ХАЛАЛ АСТЫҢ ИЕСІ — «ҰЛЫ ҚАЗАҚ»

ХАЛАЛ АСТЫҢ ИЕСІ — «ҰЛЫ ҚАЗАҚ»

1140
4 мин
ХАЛАЛ АСТЫҢ ИЕСІ — «ҰЛЫ ҚАЗАҚ»

Қазақ халқы ежелден табиғатпен үндесіп, адал мен арамды жақсы ажырата білген. Олар тек адал аңдарды ғана аулап, етін азық қылып, шошқа, түлкі және басқа жыртқыш аңдардың етін жемеген, себебі мұндай аңдарды арам санаған. «Ас адамның арқауы», «Аш адам атасын танымас, надан адам қатасын танымас», «Тамақ бойға қуат, талап ойға қуат», «Тамағы тоқтың қайғысы жоқ, киімі бүтіннің уайымы жоқ», «Асы көптің тәні семіз, досы көптің жаны семіз» деген мақалдар қазақтың ас пен оның қадірін қалай бағалағанын көрсетеді.

«Жеті күндік сапарға жетпіс күндік азық ал», «Асыра жеген ас харам», «Балық жесең үндеме, өзі жесін кел деме», «Алдымен тағам, онан соң ғалам» сияқты нақылдар да қазақтың асқа қатысты терең түсінігін паш етеді. Қазақ халқы ас пен денсаулықтың байланысын түсініп, «Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ» деп айтқан.

«Қатынды берген тамағынан емес, жарқылдаған қабағынан таниды» дегендей, қазақ халқы тамақтың өзіне ғана емес, соған қатысты әдеп-ғұрып пен көңіл-күйді де бағалаған. «Тамағын жеп, табағына түкірме», «Әйелдің мешкейі — жұт, ердің мешкейі — құт», «Ас — әулие, мал — құдай» сынды мақалдар арқылы асқа қатысты дәстүрлерін сақтап, өмірге даналықпен қараған.

Бүгінде қазақ халқының ас-суы химиялық қоспасыз, таза күйінде сақталған. Бұл — дана бабаларымыздың ас-суды кие тұтып, дастархан дәстүрі мен қонақ күтуді жоғары қойғандығының белгісі. Ас ішу мәдениеті мен рухани тазалықты бағалаған «Ұлы Қазақ» екенін мақтанышпен сезініп, ата-бабалар салған жолды ары қарай жалғастыруымыз керек.

Ата қазақ «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Ас жегеннің аузы жұмсақ», «Бастан үлкен болсаң да, астан үлкен емесің», «Нан қоқымын шашпа, аяққа таптама, теріп алып құсқа таста» деп үйретіп, асты ысырап етпеуді тапсырады. Дәмін татып, өзіне опасыздық жасаған адамды «Дәмге тапсырдым», «Дәм атсын, дәм ұрсын» деп, дәмнің киесіне тапсыратын болған.

Қазақтың дастархан әдебі де ерекше. Дастарханның шетін баспайды, аттамайды, біреудің алдындағы асқа қол созбайды, дастархан басында шалжиып жатпайды. Ренжіскен адамдарды ақ дастарханға шақырып, дәм ауыз тигізіп, татуластырады. Нан ұстап серт бергенде, «Сөзімде тұрмасам, нан ұрсын» деп серт береді. Бұл — қазақтың ұлы дәстүрлері.

Сыйлы қонаққа ақсарбас қой, көкқасқа тай, атан өгіз сойып, ақ түйе қарнын жарып күтіп алу дәстүрі қазақтың жомарттығы мен қонақжайлығын танытатын ең асыл дәстүрлерінің бірі.

“Арам ауыздан адал сөз шықпас, арам қолдан алал ас піспес” , “Тамақ — тәннің нәрі, ұйқы — жанның нәрі” , “ішің ауырса, аузыңды тый, көзің ауырса, қолыңды тый” деп таза астың десаулыққа пайдасын, арам астың десаулыққа зиянын” түймедей сөзбен түймелеп жеткізіп, сара санаға саралап құйып тастаған. Міне «ұлы қазақтың” ұлы ұрпағына аманаттап кеткен ұлы тағылымдары деп осына айтамыз.

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс