КӘРІ ЖІЛІКТІҢ ҚАСИЕТІ (Бабалар сөзі –ақылдың көзі)

КӘРІ ЖІЛІКТІҢ ҚАСИЕТІ (Бабалар сөзі –ақылдың көзі)

2178
4 мин
КӘРІ ЖІЛІКТІҢ ҚАСИЕТІ (Бабалар сөзі –ақылдың көзі)

Ауылда өсіп, қазақы тәрбиенің тәлімімен сусындасақ та, білгенімізден білмегеніміз, көргенімізден көрмегеніміз көп екен. Келін болған соң той-томалақта қазан-ошақтың маңына жиылатын әдетіміз бар ғой. Қайынағаларымыздың үйінде келін түсіп, аяқ астынан ылғи келіндер жиналып тойдың қамына кірістік. Бір әжей кіріп-шығып жүріп, қазанның айналасында жүрген бізді көзі шалып қалып, бір нәрсе айтқысы келген сыңай танытты. Сексенге таяп қалған кейуананың жанына келіп, оның сөзіне құлақ түрдік. Сонда ол бізге көптеген керекті кеңестерді айтты.

«Қазанға ет салғанда кәрі жілікке баса мән беру қажет. Алдымен, «бісміллә» деп осы жіліктен бастап салады. Еттің барлығын ұстап тұратын қасиеті болғандықтан, құда табаққа салмайды. Қонаққа, бөтен адамға емес, керісінше үй иесіне немесе ағайынға береді. Мұның себебі «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдалады. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаса, «сүр бойдақ боласың» деген сеніммен бойдақ жігітке бермейді» деді ол. Көпті көрген әжейдің айтуынша, бұрын мал сойылып, ет асылғанда кәрі жілікті үйдің үлкені мүжіп, тазалап қояды. «Мал-жанымның амандығы үшін» деп босағаның оң жағына байлайды. Бұл ­– береке мен ынтымақ, құт пен ырыс өз шаңырағында мәңгі тұрақтайды деген ырым. Мұны көріп өскен біз кәрі жілікті құт көреміз. Отбасының  қорғаны деп санаймыз. Ұлдарым мен келіндеріме ұдайы оның қасиеті туралы айтудан жалыққан емеспін деп түйіндеді әңгімесін қария.

Шынында сол абыз ананың айтқан ұлағатын көңілге түйіп, оны малдың сүйектерінің бірі болғанымен, оның өзіндік қасиетіне ерекше маңыз берген жөн екенін ұқтым. Бүгінде ұмыт болған бұл наным, сенімге көпшіліктің бейжай қарайтыны рас. Бұл ретте ата-бабамыз қастерлі санаған жілік туралы аңыз да бар екен. Түсінікті болуы үшін оны қаз-қалпында бергенді жөн көрдік. «Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі:

– Балам, мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың, – дейді.

– Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы селсоқ қарайды. Бірақ, әке көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады. Межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап, елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде артқы жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ, ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі:

– Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – деген екен. Міне, осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық қауіптен құтқарады» деген сөз қалса керек.

Тізе берсек, кәрі жіліктің қасиеті туралы бірнеше мысал келтіруге болады. Ел аузындағы аңыздардың астарында бір шындық жатқаны рас. Бабалар сөзі – ақылдың көзі ғой шіркін! Оны құйма құлаққа құйып алғанның артықтығы жоқ.

                                                                                               Г.АСҚАРҚЫЗЫ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс