Мен сіздерге әлемге деген көзғарасымды өзгерткен оқиғаны айтып берейін.
Үнемі, мына адам жақсы адам, ал мына адам жаман деген әңгімелер қозғалған кезде мен осы оқиғаны есіме аламын.
Бір ауылдық жерде тұратынбыз.
Бірде әкем мені қалаға ертіп кетті. Екеуміз аяқ киім іздеп жүргенбіз. Жол-жөнекей біз кітап дүкеніне кірдік. Мен сонда бір кітапты көріп, қолыма алып парақтадым, әр бетінде үлкен-үлкен, тамаша суреттер салынған екен. Әкем маған мына кітапты сатып алып берсе екен деп ойладым, ол кісі кітаптың бағасын көрді де: “Кейін сатып аламыз”,-деді. Кітап қымбат екен.
Үйге келген соң мен тек сол кітап жайлы айтумен болдым. Екі аптадан соң әкем маған сол кітапты сатып алуға ақша берді.
Дүкенге бара жатқанымда, егер ол кітап өтіп кетсе ше?-деген сұрақ туып, қорықтым. Жоқ, кітап орнында жатыр екен.
Біз саяжайлық поездың вагонына міндік, жұрттың бәрі менің қолымдағы кітапты байқады. Көптеген жолаушылар жаныма отырып ап, суреттерін көре бастады. Бүкіл вагон менің сатып алған кітабыма қуанумен болды, жарты сағаттай жұрттың бәрінің көңілі маған ауды.
Поезд келесі бір бекетке тоқтаған кезде, мен кітабымды терезе үстіне қойып қойып, терезеден орманға, дала мен шалғындыққа қарап отырғанмын.
Кенет - масқара болды! Кітап екі қабат терезенің ортасына түсіп кетіпті. Жағдайымыздың қаншалықты ауыр екеніне түсінбей отырып, мен біресе әкеме, біресе жанымызда кітапты алып беруге тырысып жатқан ұшқыш-көршіме қарап қоямын. Бір минуттан соң бүкіл вагон бізге көмектеспек боп жатты.
Поезд зуылдап барады, біздің бекетіміз да жақындап қалды. Мен кітабымды ала алмай жылап поездан түскім жоқ, сол кезде ұшқыш-көршім мені құшақтап:
-Қорықпа поезд әлі ұзақ жүреді, біз міндетті түрде оны алып, саған салып жібереміз. Мекен-жайыңды айтшы,-деді.
Мен жылап, айта алмадым. Әкем мекен-жайымызды қағазға жазып ұшқышқа ұстатты. Келесі күні әкем жұмыстан қайтқанында, кітапты алып келді.
-Терезе арасынан алған ба?-деп сұрадым мен.
- Иә,-деді әкем жымиып.
Бұл сол кітап еді. Бақыттан басы айналған мен ұйқыға жатарда кітапты құшақтап жаттым.
Бірнеше күннен соң пошташы үйге үлкен пакет әкеп берді. Пакетте сол бұрынғы кітап пен ұшқыштың: “Айттым-ғой мен саған, аламыз деп,”-деп жазған хаты бар екен.
Тағы бір күннен соң пошташы үйге тағы пакет алып келді, кейін тағы екі пакет алып келді, одан соң тағы үш пакет.
Сол уақыттан бері отыз жылға жуық уақыт өтті. Кітап соғыс кезінде жоғалып кетті. Бірақ ең бастысы - мен жақсы танымайтын адамдар жайлы, тіпті олардың түрлері де есімде жоқ, жақсы естеліктер қалды. Жаман адамнан гөрі, не болса соны есептеп отырмайтын жақсы адамдар көп деген сенім қалды, адам бойындағы жаман нәрселерден емес, керісінше оның бойындағы жақсылықтан өмір алға зуылдап барады.
Песков Василий Михайлович
(1930-2013) - жазушы, журналист, саяхатшы.
аударған Жүрсін Кәрім