Әбу Зәр (р.а.) риуаят еткен, ол кісі былай дейді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған былай деді: “(Әй, Әбу Зәр!) Намазды (алғашқы) уақытында оқы, сосын жұмысыңа бар”. (Сүнән Нәсәи)
Исламның екінші шарты – намаз. Намаз оқудың дүние мен ақыретте көп пайдасы бар. Намазды оқымай тастағандарға болса, дүние мен ақыретте қатал жазалар бар. Намазды біле тұра тастап кету – үлкен күнә. Ал намазды үзбеу иманның белгісі саналған.
Намазға селқос қарайтын кейбіреулер ‘Aлла Tағала біздің намазымызға мұқтаж дейсің бе?’ дейді.
Иә, ғаламдардың Раббысы болған Aлла Tағала ештеңеге мұқтаж емес. Ал намаз арқасында қол жеткізуге болатын сансыз нығметтерге адам мұқтаж. Aлла Tағала, міне, осы шексіз пайданы мұсылмандардың қажетіне жарату үшін намазды парыз қылған.
Адам намаз арқасында нәпсі тәрбиесін, тәубені және Алла Тағаланың ұлылығы мен нығметтерін еске алуды үйренеді, енді соны өзінен көп көрмеуге тиіс. Белгілі уақыттарда дін бауырларымен ынтымақтасып, тиісті үлгіде бір-біріне қолдау көрсетуді керексіз нәрсе санамағаны жөн. Осылай намазға селқос қарайтын жандар мынадай науқасқа ұқсайды, өзіне пайдалы дәрі ішуді тапсырған дәрігердің сөзін тыңдамай, оған: “Менің дәрі ішкенімнен саған не пайда? Сен соған мұқтажсың ба?” деп қарсыласып, дәрінің пайдасы өзінің жазылуы үшін екенін ойлай алмайды.
Намазды біржақты жалқаулық салдарынан оқымайтындар күні-түні қандай рақат-ләззаттың соңында салпақтап жүргендерін жақсылап ойлануға тиіс. Расында олардың бәрі өткінші нәрселер. Адам – бүгін бар, ертең жоқ. Намаз, біріншіден, Алланың бұйрығы. Ал пайдасы дүниеде де, ақыретте де тиеді. Өткінші ықылас пен қызық үшін аямай жұмсаған уақыттың біразын ғана зор әрі үзілмейтін пайдаға себеп болатын бес уақыт намазға бөлуді көп көру, жалқаулыққа берілу адал, ақылды адамның істейтін ісі емес.
Ақыретке сенген адам діни міндеттерін бәрінен артық көреді. Намазды тастаған адам Алланың құзырында қандай сылтау айтып, ‘Мен бәрінен бұрын жан рақатын, ләззатын намаздан алдым!’ деген Пайғамбарымыздың (с.a.у.) шапағатын сұрау үшін алдына қалай баратынын дұрыстап ойлануы керек.
Қобланды қажы НАДІРБАЕВ