СЕЙДІЛДӘ ҚАЖЫ ТҮЙТЕБЕКҰЛЫ (1874 – 1925)

СЕЙДІЛДӘ ҚАЖЫ ТҮЙТЕБЕКҰЛЫ (1874 – 1925)

1424
7 мин
СЕЙДІЛДӘ ҚАЖЫ ТҮЙТЕБЕКҰЛЫ (1874 – 1925)

Кеңес елінің атеистік саясаты дүрілдеп тұрған тұста, көптеген дін өкілдері күшпен иделогия құралын жүргізетін топқа айналдырылып, нақақтан жала жабылып, түрлі жағдайларды бастан кешіргені белгілі.

Бұндай адамдар өз заманында көздері ашық, көкіректері ояу, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп, халықты ағарту жұмысына тарта білген, ел сыйлаған қасиетті адамдар болған. Сондай адамдардың бірі Сейділдә қажы болған. Сейілдә қажы (шын есімі -Шайдолла) Түйтебекұлы Павлодар уезі, Тереңкөл болысы Бекбау ауылында дүниеге келген.

Руы – Уақ, оның ішінде Момын. Түйтебек шалдың төрт ұлы болған. Убайдолда, Сейділдә, Абайілдә және Бәйілдә. Сейділдә жастайынан дінге жақын, білімге құштар болып өседі.Оны ел аузындағы деректерде халық «Молда Қажы» деп атаныпты.

Көзін көрген қариялардың айтуы бойынша Уфада медресе бітірген. Қазіргі Тереңкөл ауданы-ның Трофимовка ауылы мен Жаңа-Құрылыс ауылдарының ортасында 1912 жылы мешіт ашып, сол мешітте бала оқытқан. Мешіт сол уақыттағы халықтың қаражатына салынған. Оған қажетті ағаштарды Шалдайдан, кірпішін Павлодардан сол уақыттағы тұрмысы жақсы, ауқатты адамдар-дың көлігімен тасыған. Шамамен мешіт құрылысы 1911 жылы басталып, 1912 жылы ашылған.

Мешіттің ашылуына Уфадан үлкен ғұлама-ғалым қатысып, жиналған халыққа уағыз оқыған. Ол уағызында ғұлама «заман осы қалпында тұрмайды, соғыс болады. Ол соғыстың ақыры азамат соғысына әкеліп, әке балаға, бала әкеге қарсы тұрып, ағалы інілер бір-біріне мылтық кезеніп, ақырында билік «қара халыққа» тиіп, ол өкімет көп жылдар билік жүргізеді. Неше бір соғыстардан жеңіспен өтіп, ақыры өзінен-өзі құлайды» деп келер күнді болжап айтқан екен. Мешіт-медреседе 500-дей шәкірт тәрбиеленген екен.

«Молда Қажы» қайтыс болғаннан кейін оның ісін ары қарай мешіт бұзылғанша (мешіт 1932 жылы бұзылған) Жаңа-Құрылыс ауылының тұрғыны Қанафия молда, Әусадық молдалар жалғастырады. «Молда Қажының» шәкірттері Ертіс ауданында Ғұбайдолла, Павлодар ауданында Түсіп молда, Шақман молдалар жалғастырады. Тереңкөл ауданындағы шәкірттері Жайлауағаштан –Айдархан молда, Коммунардан Шайзат молдалар «Молда қажының» алдын көріп, тәлім-тәрбие алған.

Сейділдә қажының Құран кітабы, намазда киген тақиясы және араб, шағатай тілінде жазылған қолжазбалары табылған. Сейділдә қажы Түйтебекұлының нақты дін уағыздаушы молда болғанын растайтын дәлелдердің бірі осы 16 беттік қолжазбасы. Араб және шағатай тілдерінде жазылған аса құнды құжаттар молданың көзін көріп, ақыл-кеңесін алған кейбір шәкірттерінің ұрпақтарының үйінен табылды. Діни тұлғаның соңында қалған бұл жазбаларды шығыстанушы ғалымдар зерттеп, тәржімалады. Онда араб тілінде тіл-көзден, дұшпандардың қастандығынан және басқа да пәле-жаладан сақтану үшін айтылатын дұғалар бар екені анықталып отыр. Сондай-ақ, әрбір дұғаны қандай жерлерде, қай уақытта оқитыны туралы түсініктеме берген екен. Қолжазбаларының біріне: «11 айдың 8 күні...ниет еттім мен Шайдолла....» деген сөз жазса, тағы бір қолжазбасының бұрышына «Елім- барым, дінім -Алладан берілген бағым» деп жазған.

Сейділдә қажы Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алып келгеннен кейін діни ағартушылық қызметке біржолата кіріседі. Ел арасынан шәкірт жинап, медресе ашқан. Одан кейін айналасына иманды әрі дән-дәулетті адамдарды тартып, мешіт салды. Ол бастапқы кезде «Ақмешіт», одан кейін «Сейділдә мешіті» деп аталған. Сейділдә қажы салған мешіттің орналасқан жері де өте қолайлы болған деседі. Яғни, мешіттен шақырылған азанның үні айналасындағы алыс-жақын ауылдардың көбіне анық естіледі екен. Ол кезде қазіргідей мол дәулетті адамдар өте аз болғаны белгілі. Дегенмен, Құдайдың құдіретімен Алла үйінің алғашқы іргетасы қалана бастаған кезден-ақ материалдық тұрғыда көмек берушілер көп табылған. Біреулер ақшалай қолдау білдірсе, енді біреулер алтын білезігін, алқасын, сақинасын берген екен. Мешіт ғимаратын салу жұмысына Омбы қаласынан мықты шеберлер, ұсталар алдырған. Ел ішінде осы мешітке қатысты мынадай бір аңыз бар:

«Құрылысшылар мен ұсталар елдің көмегімен жиналған алтынды балқытып, онымен мешіт күмбезінің басына орнататын айдың белгісін жасайды. Бірақ, айды орнатпас бұрын Сейділдә қажы қырық күн, қырық түн құран оқып, қырық бірінші күні әлгі айды мешіт күмбезіне орнатқан екен. Дәл сол күні күнбатыстан алапат өрт шығып, ауылға жақындайды. Сол кезде қажы атамыз қолына Құранын алып оқып, Алла Тағаладан алапат өрттің басылуын тілеп жалбарынады. Құдайдың құдіретімен молданың тілегі орындалып, ел өрттен аман қалыпты. Содан кейін ел арасында «Сейділдәнің қырық бірі» деген сөз қалған.

Мешіт салынып, медресе іске қосылған кезде оқуға Ертіс өзенінің екі жағалауында және Омбы, Новосібір өңірлерінде тұратын қазақтардың балалары көптеп келген деседі. Мешіт жанынан медіресе салған, оның жатын бөлмелері де болған. Бұл медресенің танымалдылығы соншалық Ертіс өзенінің ар жақ, бер жағынан, іш жақтан, яғни Ресейден келіп қажының алдынан білім, тәлім –тәрбие алған.

Мешіттің ашылуы рәсімінде Сейтахмет Жұмабаев, ол кездері Уфадан білім алып келген жас жігіт, сөз сөйлеп ағасының игі бастамасына сәт сапар тілеген, кейіннен өзі де осы өңірде мектеп ашқан.

Төңірекке нұр сәулесін шашып, ақниетті пенделердің мейірімімен бөлісіп, дініміз исламды таратып, уағыздап, алыстан мен мұндалаған мешіттің, медересенің тағдыры көпке бармады, өмірі қысқа болды. Сонау ашаршылық заманда қызыл үкіметтің ұйғаруымен мешіт бұзылды. Шамамен 1932 жылдары Алла үйінің ғимараты бұзылып, оның материалдарын мектеп салуға пайдаланған екен.

Кеңес үкіметі кезінде жер барлау жұмыстарын жүргізетін ұшақтар Павлодар облысы аумағындағы екі нүктенің үстіне келген кезде радарлары өшіп қалып отырған. Міне, сондай қасиетті жерлердің бірі – Мәшһүр Жүсіп кесенесі болса, екіншісі – осы Сейділдә қажының жатқан жері. Міне, атамыздың ерекше қасиетті адам екенінің бір дәлелі – осы.

Сейділдә қажының зираты Качир ауданына қарасты Жаңа-құрылыс ауылдық окургінің аумағында жатыр. 1967 жылы сол маңайдағы мекен ететін ауылдардың тұрғындары қаржы жинап, моласын сыммен, ормен қоршаған.

Сонымен қатар, мешіті мен медресесінің орны да белгілі. Яғни, Качир ауданынан Трофимовка ауылына баратын жолдың бойынан анықталған. Сол аумақта орналасқан елдімекен тұрғындары Құран бағыштау үшін зиратының басына жиі барып тұрады екен.

1963 жылы шәкірттері Қанапия, Әусақ есімді азаматтардың және артында қалған жалғыз қызы Құратылғайынның бастамасымен ескерткіш тақта орнатылған. Бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қажының бірқатар құнды заттары сақталған.

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс