МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІН ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ БІР ТАМШЫ ОЙ... (Мәселенің қойылуы: кіріспе)

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІН ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ БІР ТАМШЫ ОЙ... (Мәселенің қойылуы: кіріспе)

610
6 мин
МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІН ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ  БІР ТАМШЫ ОЙ... (Мәселенің қойылуы: кіріспе)

Қазақ елі мемлекеттілігінің баяндылығы мен болашағы үшін оның құрушы мәдениетімен байланысының тетіктері ғылыми, саяси және болмыстық негізде құрылуы қажет. Бұл қабаттарды зерттеу әрі оны бүгінгі қоғамда, осы уақытта қолдану кез келген биліктің бірінші мәселесіне айналуы шарт. Ол үшін де «не» деген сұрақтарды жауаптау маңызды. Сондай мәселелердің басында бүгінгі қазақ билігінде дін құбылысы тұр. Енді дін құбылысының «не» екендігі, яғни мәні мен маңызы, жахандық және отандық саясат тұрғысынан да белгілі. Мәселе осы құбылыстағы тетіктер мен оған деген қатынастағы «білу, тану, сезу» сатысы туралы болмақ. Ол дегеніңіз тікелей осы құбылыспен айналысатын билік, мемлекеттік институттардың дінге деген саясаты мен кадрлық әлеуетіне тікелей байланысты.

Елбасымыздың «Дініміз ислам, кітабымыз Құран, тегіміз түрік» деген тұжырымында терең онтологиялық ақиқат бар. Тәуелсіздігімізбен бірге діни орталықтандыруды шешу мақсатында ҚМДБ құрылуы, Дін істері агенттігінің, кейіннен комитет ретінде мемлекеттік институтқа айналуы, заңымыздағы «Ханафи мазхабы» тарихи миссиясының орын алуы, зайырлылық ұстанымының «құндылық» дәрежесінде анықталуы, әлем діндері басшыларын Астанаға жинауы т.б. құбылыстардың тарих болып көз алдымызда үдеріске айналуы бұл Елбасының жоғарыдағы айтқан «дін құбылысының» мәнін дұрыс бағамдауы мен тануында жатыр.

Мәселе білу мен тану және сезіну үштігіне келгенде тағы да кадрға барып тіреледі. Бізде кадрлар, дін құбылысын тану тұрғысынан «онтологиялық және саяси» платформаларда біріге алмайды. Бірі дінді болмыстық тұрғыдан, олар дін мамандары, екіншілері саяси тұрғыдан, бұлар, да мамандар бірақ дін маманы емес, ұлттық қауіпсіздік сарбаздары, арасындағы қайшылықты туындатады. Мұны елбасы біліп отыр, «терроризммен күресеміз деп жүріп, исламмен күресіп кетпеңдер» деген сөзі осы құбылысқа дәлел. Мәселе тану мен сезуде жатыр. Мұның орталығы әрине кадр, маман, яғни адам факторы. Осы дін мәселесі төңірегінде қоғамдағы және мемлекеттік институттардағы діни ахуалды зерттеу үдерісінде болсын, әлеуметтік бағалауда болсын, аймақтық «әсер және кері әсер» қабаттарында «дилемма» орныққандығын байқауға болады. Бұл дилемма әсері, қоғамдық институттан да мемлекеттік институттарда да белең алғанын айтуға болады. Меніңше бұл дилемма бастауы мемлекет пен дін қатынасындағы «зайырлылық» ұстанымына деген көзқарас қайшылықтарында жатыр. Қоғамдық институт өкілдері мен мемлекеттік институт өкілдері зайырлылық ұстанымын өздерінше танымдық, эпистемиологиялық тұғырнамада түсінетіндіктен, сыртқы халықтың танымында бірізділік қайдан болсын. Қарапайым ел азаматтары тұрмақ, мемлекеттік институттардағы құқық, юстиция, білім беру, дін істері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында осы мәселедегі танымдық бірізділік идеялық және принциптік деңгейде шешілмеген. Содан барып, жахандық саясиланған дін шаблондарынан арылу былай тұрсын, өзіміз қазір дінді саясаттың орталығына айналдырып жібердік.

Қазір іс жүзінде ел аумағындағы барлық «ішкі саясат бөлімдерінің» басты тақырыбы осы дін төңірегінде болып отыр. Дін арқылы мемлекеттіліктің баяндылығын да, мәдениетті де, тұрақтылықты да, саясатты да шешеміз деу қаншалықты ақылға қонымды? Рас дін құбылысы адамды қоршаған танымдардың бірі әрі бірегейі. Ол мәдениеттің мазмұны, адамды қалыптастыратын негізгі құндылықтық институт. Бірақ зайырлылық қайда қалды? Жарайды, бұған жахандық саясаттың, содырлардың, терроризмнің, экстремизмнің ықпалы бола қойсын, бірақ, біздің елде бұлар тек қана діни мәселеден туындап отырған жоқ. Бұл жастардың жұмыссыздығы, әлеуметтік теңсіздігі, шарықтау деңгейіндегі коррупция, мемлекеттік бедел, құқықтық үстемдігіне деген сенімсіздік сияқты психологиялық қобалжулар мен тұжырымдар...Бұлар жеке арнайы сала ретінде қарастырылмаса бұл бағыттың ертең жарға соғары даусыз.

Сосын аз қазақты дін тақырыбында, дәстүрлі және дәстүрлі емес мұсылмандар ретінде бөліп, өзара үрей туғызып, бір біріне деген сенімсіздікті көріктеу, «сен мен» дегізіп, интернетте болсын, қоғамда болсын, отбасында болсын «күрестіріп» қою кімге тиімді? Бұл тұрақтылықты қамтамасыз ету ма әлде, диалектикалық басқару ғана ма? Жоқ әлде бұл бөлінген ақшаны жарату тетігі ма? Қоғамда пікір алуандығы болғаны дұрыс. Бірақ бұл табиғи негізде болса, құба-құп. Ол қауіпсіз, керісінше пайдалы құбылыс. Мысалы «дәстүрлі және дәстүрлі емес» топтар арасында пікір қайшылықтары екі жақтың да ортақ жол табуына, өзара білімін жетілдіруіне, ықпал еткен болар еді. Егер мемлекет тек қана «бақылау мен бағыттауды» қамтамасыз етіп отырса.

Ол үшін ең бастысы, мемлекеттік институттар мен қоғамдық институттар арасында сенім деген құндылықты негізгі тұғыр ретінде орнатып, ғылыми танымды іске қосқан абзал деп білемін. Егер Елбасы айтқандай, «дініміз ислам, кітабымыз Құран, тегіміз түрік» деген анықтамаларды негізге алсақ, онда бұл мәселелерді болмыстық, құндылықтық, құқықтық және ғылыми танымдық шеңберде ұйымдастыруды қолға алғанымыз абзал. Бұл мемлекеттіліктің де зайырлылықтың да беделін өсіретін ұстаным. Егер дін құбылысына тек қана саяси, ұлттық қауіпсіздік шаблондарымен ғана қараумен шектелу, Елбасы айтқандай, «исламмен күресіп кетуге», «исламофобияға» қызмет етуге апарып соғуы ықтимал.

Досай КЕНЖЕТАЙ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс