САДАҚА БЕРУ ҮЛКЕН НЫҒМЕТ, ІЗГІЛІК

САДАҚА БЕРУ ҮЛКЕН НЫҒМЕТ, ІЗГІЛІК

1188
3 мин
САДАҚА БЕРУ ҮЛКЕН НЫҒМЕТ, ІЗГІЛІК

Бақара сүресінің “Aлланың разылығына бөленуді жан-тәнімен қалап және көкіректеріндегі иманды мықтап бекіту үшін дүние-мүлкін (игі жолда) жұмсайтындардың мысалы; бейне бір биік жерде орналасқан әдемі бау-бақша тәрізді. Ол бақшаға мол жауын жауса, екі есе артық өнім береді. Тіпті, мол жауын жаумаса да, сіркіреп жауған азғантай жауынның, аз ғана ылғалдың (немесе шықтың) өзі оған жетеді. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көріп тұрады” деген мағынадағы 265-ші аяты Aлла ризашылығы үшін берілген садақаның иесіне қандай пайдалы екенін білдіреді. Бұл аят былай тәпсірленген:

Адал мүміндер міндетсінбей Алла ризашылығынан дәметіп садақа береді. Және соның арқасында өзін, мал-мүлкін, амалдарын, бауырларын Алла жолында ұстайды. Яғни иманнан айнымай, жомарттық танытып қайыр, жақсылық жасауды, ғибадат пен бойұсыну бойына сіңген тұрақты қасиет болуын және одан әрі түрлі ізгілік, ғибадатты жеңіл атқаруды тілеп садақа береді. Олардың бұл садақа берген кездегі күйлері биік жотадағы көз тартар, әдемі, таңдаулы баққа ұқсайды. Ол бақтың әрдайым жеміс беріп, иесіне пайда беретіні анық. Оған мол жауын жауып, жемісін екі есеге арттырады. Бір жерді қара тастай топырақсыз қалдыратын жаңбыр бұл жотаға келгенде рақымға айналады. Шынында ол бақ сондай берекелі; оған мол жауын емес, жалғыз шық, болмашы ылғал, жай бүркіп өткен жауынның өзі жетіп артылады; оның бәрібір жемісі еселеп арта түседі.

Енді соған сай амал жасаңыз. Жұрт көзіне түсуге тырыспаңыз, ішіңізден, сыртыңыздан ықылас пен ізгі ниеттен айрылмаңыз және есіңізде болсын, Алла Тағала істейтін істеріңіді көреді. Оған ештеңегің білінбей қалуы мүмкін емес. Сөз жоқ, ықыласты болғанды да, көз бояушыны да жағдайын біледі. Соған сай сый не жаза береді. Қандай керемет ынталандыру мен таптырмас сақтандыру үлгісі бұл.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Mүміннің садақасы қиямет күні оған көлеңке болады” деген. Мүмін адамның көзі тірісінде мұқтаж жандарға садақа беруі, оларға қамқор болуы, солардың тірлігі мен тыныштығына қызмет етуі ертең ақыретте саялы көлеңке іспетті алдынан шығады, қиямет күнгі оттан күйдірмей қорғайды. Яғни ол садақаның қарымы осылайша беріледі. Сол себепті хал-ахуалы барлар садақа беруді үлкен нығмет деп білуне тиіс.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс