕН АҚТАЙЛАҚ БИЛЕРДІҢ ЕМЕУРІНМЕН СӨЙЛЕСУЛЕРІ

2 мин
ШОҢ МЕН АҚТАЙЛАҚ БИЛЕРДІҢ ЕМЕУРІНМЕН СӨЙЛЕСУЛЕРІ

Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты. Осы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры сөйлесіп келгенде екі жақтың басты адамдары келісімге келеді.

Бірақ бұл келісім жасалғанда Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспей, Шоңның өзі барады. Ақтайлақ деген атақты биінің үйіне түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін:

– Көрші ауылға барып келейін, – деп кетерде әйеліне:

– Едігенің Шоңы келді,

Бұрынғының соңы келді.

Қазаныңа ас сал,

Аз болса көбейт,

Көп болса азайт, – дейді.

Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа киіз үйін ас-ауқатымен ала келіп, Шоңды екі күн қонақ етіп, құрметтеп күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында ешбір сөз болмайды.

Үшінші күні Шоң қайтатын болады. Ақтайлақ құрметтеп, шығарып салады. Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап:

– Шоң, Шоң! – деп дауыстайды.

Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді, көкке бір сілтейді де ерінің қасын ұрады. Екі би түсінісіп, дау осы ишаратпен бітеді.

Жанындағылар емеурінді түсінбей сұрағанда, Шоң былай деп шешіп берген екен:

– Ақтайлақ маған емеурінмен айтты, мен түсіндім. Дауымызды шешкенде, сөзбен емес, ишаратпен бітірдік.

Ақтайлақ бидің жұмбақтап әйеліне айтқан сөздері:

«Бір біткен билікті бұзып, өзің келдің, енді өзің айт шешімін. «Қазанға ас сал, аз болса көбейт, көп болса азайт» дегені – бұрынғы кесімді кеміт дегені. Ал ат үстінде тұрып қолымен ымдағаны – менің тұрмысымды көкте Құдай білсін, жерде екеуіміз-ақ білейік, кедейлігімді ешкімге айтпа дегені», – депті.

«Қазақтың шешендік сөздері» жинағынан алынды

 

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс