Адам баласының санасына салмақ, сезіміне серіппе болған Жаратқанның жұмбағына тағы бір үңіліп көрейікші.
Тұлабой өртеніп-жанып, ақыл-естен танып, көздегі перде жұлынғандай, өмірге қайта келгендей болған, біреуіміз үшін асық, біреулер үшін қашық қалған қайран ғашық күндер-ай! Құдіретін құпиялау байқатқан Жаратқанның шебері-ай!..
Менің ойымша, ғашық болу – Махаббаттың алғашқы баспалдағы, яғни ғашықтық – шақыру, махаббат – саналы әрекет, жемісті еңбек. Ғашықтық – Адамның тереңін түйсіну, өзгелер көре алмайтын өзегін сезіну; ал махаббат – Адамның дәрежесін бағамдап, Кемеңгердің құдіретіне бас иген алғыс сезімі. Сондықтан, ғашық болу – Адам болудың, өмірді гүлге ораудың ғажайып мүмкіндігі...
Ғашықтық – өзіңді, өмірді жаңа бір қырынан танып, Жарыққа ұмтылған жарқын қадам болуы да немесе жарға жетелейтін жаңсақ қадам, жалған Жолға айналуы да мүмкін сынды кезең. Себебі: ғашықтық – Құдіреттің белең алуы, қасиеттің оянуы, Ақиқатқа қарай бір адым алға басу болғандықтан, шамасы келсе, екі адым артқа тартатын азғырушы Әзәзілдің іске қосылатын, жыныстық жетілудің әсерінен жан қалауымен қатар тән қалауының күшеюі, Нәпсінің өз күшіне мінуімен сәйкес келетін кезең. Яғни күрестің – Жақсылық пен Жамандық, Періште мен Сайтан арасындағы бітіспес шайқастың басталған уақыты...
Махаббат – бергенді, бөліскенді, қуаныш пен бақыт сыйлауды, есепсіз, риясыз араласуды қалайтын патша сезім. Ол – есейген, толысқан, саналы жанның жемісі. Өйткені сана-сезім өскен сайын сүйе білу қасиеті артады, ал сүйіп үйренген сайын сана-сезім де сәулелене бермек. Иә, шын сүйгендер бойынан сенімнің сәулесі төгіліп тұрады...
Шын сүйген адам – өзімшілдіктің құрсауынан құтылып, басқа күйді – Бірлікті сезінеді. Екі адамның бірін-бірі өлердей «сүйіп», ал басқаларды «бөтен» санауы немесе дұшпанға балауы – шын сүю емес, адасу, екі жетім көңілдің қараңғы қапасы; тіпті темір торлары алтыннан болса да...
Шын сүйген адам сүйгеніне қосылса да, қосылмаса да – бақытты: ол сүйгеніне тек бар болғаны үшін, кездескені үшін, Өмірді сүюді үйреткені үшін, тіпті тәтті бір мұң сыйлағаны үшін риза, алғыстан басқа айтары жоқ!..
Шын махаббат ақ жүректі адамнан шығады. Алғашқы махаббаттың өмір бойы ұмытылмайтыны, аңсататыны, әсері – таза жүректің, кірленбеген көңілдің шуағынан. Кейін дәл сондай сүйе алмасақ: жүректің қараюының, сананың күңгірттеніп, сенімнің азаюының көрінісі деп бағалағайсыз...
Өз жан-дүниемізде үйлесім орнамай, өзімізді өзіміз Адам ретінде түсініп, жетілдіріп, сүймей тұрып, «өзгені сүйе алам» деу – қателік. Өз қасиетімізді – Махаббатымызды іске қоспай, басқа біреуден сезім күту – жетімдік. Сүйіп үйренбей – жан жылуын сыйлап үйренбей, бақыт сыйлап үйренбей тұрып, «бақытсызбын» деу – дәрменсіздік, ал «махаббат жоқ» деу – ақымақтық!..
Махаббат мәні – сүйіп үйрену, Өмір тану, сол арқылы Жаратушының кереметін мойындау; Оған сүйіспеншілікпен жақындау, табыну, табысу...
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ