Бір шопан ел-жұрттан жырақ тұрып жатқан соң биылғы жан басына шаққан "пітір садақасын" аудандағы мешітке, не болмаса жетім-жесірге қалай жеткізсем болады деп қиналады. Жылда осылай. Күн болса өтіп жатыр. Ораза айы бітуі жақын. Ол үлгермей қаламын ба деп атымен күнде қабаққа шығып, жол қарайды. Аудан орталығына бағыт алған көлік көрінсе, солардан "пітір садақасын" беріп жібермекші. Бірақ еш пенде көрінбей қойды. Оразаның бітуіне бірер күн қалғанда бір көлік көзіне шалынды. Дөң басында қозғалмай тұр. Шопан атына қамшы басты.Барса, көлік сынған, екі кісі отыр. Шопанның сөзін еріккеннің ісіндей көріп, немқұрайлы тыңдады.
- Ей, отағасы, көлігіміз сынып, бұзылып жатса, сіз қайдағы жоқ садақа туралы айтасыз. Біз не қыр аралап, еріккендердің кәкір-шүкірін жинап жүр дейсің бе? Жұмыспен жүрміз. Көлік сынды. Қызық адам екенсіз. Одан да айтыңызшы, көлік оңдау білесің бе өзің?-деп бірде сіз, бірде сенге көшіп, әрпіл-тәрпіл сөйледі.
- Балаларым-ай, менен малдың жайын сұрасаң айтар едім, ал мына көк темірдің несін білемін? Өздерің қараңдар. Аздан соң оңдап, жүріп те кетерсіңдер, тек менің пітір садақамды ала кетіңдерші, сол еді бар аманатым.
- Сіз де қоймадыңыз ғой. Барыңыз. Басқа адам іздеңіз... Барыңыз...
- Сендерден басқа жан таппаймын. Ай бойы күттім. Өткенде біреуі тоқтамай зу өте шықты. Қуып біразға шаптым. Қайырлымай кетті. Ал басқалай бұл маңайдан көлік өткен емес. Сондықтан сендерден айырылмаймын. Менің "пітір садақамды" аласыңдар. Аудандағы мешітке апарып бересіңдер,-деп тұрып алды. Екі жігіт "пітір садақа" дегеннің не екенінен де онша хабарсыз болса керек, қолдарын сілтеп, қарияны жуытпады. Қария қалтасынан шүберекке түйген біраз ақшаны шығарып, көздеріне көрсетіп, қайта түйіп, қолдарына ұстатқанда барып, пітір садақа дегеннің шытырлаған ақша екені түйсіктерін түртті.
- Е, ақсақал, пітір, пітір, пітір садақа деп жұмбақтамай ақша демейсіз бе манадан. Біз "пітір садақа" дегенге пақыр тиын не ескі-құсқы киім-кешек секілді нәрсе ме десек, жарайды, алдық делік, ал осыдан көлігіміз оңдалмай жатып қалсақ, онда бізге өкпелемеңіз, ақша бізде қалып қояды... Ал оны қалай жұмсау керектігін өзіміз білеміз,-деп миығынан күлді.
- Балалар, өйтіп қуланбаңдар. Бұл сендерге ойыншық емес, сендердің алақаныңа салғаным өзімнің отбасым мен ана қыр астындағы көршім Қайырбай әулетінің жан басына шаққандағы "пітір садақасы." Ол көршім мұндайды білмейді де. Өзім ғой баяғы. Осыны мешітке жеткізіңдер. Сонда жасыл барқытпен ораған дәу жәшік болады, соған апарып саласыңдар. Қойшыбай шопанның отбасының атынан деңдер. Осы үшін сендердің де отбастарыңда, өмірлеріңде жақсылық болатынына бек сенімдімін. Сөйтіңдер, Ал жақсы, рахмет, Алла жолдарыңды оңғарсын, мен кеттім, айтпақшы, мә мынаны ұста балам, бұл дорбада аздаған сүр ет, нан, құрт, шалап бар, баламыз екеуміздің далалдағы азығымыз ғой, әлі татқанымыз жоқ. Осыны да сендерге бердім. Ал сау болыңдар. Жолдарың болсын. Әумиін!-деп бетін сипап, атына қамшы басып, малшы ұзап кеткені. Тонадайдан және айқайлады: "Қойшыбай деген шопаннан деңдер!"
Екі жігіт аң-таң. Қолдарында бір уыс ақша мен бір дорба тамақ. Екеуі "ақымақ шалға" күлді. Сосын көліктің көлеңкесіне жайғасып алып дорбадағы азықтан ішіп-жеп, әбден тойды. Шопыр жігіт "енді көлікті қаралық" дегендей дөңгелегін бір теуіп, рөлге отырды. От алдырған. Көлік "гүр" етіп қызды. Дым болмағандай матор сыңғырлап тұр. Екеуі қуанып кетті. Ойларында ештеңе жоқ зулатып, "аудан қайдасың?" деп артына ала шаң қалдырып, ұзап берді. Діттеген жерлеріне де жетті. Әр кім үйді-үйлеріне тарқасар сәтте, шопыр серігіне қарап: "Айтпақшы, әлгі шалдың ақшасын қайттік? Ол сенде емес пе?" деп есіне салды.
Досы қалтасын бір сипап: "Аман-есен келгенімізді жуамыз. Бұны басқа не істеуші едік?" деп ыржиды.
Шопыр жігіт: "Досым, әйтсе де аманат қой. Үлкен кісі атпен шауып осыны арнайылап тапсырды. Бір дорба азығын, батасын беріп кетті... ұят қой, сен апармасаң әкел, өзім мешітке соғып шығайын, менің үйіме барар жолда ғой",-деп жатыр. Серігі қарсыласқан жоқ: "Сенің айтуың да жөн болар. Мә, босқа кетіп бара жатқан қайран мыңдықтар-ай!.."деп шопан берген "пітір садақаны" шопырға берді. Шопыр жігіт оны апарып, жәшікке салып жатып, шопанның есімін есіне түсірді де дереу: "Қойшыбай дейтін шопанның отбасының атынан" деді. Оның сөзін жанынан өтіп бара жатқан мешіт имамы естіп қалып, қайырылды.
- Балам, Қойшыбай дедің бе жаңа?.. Кәдімгі қырдағы... О, ол кісі жылда қиналатын "пітір садақасын" жеткізе алмай...
- Иә, сол қырда қой бағатын Қойшыбай деген қария пітір садақасын беріп жіберген, соны салып жатқаным ғо...
- Е, дұрыс болған. Аманатқа қиянат жасамай әкелгенің қандай жақсы болған.Осы ісің үшін де саған Жаратқан мол сауаптан жазады,-деп жігіттің көңіліне шуақты сөзден сәуле түсіріп шығарып салды.
Жігіт ойланып, мешітке қайта кіріп, өзінің үй іші мен кеше алыс сапарадан бірге келген досы үшін де пітір садақасын салды. Ол оны айдаладағы Қойшыбай қариядан үйренді.
Сыртқа шығып ойланды. Кеше көліктің сынуы, шопанның алты қырдан амантпен жетуі, аман-есен орталыққа жетіп, мешітке өмірінде бірінші рет аяқ басуы - бекерден бекер болмағаны. Ол осы ой-пікірден нұрланып, досына бар сезіп-білгенін айтты. Ол үшін де "пітір садақасын" салғанын айтты. Досым, "Пітір садақасы" біз ойлағандай жай жұмсай салатын ақша емес екен. Онда Аллаға деген сенім де бірге жүреді, оразадан оразаға дін аман жетуге себеп болады дейді. "Пітір садақа" жетім-жесірлерге, жоқ-жітікке жұмсалады. Бұл бір қайырымдылықтың қайнарындай жақсы амал болған досым, біз қателесіппіз. Бізді өткенде ауылға аман-сау жетуімізге де себеп болған сол шопанның ақ пейілі, "пітір садақасының" күші екен. Ал ол күш біз білмейтін тылсым әлемге ұласып, Алла-Тағалаға жетіп жатқан бір үміт жібі іспетті ме деймін. Мен өмірімде алғаш рет осыны сездім,-деп сырласып, жол түссе Қойшыбай шопанға арнайы барып қайтуға, аманатын жеткізгендерін айтуға асықты...
Ватсап желісінен