Өткенде түріктердің болған оқиға желісімен түсірілген "Жасақ" ("Bölük)" фильмін көрдім. Фильм 1996 жылдары Мұрат Акман есімді жігіттің соңғы хаты үшін түсірілген екен.
Мұрат Акман кезінде қоқыс жәшігінен табылып, жетімдер үйінде өскен тастанды бір бала. Кейін ер жетіп, әскерде жүрсе де мемлекеттен алып отырған жәрдемақысын "жетімдердің қажеттілігіне жұмсалсын" деп өскен "отбасына" жіберіп тұрады екен.
Әскерде террористерге қарсы ұйымдастырылған әрбір әскери операцияға шығарда Мұрат қақпада тұрған сарбазға хат тастап кетіп отырады. Операциядан қайтпай қалған жағдайда хатты теледидарда диктор боп жұмыс істейтін, жетімдер үйінде бірге өскен қыз досына тапсыруды аманаттайды. Ал қызға хатты теледидарға белгілі бір ақыға ұсынып, ақысын жетімдер үйіне апарып беруді тапсырады. Өлімге кетіп бара жатса да, жетімдер үйіне қайырымдылығын жасап қалмақшы.
Сөйтіп, Мұрат Акман бір әскери операциядан қайтпай қалады, шейіт болады. Аманаты да тапсырылғанындай орындалады. Хаты да халыққа жарияланады.
«Бұл хатты газеттен оқып отырсаңыз, демек өлген екенмін. Отбасым болғанында бұл хатты соларға жолдар едім, бірақ отбасым жоқ»- деп бастайды сарбаз хатын.
Мұрат жанында елдің әр аймағынан келген, бір-бірін танымайтын бірақ бір-бірінің жанын қорғау үшін серттескен сарбаздар барын, біршамадан кейін әскери операцияға шығатындарын, ол жақтан да бәрінің сау оралуын тілеп, хатын әрі қарай былай жалғастырады:
«Бір қызығы бұл хатты оқып отырғаныңызда мен неден өлгенімді де білмейтін боламын. Не бір мина басқанмын, не оққа ұшқанмын. Білгеніңіз бар ма менің қалай өлгенімді?
Казармада әр теледидар қарағанымда бір-бірлеріңізді өлтіргендеріңізді, жандарыңызды жаралағандарыңызды көрдім. Музыканың дауысын қатты шығарды деп көршісін ұрғандар... Күші әйеліне жетіп, қол көтергендер... Қалтасындағы он теңгесі үшін адам өлтіргендер... Қыз досына қарады деп жанындағысын пышақтағандар...
Мен кімді қорғау үшін өлдім сонда, білгеніңіз бар ма?
Еті шала пісті деп официанттың жағасынан алған адам! Сен тыныш ұйықтасын деп төбемнен оқ жауып тұрғанда мен тауда тапқанымды талғажау еттім.
Көлігін соқты деп, көлігінен тоқпағын ала шыққан адам! Мені қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен анам! Айтыңдаршы мен кім үшін жан тапсырдым?
Жетімдер үйінде және әскерде ең керемет нәрсенің - "бір нанды бөлісіп жеу" екенін үйрендік біз. Ал сіздерге нені бөлісуді үйретті?
Сізді әуелі Аллаға аманат еттім. Мен сіздерге разымын, Аллаһ Тағала да сіздерге разы болсын!» (Мұрат Акман, 1996.)
Осы хаттан кейін бабалардың бізге жазып қалдырған хаты еске түсті.
"Бір Аллаға сыйынып,
Қанды көбе киініп,
Кезенген жауға тап келіп,
Ағаш найза бір атпен", - деген Махамбет,
"Ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап", - деген Ақтамберді жырау,
"Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес",
"Ер Мамайдың алдында шәһид кештім, өкінбен!", - деген Доспамбет жырау,
"Кешу кешпек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірім өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр", - деген Шалкиіз,
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан
Сүйіншіұлы Қазтуған!", - деген Қазтуғандар "біз кім үшін жан қиып, кім үшін шейіт болдық" деп жатыр ма екен көрлерінде?
Жемқор ұрпағы қан төккен бабаның жерін ақша үшін сатуға дайын, дінсізденіп бара жатқан ұрпағы дін үшін жанын берген бабаның жұртында азғындыққа салынуда, бір-бірін тірідей жеп жатқан ұрпағы бірлік үшін тер төккен бабаның елінде алауыз... Сонда бабаларымыз кім үшін шейіт болды, кім үшін жан қиды?
Салтан САЙРАНҰЛЫ