Имам Әбул Баракат ан-Насафи — ислам дінінің әйгілі ғұламаларының бірі, әсіресе ислам құқықтануы (фикх) және ақида (сенім) салаларында ерекше танымал. Оның толық аты-жөні Абдуллаһ бин Ахмад бин Махмуд ан-Насафи. Ол Ханафи мазхабының көрнекті ғалымдарының бірі ретінде өзінің еңбектері арқылы ислам ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан.
Ан-Насафи көбінесе сенімге қатысты "Ақида ән-Насафия" атты қысқа, бірақ маңызды еңбегімен танымал. Бұл еңбек ислам ақидасының (сенім негіздерінің) қысқаша әрі терең түсінігін береді және ислам әлемінде кеңінен оқытылып, зерттелуде. Бұл кітапта Аллаға, пайғамбарларға, қасиетті кітаптарға, періштелерге, тағдырға және ақырет күніне сену мәселелері жан-жақты қарастырылады.
Ғалым өзінің еңбектерінде Ханафи мазхабының қағидаларын дамытып, фикх саласында да кеңінен танылған. Оның фикхқа байланысты еңбектері ислам құқықтарын түсінуде маңызды рөл атқарады және қазіргі заманға дейін көптеген ғұламалар мен студенттер арасында зор құрметке ие.
Мұндай ғұламалардың терең ілімдерін меңгеріп, қазақ халқына өлең жолдарымен жеткізген ұлы тұлғаларымызды қалайша құрметке лайық емес деуге болады? Бүгінгі күні кейбір теріс пікірдегі адамдар Абайды адасқан, Шәкәрімді шатасқан деп, орынсыз сын айтып жүр. Қазақты мұсылман болмаған деп, тәңірге табынған, табиғатқа сыйынған деп жаңсақ пікір тарататындар да бар.
Бүгінгі сабақты оқи отырып, Мәшһүр Жүсіп атамыздың өлең жолдарына таңдандым. Әуелден қазақты серік қосудан, күпірге түсуден сақтаған алтын ғұламаларымызды әлі де толық танып білмей жатқандаймыз. Егер оларды жақыннан танып білсек, құрметіміз артып, ұлықтарымызды лайықты дәрежеде ұлықтайтын едік.
Жарқынбек Амантайұлы ағамыз депутаттық сауалында “Инфосығандар” туралы керемет айтты. Осындай инфосығандардың арасында еліміздің ұлы тұлғаларын, дін қайраткерлерін орынсыз айыптап, “дүмше” деп санайтындар да көп. Мәшһүр атамыздың өлеңін оқып, жаттап жүрген абзал. Ғұламаларымыздың сенім мектептерін қазақ тілінде сөйлеткен ұлт қайраткерлерінің есімі ұлықтала берсін.
Тақырыпқа қатысты мына өлең жолдары Аллаға қатысты сенімдерді тереңірек түсінуге көмектеседі:
**Ол — Алла жисм, жауһар, ғариз емес,
Боларға басқа басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,
Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.**
**Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Сипаты сегіз болған, бірі — кәләм,
Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам.**
**Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,
Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам.
Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,
Кітаптың айтқанынан ойлама көп.**
Алла қол, аяқ, көз т.б. секілді денеден (жисм), бөлшектенбейтін атомнан (жауһар), кейіп, көрініс, түр-тұлғадан (ғариз) тұрмайды.
Ақжол ИСАБЕК
(Шарбақты ауданы, «Қызыр» мешітінің
бас имамы)