ИСЛАМШЫЛДЫҚ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАҚАТЫНАСЫ

ИСЛАМШЫЛДЫҚ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАҚАТЫНАСЫ

1
12 мин
ИСЛАМШЫЛДЫҚ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАҚАТЫНАСЫ

Бұл мәселені ғылыми тұрғыдан қарастыру үшін ең алдымен «исламшылдық» ұғымының мазмұнын нақтылау қажет болады. Егер бұл термин исламды саяси идеология ретінде емес, адамның өмірін Құран мен сүннет қағидаларына сәйкес құруға ұмтылуы деген мағынада қолданылса, онда ислам мұсылман үшін ең жоғарғы дүниетанымдық бағдар болып табылады.

Ислам сенімінде адамның барлық іс-әрекеті белгілі бір құндылықтар жүйесіне бағынады. Бұл жүйенің шыңында таухид яғни, Алла Тағалаға иман, пайғамбарларға сену, ақыретке сену және Алланың разылығын көздеу тұрады. Қалған барлық әлеуметтік, мәдени және саяси құндылықтар осы негізгі қағидалармен үйлесуі тиіс. Мысалға, зайырлылық және демократия сияқты ұғымдар.

Ислам құқық теориясында (усул әл-фиқһ) мұндай қағида «мақасид аш-шариға» (шариғаттың мақсаттары) арқылы түсіндіріледі. Классикалық ғалымдар шариғаттың негізгі мақсаттары ретінде дінді, адам өмірін, ақылды, ұрпақты және мүлікті қорғауды көрсеткен. Кейінгі зерттеушілер бұл тізімге қоғамдық тұрақтылықты, әділеттілікті және адам қадір-қасиетін қорғау сияқты ұғымдарды да енгізген.

Осы теория тұрғысынан қарағанда, ұлттың сақталуы шариғаттың тікелей мақсаты емес. Алайда тілдің, мәдениеттің, қоғамдық тұрақтылықтың және тарихи жадтың сақталуы шариғат мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік факторлар болып табылады. Басқаша айтқанда, ислам ұлттық бірегейлікті мақсат ретінде емес, қоғамның рухани және әлеуметтік тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі ретінде қарастырады.

Дін вакуумда өмір сүрмейді. Ол әрқашан белгілі бір қоғамның мәдениеті, тілі және тарихи тәжірибесі арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Ислам тарихы осының нақты дәлелі. Арабтар исламды араб тілі арқылы қабылдады. Түркі халықтары исламды түркі тілінде жазылған діни әдебиеттер мен ғұламалардың еңбектері арқылы меңгерді. Парсылар ислам өркениетіне өз мәдени үлесін қосты. Малай және индонезиялық мұсылмандар да исламды өздерінің ұлттық мәдени ортасында дамытты.

Бұл тарихи тәжірибе исламның белгілі бір этносты жоюға емес, керісінше әр халықтың мәдени мүмкіндіктерін ислам өркениетінің дамуына бағыттауға ұмтылғанын көрсетеді.

Қазақ қоғамында да ислам қазақ тілі арқылы уағыздалды, қазақы салт-дәстүрдің көптеген қырларымен сабақтасты және ұлттық әдебиет пен рухани мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналды. Осыған байланысты ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау исламдық білімнің сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі болып саналады.

Сонымен бірге, ислам ұлттық бірегейлікті абсолюттендіруге жол бермейді. Егер ұлттық мүдде әділет қағидатына, адам құқығына немесе исламның негізгі сенім негіздеріне қайшы келсе, мұсылман үшін басымдық Алланың үкіміне беріледі. Бұл қағида Құрандағы «Аллаға, Елшісіне және өз араларыңнан болған басшыларға бойұсыныңдар» деген бұйрықпен, сондай-ақ «Жаратылғанға Жаратушыға қарсы келетін істе бағыну жоқ» деген хадистің мазмұнымен үйлеседі.

Осы себепті ислам ұлттық сананы қолдағанымен, оны түпкілікті құндылық деңгейіне көтермейді. Себебі, шовинистік ұлтшылдық ұлттық бірегейлікті абсолюттендіріп, діни құндылықтарды қоғамдық өмірден ығыстыруға немесе оларды тек этнографиялық құбылыс ретінде қарастыруға ұмтылады.

Ендеше, ұлтшылдық ұғымына келейік: Ғылыми әдебиетте «ұлтшылдық» ұғымы әртүрлі мағынада қолданылады. Сондықтан, ең алдымен терминологиялық нақтылық қажет.

Бірінші мағынасы: ұлттық сана немесе ұлттық жанашырлық. Бұл адамның өз халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына және мемлекетіне жауапкершілікпен қарауы.

Екінші мағынасы: этникалық үстемдікке негізделген шовинистік ұлтшылдық. Мұнда өз ұлты басқа халықтардан артық деп есептеледі.

Ислам бірінші ұстанымды негізге алады. Яғни, туған жерді қорғау, ата-ананы құрметтеу, туыстық байланысты сақтау, қоғамға қызмет ету сияқты құндылықтарды дәріптейді. Ал, екінші ұстаным исламның әділет қағидатына қайшы келеді. Себебі, Құран адамның артықшылығы нәсілімен емес, тақуалығымен өлшенетінін нақты баяндайды.

Сондықтан, исламдағы негізгі өлшем этникалық тегіне емес, адамгершілік пен әділетке негізделген қоғам құру.

Қазақ халқының тарихи дамуы ислам өркениетімен тығыз байланысты болды. Ислам тек діни рәсімдердің жиынтығы ретінде емес, құқықтық мәдениеттің, моральдық тәрбиенің және қоғамдық қатынастардың негіздерінің бірі ретінде қызмет атқарды. Қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесінде ант беру, аманатқа адалдық, жетім мен жесірдің құқығын қорғау, көрші ақысы, үлкенді құрметтеу сияқты қағидалар ислам этикасымен сабақтасып дамыды. Бұл дәлел керек етпейтін аксиома.

Жыраулар поэзиясында, билер институтында және ағартушылық дәстүрде исламдық дүниетаным ұлттық құндылықтармен табиғи үйлесім тапты. Бұл тарихи тәжірибе қазақ қоғамында ислам мен ұлттық сананың ұзақ уақыт бойы бірін-бірі толықтырған әлеуметтік институттар ретінде өмір сүргенін көрсетеді.

Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ қоғамының рухани тарихын ұлттық мәдениеттен бөліп қарастыру қаншалықты жаңсақ болса, оны ислам өркениетінен бөліп қарастыру да соншалықты ғылыми негізсіз болар еді.

Исламның негізгі мақсаты белгілі бір мемлекеттік модельді бекіту емес, қоғамда әділеттілік, еркіндік, теңдік, кеңес құру, адам құқығы, қоғамдық келісім және моральдық жауапкершілік қағидаларын орнықтыру болып табылады.

Сондықтан, исламтану ғылымында мемлекет формасынан бұрын оның мазмұнына назар аударылады. Егер мемлекет адамдардың дінін, ар-намысын, өмірін, отбасын және мүлкін қорғауға жағдай жасаса, онда ол ислам құқық ғылымындағы қоғамдық игілік (маслаха) қағидатына сәйкес келеді.

Осы тұрғыдан ұлттық мемлекет те қоғамның тұрақтылығын, мәдениетін, тілін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды институт болып саналады. Ұлттық мемлекеттің болуы мұсылман қоғамының рухани және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай қалыптастыратын құрал ретінде қарастырылуы мүмкін. Демек, ислам мен ұлттық мемлекетті бір-біріне қарсы қою ғылыми тұрғыдан да, тарихи тәжірибе тұрғысынан да негізді емес. Олардың үйлесімді қызметі қоғамның тұрақты дамуының маңызды алғышарттарының бірі болып табылады.

Исламда адамның тек жеке құлшылықпен шектелуі жеткіліксіз. Ол қоғам алдындағы жауапкершілігін де орындауға міндетті. Яғни, адал еңбек ету, әділетті басқару, білім тарату, әлсіздерді қорғау, қоғамдық келісімді сақтау ислам этикасының маңызды қағидалары.

Егер мұсылман өз халқының тіліне, мәдениетіне, ғылымына, біліміне, қауіпсіздігіне және рухани дамуына адал қызмет етсе, бұл әрекеттер діни құндылықтармен үйлескен жағдайда қоғамдық игілікке бағытталған амал ретінде (салих амал) бағалануы мүмкін.

Сондықтан, исламдық дүниетанымда ұлттық жауапкершілік пен діни жауапкершілік өзара қарама-қайшы емес. Керісінше, олар бір-бірін толықтыратын әлеуметтік міндеттер ретінде көрінеді.

Енді діни радикализм мен этноцентризмнің ортақ сипаттарына келер болсақ. Олар діни, саяси немесе этникалық сипатта болуы мүмкін. Формалары әртүрлі болғанымен, олардың ортақ белгісі қоғамдағы күрделі мәселелерді қарапайым қарама-қарсылыққа айналдыруға ұмтылуы.

Діни радикализм ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығарып, исламның тарихи және мәдени тәжірибесін тар шеңберде түсіндіруге бейім келеді. Мұндай көзқарас жергілікті діни мектептердің, халықтық дәстүрлердің және тарихи сабақтастықтың маңызын төмендетуі мүмкін.

Керісінше, шектен шыққан этноцентризм ұлттық бірегейлікті абсолюттендіріп, діни құндылықтарды қоғамдық өмірден ығыстыруға немесе оларды тек этнографиялық құбылыс ретінде қарастыруға ұмтылады.

Екі ұстаным да қоғамның тұтастығына кері әсер етуі ықтимал. Біріншісі ұлттық мәдени сабақтастықты әлсіретсе, екіншісі қоғамның рухани негізін әлсірету қаупін туғызады.

Қазақ халқы исламды тікелей араб мәдениеті арқылы емес, ғасырлар бойы қалыптасқан түркі-мұсылман өркениеті арқылы қабылдады. Сондықтан қазақ дүниетанымында исламдық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлер ұзақ тарихи үдерісте өзара ықпалдасып дамыды. Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни және Махмұд Қашқари еңбектерінде исламдық дүниетаным мен түркі мәдениетінің өзара сабақтастығы айқын көрінеді.

Бұл ойшылдардың еңбектері исламды ұлттық мәдениетке қарсы құбылыс ретінде емес, оны адамгершілік, білім және әділет қағидаларымен байытатын рухани негіз ретінде қарастырғанын көрсетеді. Қазақ даласында да ислам жергілікті мәдениетпен үндесе отырып дамыды. Бұл үдеріс ислам қағидаларын өзгерту емес, олардың әр қоғамның тарихи және мәдени ерекшеліктеріне сәйкес түсіндіріліп, өмірде жүзеге асырылуының көрінісі болды

Қорытынды: Қазақ қоғамының тарихи тәжірибесі бұл екі шектің арасында өзіндік тепе-теңдік қалыптастырғанын көрсетеді. Дәстүрлі қазақ дүниетанымында ислам сенімі ұлттық әдет-ғұрыппен, құқықтық мәдениетпен және адамгершілік тәрбиесімен сабақтасып дамыды. Бұл үдеріс ислам қағидаларын өзгерту емес, оларды жергілікті мәдени кеңістікте түсіндірудің табиғи көрінісі болды. Сондықтан, қазіргі Қазақстан жағдайында исламдық және ұлттық бірегейліктің өзара толықтырушы сипатын сақтау қоғамдық тұрақтылықтың маңызды алғышарттарының бірі болып табылады. Ислам адамның тек жеке құлшылығына ғана емес, қоғам алдындағы міндетіне де ерекше мән береді. Құранда әділдік, аманатқа адалдық, білім алу, туыстық қатынасты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту сияқты қағидалар бірнеше мәрте қайталанады. Бұл қағидалар ұлттық жауапкершілікпен үйлескенде нақты қоғамдық нәтижелер береді. Ана тілін дамыту, тарихи мұраны сақтау, білім мен ғылымды қолдау, қоғамдағы бірлікті нығайту және мемлекет игілігі үшін еңбек ету қоғамдық игілікке қызмет ететін іс-әрекеттер. Исламдық дүниетаным мен ұлттық бірегейліктің арақатынасы «бірін таңдау» мәселесі емес, олардың өзара толықтырушы қызметін дұрыс түсіну мәселесі болып табылады. Мұсылман үшін діни сенім негізгі рухани бағдар болып қала береді, ал ұлттық мәдениет сол құндылықтардың нақты қоғамда өмір сүруіне және ұрпақтан ұрпаққа берілуіне ықпал ететін маңызды әлеуметтік орта қызметін атқарады.

Бірде осы тақырыпта студенттерге дәріс оқу барысында студенттердің бірі мынадай сұрақ қойды:

Студент: Егер мұсылманның басты болмысы ислам болатын болса, онда ұлттың қандай қажеттілігі бар? Бізге тек ислам жеткілікті емес пе?

Сонда мен студентіме мынадай қарсы сұрақ қойдым: Егер ертең қазақ тілі толық жойылып кетсе (Құдай сақтасын), сен қазақтарға исламды қай тілде үйретесің?

Студент: Басқа тілде үйретуге болады - деп жауап берді.

Мен сұрағымды былай жалғастырдым: Онда қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған исламдық мұрасы, қазақ тіліндегі діни әдебиеттер, діни терминдер, уағыздар мен рухани тәжірибесі қайда қалады?

Осы жерде студентім ойланып қалды.

Өйткені, ислам адамдардың жүрегіне белгілі бір тіл және мәдени орта арқылы жетеді. Егер ұлттық тіл әлсіресе, сол тілдегі діни таным да әлсірейді. Егер тарихи жады үзілсе, діни сабақтастыққа да қауіп төнеді.

Оған төмендегідей логикалық тізбекті түсіндіріп бердім:

Ұлт тілін сақтайды.

Тіл діни білімді сақтайды.

Діни білім иманды сақтайды.

Иман қоғамның рухани тұтастығын сақтайды.

Демек, ұлттық бірегейлік исламның орнына жүрмейді, бірақ исламның қоғамда сақталуына қызмет ететін маңызды әлеуметтік кеңістік болып табылады.

Осының маңыздылығын түсінген студентім соңында былай деді: Сұрағыма толық жауап алдым. Сізге алғысым шексіз!

 

Темур Аманқұл – Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті,

дінтану және мәдениеттану

кафедрасының доценті,

Ph.D докторы.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс