Фадлаллаһ ибн Аби-л-Хайр Ахмад - Хорасан сопылық мектебінің негізін салушылардың бірі. Иранның Хорасан уәлаятына қарасты Майханадағы дәріханашының отбасында дүниеге келген. Оның әкесі сопылармен тығыз байланыста болған әрі өз баласын да осы ілімге бейімдеген Әбу Сайд Майхани Әбу-л-Қасым Бишр ибн Иасинді ұстаз тұтып, үнемі өз уағыздары мен үгіт-насихаттарында Әбу-л-Қасымның жырларына жүгінеді. Жас кезінде 5 жыл Әбу Абдаллаһ Мұхаммед әл-Хисриден, 5 жыл Әбу Бәкр Абдаллаһ әл-Кәффәләдан, Әбу Әли Заһир ибн Ахмадтан сабақ алған. Әбу Сайд Майхани Майханаға оралып, 15 жыл бойы тақуалық жолды ұстанды. Сөйтіп, сопылық ағымдағы көрнекті пірлердің біріне айналды.
***
Жүректегі қандарымды азат етіп өзімнен,
Сүйіктіме қосылатын махаббатты сезінгем.
Жаулап алды Ол мендегі болмыстардың барлығын.
Есім ғана қалды менде, байланды Оған тағдырым.
***
Бұл өмірде өкініште мәңгі қалғың келмесе,
Зұлымдар мен маскүнемнен аулақ болғын ендеше.
Кәпір болып иманыңды алсаң егер жоғалтып,
Ғашық болып қала алмассың ұмтылғанмен сен неше.
***
Өртенеміз дәйім біздер махаббаттың отына,
Мына әлем – қасапхана, рухыңның соты да.
Ұйқтамаймыз, қарын тойып ішпейміз біз тамақ та,
Барамыз деп құштар болып жатпаймыз ғой жұмаққа.
Өйткені бұл тозағымыз әлдеқайда жоғары,
Мұндай күйді біз секілді кешкен жандар жоқ әлі.
***
Арыстан да болдым талай, олжам болды барыстар,
Аң ауласам, жемтігіме айналған-тын талыстар.
Сүйіспеншілік бойды жаулап, ғашық болған шағымда,
Әмір берді ақсақ түлкі еркін еніп бағыма.
***
Бұл шапанды ешқашанда шешкім жоқ,
Ішінде оның Хақтан өзге ешкім жоқ.
***
Зұлымдық та өзіңнен,
Жамандық та өзіңнен.
Адалдыққа жетесің
Тек қана сен төзіммен.
***
Нағыз тозақ – мына жер ғой сен тұрған,
Ал жұмағың – сен жоқ жерде ант ұрған.
***
Құдайыңа талпынсаң сен жетем деп,
Қадам жаса, қарап тұрмай бекер тек.
***
Құдай мәңгі тұрсын десең жүректе,
Жүрегіңді тазартқын да ретте.
Жиһаз толы үйге Тәңір кірмейді,
Өзім ғана себе алам нұр дейді.
***
Рухани толысуды шын пейілмен тілесең,
Ең төменгі қасиетті қоқыстарға күре сен.
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ