Мал көздей шыққан бір бала жуан дөңнің етегіндегі саздың қара батпағына батып жатқан тайыншаны көреді де, жүгіріп қасына барады. Сүйемелдеп шығарып алғысы келіп еді, қозғалтуға шамасы жетпеді.
– Қап, жойқын күшім болар ма еді, шіркін!.. – деп өкінеді.
Басын сипалап, әлденені есіне түсірмек ниетпен ойға шомады да, өзіне-өзі сұрақ қояды.
– Дүниедегі нағыз күшті кім болды екен, осы ?..
– Күллі әлемге жарық сеуіп, төбесінен қарап, бақылап тұрған Күннен күшті кім болушы еді, – дейді нән қарағайдың сидам бұтағында қонақтап отырған Құзғын. Елдің құзғынды жүз жасайтын құсқа балайтынын білетін бала бұған сенеді. Қуана Күнге мойын бұрады.
– Ей, отты Күн!.. – деп айқайлайды көкке қарап. – Сен айтшы, асқан күшті екенің рас па?..
– Жоқ, олай емес, менен де күшті бар... – деп, Күн мұңайғандай кейіп танытады.
– Сенен де күшті кім ол?
– Аспанды кезген анау көкала бұлттар менен күшті, сырғып келіп бетімді жауып, көлегейлесе, әрі қозғалтып жіберуге шамам жетпейді.
Мұны естіген бала енді көктің төріне қалықтап жүрген бұлттарға назар аударады.
– О, жөңкіген бұлттар, айтыңдаршы, расында да сендер күштісіңдер ме? – деп сұрап еді, ақ қанатты көк бұлт күліп жібереді.
– Егер біз күшті болсақ, өрекпи соққан желдің қалай болса солай айдағанына көнбес едік қой. Бізден жел күшті.
Бала жалпақ сайды қабырғалай соққан Желге кеудесін тосып тұра қалды. Жел гу-гу еседі.
– О, арыны қатты Жел ерке, айтшы, сен күшті екенсің ғой, бойыңа сол күшті қайтып жинайсың?..
– Қайдағы күш мендегі?.. – дейді Жел таңырқап. – Нағыз күштіні білгің келсе – асқар Тауға бар. Ол өмірі маған жол берген емес.
Бала жүгірген бойы қыр арқасының сеңгірінен түспейтін серек тастары құдиған қарсы алдындағы Таудың етегіне барып бір-ақ тоқтады.
– О, құдіретті Тау, қалай, қайтіп күш жинағаныңды айтшы!.. – деп өтінді бас иіп. Тау бірдеңе айтудың жөнін іздегендей, шалғын шашы желбіреп, біраз құнжыңдады.
– Сен, бала, нағыз мықтыға жолығып, бойыңа күш жинаудың тәсілін білгің келсе. – дейді Тау жөн сілтеп, – онда Құмырсқаға бар. Одан асатын күшті ешкім жоқ. Менің мынау алпамсадай денемді үңгіп, ұя салып алады. Соған қарсылық көрсетуге менде шама жоқ.
Бала жалпақ беткейді жапқан қалың ағаштың арасындағы үй орнындай ашық алаңқайға салған Құмырсқа илеуін іздеп тауып алды. Ішке кіріп-шығып, дән тасып жүрген құмырсқалар құж-құж қайнайды.
– О, сүйкімді құмырсқалар,– дейді бала илеуге үңіле төніп.– Сендер шынымен күштісіңдер ме?..
– Иә, біз күштіміз!.. - дейді басқадан тұрқы ірілеу қызыл-күрең Құмырсқа басын қақшита тікесінен тұра қалып.
– Олай болса айтшы, бойларыңа күшті қайтіп жинайсыңдар?
– Оның саған не керегі бар?
– Менің де бойыма күш жинап, мықты болғым келеді...
– Талабың таудай екен, шегінбе!.. Ол үшін алдымен өзіңді соған әзірле, ойыңды бекіт.
– Қалай, қайтіп? Не істеуім керек?
– Санаңнан жалқаулықты қуып шық та, ойыңды мақсатыңа бағындыр. Бұлай істеуге қажырың жете ме?
– Мақсат еткен соң, соны орындауға барлық жігерімді жұмсайын. Содан кейін қайтуім керек?
– Күніне үш мезгіл – таңертеңгісін, түсте және кешкісін үзбей қимыл-қозғалыс жасап отыруға дағдылан. Уақытты бос өткізбе. Күн сайын бір жұмыс тындыр. Қандай шаруа істесең де ойланып, пайымдап атқар. Албаты аптықпа. Сонда бірте-бірте ақылың толығады, бойындағы күшің молығады. Сөйтіп, өнебойыңа жойқын күштің орнығуына жағдай жасалады. Сол жиналған күшті тынымсыз қимыл-қозғалыс арқылы ұдайы үстемелеп отырасың.
Бала солай істеуге бекінді. Ал қазір ауылына барып хабарлаған соң, адамдар жиналып келді де, батпаққа батып жатқан тайыншаны құтқарысты.
Бала өзінің ойын жүзеге асыруға кіріседі. Бойына күш жинау үшін құлшынып, әлгі құмырсқа айтқан шарттарды орындай жүріп, үй шаруасына қарайласады, әке-шешесіне қолқабыс бере бастайды. Мал қайырады, шөп шабады, егін орады. Осылайша бірте-бірте қабырғасы қатаяды. Енді шөптің бауларын не астық салған қаптарды көтерсе, мықшыңдамай, дік еткізеді. Осыдан кейін бала: «Күш – адамның бойына үздіксіз қимыл жасау арқылы жинақталады екен-ау ...» деген ой түйеді. Сөйтіп, адам бойына күштің қалай пайда болатынының сырын ұғып, мұратына жетеді.
Құрманбай Толыбаев - Күш қайдан келеді