КҮЛКІНІҢ МӘНІ

КҮЛКІНІҢ МӘНІ

498
7 мин
КҮЛКІНІҢ МӘНІ

1 сәуір - күлкі күні. Себебі, күлу - адами болмыс. Сондықтан да оны (орынды күлкіні) дініміз де, дәрігерлер қауымы да қош көреді. Мәселен, күлкінің шипалық қасиеті туралы Кристоф Вильгелм: "Барлық дене қимылдарының ішінде — күлкі ең келістісі, ол ас қорытуға, қан айналымына қолайлы әсер етіп, барлық ағзалардағы өмірлік күшке серпін береді", - дейді . Әйтсе де күлкінің де күлкісі бар. Соған орай күлкі туралы айтылар мақал-мәтелдер де әрқилы. Бұл орайда Сейіт Кенжеахметұлы: "Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім", - деген.

"Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігі, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісі танылады" демекші, қазақ атамыз айтқан үш арсыздың бірі – күлкі. Оны төменде біз келтірген бірқатар мақал-мәтелдерден де аңғаруға болады. Олар: "Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер", "Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас", "Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл", "Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі" "Орынсыз күлкі – ұрыс шақырар", "Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады».

Жалпы күлкіге қатысты мақал-мәтелдерді саралағанда аңғарғанымыз, ата-бабаларымыз күлуге жете мән берген екен. Содан болса керек, тілімізде қолданыста жүрген күлкінің түрлері жүдә көп. Олар:

қарқылдап күлу,

тарқылдап күлу,

сақылдап күлу,

жырқылдап күлу,

кеңкілдеп күлу,

селкілдеп күлу,

сықылықтап күлу,

жымиып күлу,

кекесінмен күлу,

миығынан күлу,

мысқылдап күлу,

мырс-мырс күлу,

өтірік күлу,

жылмиып күлу,

сыпайы күлу,

ішек-сілесі қатып күлу,

мазақтап күлу және

бос күлкі,

бояма күлкі,

орынсыз күлкі немесе кісі қадір-салмағына лайық мәнді-мағыналы күлкі т.б.

Осы ыңғайдағы күлкі түрлеріне Әбіш Кекілбаев ағамыз да жете мән беріпті. Мәселен Әбіш ағамыз шығармаларында кездесетін күлкі түрлері былай болып келеді:

тәкәппар күлкі, жұмбақ күлкі, сиқыр күлкі, монтаны күлкі, жымсиған күлкі, болмашы күлкі, жымың күлкі, жымысқы күлкі, күмілжі күлкі, сылқ-сылқ күлкі, ду-ду күлкі, қыран-топан күлкі, қылмыңқылмың күлкі, жымың-жымың күлкі, бүлк-бүлк күлкі, ашық күлкі, ұры күлкі, сілімтір күлкі, жымиған күлкі, қарқ-қарқ күлкі, әдемі күлкі, сыпайы күлкі, қақақу күлкі, сақ-сақ күлкі, дуылдаған күлкі, кекесін күлкі, тыжырынған күлкі, жексұрын күлкі, қарқылдасқан күлкі, жайдары күлкі, жайраң күлкі, қуақы күлкі, кеукеу күлкі, лақылдақ күлкі, сылқылдақ күлкі, лекілдек күлкі, мәз-мейрам күлкі, марғау күлкі, масаттанған күлкі, зірк-зірк күлкі, т.б.

Күлкінің мәні туралы хакім Абай да артына сөз қалдырған. Мәселен бір өлеңінде:

"Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса, жарайды қылса сұхбат", - десе, келесі өлеңінде:

"Жастықта бір күлгенің - бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

 

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық", - дейді.

Осы ойын қара сөзінде былайша түйіндейді:

"Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкінің өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат етіп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау – құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».

"Сүтке сүт қасылса – сүмесін, сөзге сөз қосылса – демесін», - демекші, тілімізде күлкінің әзіл, оспақ, әжуа, сықақ, қалжың, келеке, кекесін, келемеж, мазақ, мұқату, мошқау, шенеу, қағытпа секілді толып жатқан реңктері бар. Олардың бәрі де күлкінің түрлері болғанымен мәні әрқилы. Соған орай күлкі түрлерін білу және күле білу әр адамның өз ортасында абыройлы болуына септігі тиері кәдік. Сондықтан да күлейік, бірақ орнымен күлейік. Соған орай Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Көп күлме, өйткені күлкі жанды өлтіреді» десе, хакім Абай өзінің төртінші қара сөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек; күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек...", - дейді.

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) қатты күліп отырғандардың қасынан өтіп бара жатып: «Менің білгенімді сендер де білгендеріңде, күлмей, жылар едіңдер», - деген екен. Ал Омар ибн Хаттаб (р.а.) болса: "Кімнің күлкісі көбейсе, айбаты азаяды, кім көп қалжыңдаса, абыройы азаяды, кім бір әрекетті көп қайталаса, сонымен танымал болады, кімнің сөзі көбейсе, қатесі көбейеді, қатесі көбейгеннің ұяты азаяды, ұяты азайғанның тақуалығы азаяды, тақуалығы азайғанның жүрегі өледі, өйткені күлкі кісінің ахиреттен бейхабар екендігін көрсетеді" — депті.

Қалай десек те Марк Твен айтпақшы: "Адамзат ең қуатты қаруға ие, ол - күлкі". Соған орай Гёте:

"Адамдардың мінезі олардың нені күлкілі санайтындарынан бәрінен гөрі жақсы көрінеді", - дейді. Бұл тұрғыда Ф. Достоевский де: "Кей адам күлкісімен әбден сыр алдырып қояды, сіз табан астында оның бүкіл қатпар-қалтарыстарын біліп аласыз. Тіпті даусыз ақылды күлкі де кейде жиіркенішті болады. Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді", депті.

   Жалпы: "Итпен ойнасаң - үрерсің,

Баламен ойнасаң - күлерсің", - демекші, біз де күлкіге қатысты әңгімені осымен доғарып, сөз соңын Мұқағали Мақатаевтың:

"Ақылыңа айырбаста күлкіңді,

Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!

Бейқам күліп өспеген соң өз басым,

Бос кұлкіні ұнатпаймын бір түрлі…"— деген өлең жолымен түйіндегенді жөн көрдік.

 

Құдияр БІЛӘЛ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс