Таңдап алған жардан соң,
Шын айрылып қалған соң,
Қанша қырлы болса да,
Ер азамат сәнді емес.
Қатын ерге қарысса,
Арпалысып жарысса,
Қажымас па қайран ер?!
Туған бала мәнді емес,
Асыл болса алғаны.
«Сіз» - деп сөйлер, «сен» демес,
Мұндай ару алғандар
Зынданға түссе, шерлі емес.
Шын асылмен дос болсаң,
«Алсаңыз, ал, бер» - демес.
Түзу жолда жүрген соң,
Теңім түзу көрген соң,
Жарлы да болсаң, тұқым шаш,
Еңбегіңді жер жемес.
Қайсыбірін айтайын,
Бәрінен де, жігіттер,
[Ағай]ынға жалынып,
Сүйенбеген пенде емес.
Көрінгенге бой ұрып,
Жастан болдық далбаса.
Түрлі сәулет құлпырып,
Шыдап тұрмас алдаса.
Жастықта қызба, жалын от
Артығы ақылға салмаса,
Дариядан гауһар кім алар,
Тереңге сүңгіп бармаса?!
Жігіт болмас, құр қалар,
Қайрат қолын қармаса.
Естілер ардан танар ма,
Шара жоқ еңбек жанбаса.
Бір ұстатпай қала ма,
Соңынан қуып қалмаса?!
Мәшһүр Жүсіп