Асыл дініміз Ислам адам баласына жан саулығымен қатар тән саулығына да мән беруге шақырады. Денсаулыққа аманат деп қарап, салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятында:
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп, адамның денсаулығына зиян келтіріп, өліміне себепші болатын бүкіл істерден тыйған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Денсаулықтың қадірін ауырмастан біл», – деп насихат айтқан.
Тарихқа үңілер болсақ осындай Пайғамбар хадисін басшылыққа алған Ислам ғалымдары медицина саласында керемет жетістіктерге қол жеткізген. Тіпті, «медицина» терминінің өзі кейбір нұсқаларда Ислам ғалымы Ибн Синаның есімімен байланысты екендігі, ол «медет» және «сина» сөздерінен алынып, «Ибн синаның тәсілімен емдеу» дегенді білдіретіні айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін жинақтаушы мухаддис ғалымдардың көпшілігі өз еңбектерінде медицинаға қатысты арнайы баб арнап, ол бабта түрлі ауруларды емдеу жолдарына қатысты хадистерді жинақтаған. Мысалы, Имам Мәлик өзінің атақты «әл-Муатта» атты еңбегінде медицинаға қатысты арнайы баб арнаған. Кейіннен Имам Бұхари, имам Мүслим және өзге де белгілі мухаддис ғалымдарды осы санатта атап өтуге болады.
Сонымен қатар Ислам медицинасы жайында арнайы кітап жазған Абдул-Мәлик ибн Хабиб әл-Әндалуси, Абдул-Ләтиф әл-Бағдади, Әбу Нуғайм әл-Әсбаһани, Әс-Суюти, Ибн Сина сынды ғалымдар да бар.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде
«Алла Тағала қандай да бір дертті түсірсе, оның шипасын қоса жіберген», – деп айтқан (Имам Бұхари).
Бұл хадис сырқаттанған жағдайда адамдарды бақсы-балгерлерге бармай, ғылыми дәлелденген медициналық тәсілдермен емделуге ғана шақырып қоймай, сонымен қатар медицина саласындағы ғалымдарға ауруларға қарсы зерттеу жұмыстарын жүрігізіп, бұрын белгісіз болған жаңа емдеу тәсілдері мен дәрілерді табуды насихат етуде.
Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біліңдер: Өлмей тұрып өмірдің қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, өмірде ақыреттің жағдайын жасаудың қадірін, қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін, кедей болмай тұрып байлықтың қадірін», – деген (Хаким хадистер жинағы).
Басқа бір хадисте: «Әр сырқаттың емі бар. Егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болғанды» (имам Мүслим).
Имам аш-Шафиғи (Алла оны рақымына алсын) былай деген: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: ғалымдар – дінді сақтау үшін, дәрігерлер – олардың тәнін (денсаулық) сақтау үшін». Сондай-ақ тағы бір өсиетінде: «Мен халал мен харамнан және медицина білімінен басқа ғылымды білмеймін», – деген.
Міне, Исламның алғашқы күндерінен-ақ мұсылман жанының, тәнінің саулығы ерекше орынға қойылған. 8-ғасырдан бастап мұсылмандар сол уақытқа дейінгі әлем жеткен медицина ілімнің жетістіктеріне сүйене отырып, одан әрі дамытты. Құран мен хадистен сусындаған мұсылмандардың ыждаһаты жеміс беріп, әлемге медицинаның негізін қалаған алыптарды әкелді, он ғасыр бойы азық болған құнды еңбектер жазылды, ол уақытта болмаған емханалар, дәріханалар пайда болды.
Ендеше, дінімізде медицина ғылымының, денсаулық мәселесінің орны өте үлкен. Тіпті, пайғамбарлықты растайтын ең үлкен мұғжизалардың бірі – адам емдеу болған. Иса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) мұғжизасы дауасы табылмаған жандардың ауруларын емдеу еді. Адамзаттың асыл тәжі, жер бетіне рақым етіп жіберілген ардақты Пайғамбарымызға да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) науқастарды емдеуге байланысты білім берілген. Сол арқылы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сырқаттанған уақытында өзін және отбасы мүшелерін, сахабаларын сол кездегі белгілі болған емдеу тәсілдері мен дәрілерді қолдану арқылы емдеген. Кейіннен медицина ғалымдарының зерттеуімен ол емдік тәсілдердің пайдалы екендігі анықталып, «Пайғамбар медицинасы» деген атаумен танымал болды.
Ол пайдалы заттар мен емделу тәсілдерінің негізгілеріне тоқталатын болсақ, мынадай:
БІРІНШІ: БАЛ.
Бал – көнеден келе жатқан, табиғи емдік өнім. Оның бойында фруктоза, глюкоза, басқа да адам ағзасына пайдалы жетпістен астам пайдалы минералдар мен дәрумендер бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресі, 68-69-аятында:
«Раббың бал арасына: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған лапастар (күркелер) мен омарталарға ұя сал!» – деп нұсқады. Содан соң «Әртүрлі жемістермен қоректеніп, Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған) жолына түс!» – деп аян берді. Араның қарындарынан түрлі-түсті сұйықтық шығады. Онда адамдар үшін шипа бар. Шынында ойлайтын қауым үшін мұнда ғибрат бар», – деп айтқан.
Бұл аятта Алла Тағала: «Қарындарынан түрлі-түсті сұйықтық шығады» деді. Онда «қарындарынан бал шығады» деп нақтылап айтпаған. Балдың өзі шипа, патшайымның азығы да шипа, желімі шипа, гүлінің аталық ұрығы шипа, керек десе уы да шипа. Бұл заттардың кейбірі вирусты жоятын қасиетке ие, екіншілері иммунитетті қуаттайды, тағы біреуі көзге, тері және тістерге пайдалы.
Алла Тағала аяттың жалғасында: «Онда адамдар үшін шипа бар», – деп айтқан. Яғни, «адамдардың барлығына бірдей шипа бар», – деген жоқ. Демек, бұл заттардың қайсысын қай адамға қолдану керек екенін білу керек. Балды әдетте жоғары тыныс жолы ауруларын емдеуге, суық тиюден болған ауруларды емдеуге, өкпе ауруларын емдеуге, жүрек ауруларын емдеуге, асқазан-ішек ауруларын емдеу, жүйке жүйесі ауырғанда, бауыр ауырғанда, бүйрекке, жараны емдеуге өзге де ауру түрлеріне ем ретінде қолданады. Бал жайлы мағлұматы аз деген жандардың өзі жөтел тигенде сүтке қосып ішу, моншаға түскенде денеге жағу, бет терісін жұмсарту секілді қарапайым адамдардың өздері-ақ білетін рецептер жетіп артылады.
Алайда, бал пайдалы екен деп оны бей-берекет қолдана беруге болмайды. Оны пайдаланғанда организмнің ерекшелігіне қарай, белгілі бір тәртіппен жүйелі түрде пайдаланған дұрыс. Мысалы: кейбір адамдар балды ашқарынға жесе, жүректері қыжылдауы мүмкін. Олай болса, ірімшікпен, сүтпен, тағы басқа тамақпен араластырып жеу керек. Ал панкреатин, қант диабеті аурулары бар адамдардың балды тек дәрігердің кеңесінен кейін пайдаланғаны жөн.
Әбу Саидтан жеткен хадисте:
Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Менің ағамның іші аурып жатыр!» – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған бал бер!» – деп жауап қайтарады. Кейін сол кісі қайта келіп бұйымтайын айтқанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған тағы да: «Оған бал бер!» – деп айтады. Әлгі кісі үшінші рет келгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі кісіге: «Оған бал бер!» – дейді. Кейінірек қайтадан келген әлгі адам Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен соны істедім» – деп айтады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Алла хақ сөзді айтқан, ал сенің ағаңның іші өтірік айтты» – дейді де, «Оған бал бер!» – деп қайтарады. Сонан соң әлгі кісі ағасына бал бергеннен кейін, ол жазылып кетеді.
Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емдік қасиет үш нәрседе болады: ара балын ішу, сүлік салдыру арқылы қан шығару және отпен күйдіру. Бірақ мен өз үмбетімді отпен күйдіруден тыйамын», – деген (Бұхари).
Мұнымен қоса балдың емдік қасиеттері жайында ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен көптеген хадистерін келтіруге болады:
«Екі шипа қайнарын жібермеңдер – Бал және Құран» (ибн Мажа); «Пайдалы емделу жолдарының бірі – бал шәрбетін ішу» (Бұхари); «Әр айда үш рет таңертең аш қарынға бал жеген адам үлкен ауруға шалдықпайды» (Бәйһақи).
Ауруды жаратқан Алла Тағала өзінің пенделері үшін сол аурулардың емін де қоса жаратқаны белгілі. Ендеше, емдік қасиеті мол тағам түрлерінің ішінде табиғи балдың алар орны ерекше. Грек елінің ғалымы Пифагор «Ұзақ өмір сүрудің себебі – балды жиі қабылдағаннан» десе, әлемге әйгілі медицина ғалымы Ибн Сина: «Егер жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, балды жиі же!» – деген екен.
ЕКІНШІ: ҚАРА ЗЕРЕ МАЙЫ.
Қара зере – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ең көп кездесетін емдік құрал. Ал кез келген емдік құралдың шипалық әсері оны пайдалануға нұсқаған шипагерге деген сеніммен тікелей байланысты. Сол секілді бұл емді пайдалануға нұсқаушы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), ал оған әр нәрсенің қыр-сырын үйретуші сол емдік заттарды жаратушы, барлық нәрседен Хабардар һәм барлық нәрсеге Құдіретті Алла Тағала. Қара зере турасында хадисте:
«Расында қара зереде шипа көп. Ол өлімнен басқа барлық дертке шипа», – деп айтқан (Имам Табарани).
Халид ибн Сағид былай дейді: «Ғалиб ибн Ажжармен бірге жолға шықтық. Ол жолда ауырып қалды. Мәдинаға жеткенде ол ауру болатын. Оның жағдайын білу үшін Ибн Әбу Атиқ келді де, бізге: «Сендер оған мына қара зерені беріңдер. Одан алты не жеті түйірін алып ұнтақтап, оның мұрнының екі жағына кезек-кезек маймен бірге тамызыңдар. Мен Айшадан (Алла оған разы болсын): «Расында, осы қара зере өлімнен басқа барлық дертке шипа», – деген хадисті естігенмін».
Осы хадистер қара зерені күнделікті пайдалану тіпті дені сау адамға да денсаулықты жақсарту үшін сүннет болып табылатындығына дәлел.
Қара зеренің құрамында А, Е және С витаминдері мол, пайдалы минералдар көп және эфир майымен байытылған. Көне заман емшілері зерені иммунитет көтеруші, асқазан жұмысын жақсартушы, денедегі зиян қалдықтан арылтушы дәрілік шөп ретінде қолданған. Сондай-ақ қандағы холестеринді азайтып, зат алмасу процесін жақсартуға қауқарлы.
Қара зере майы да басқа дәрілік өсімдіктер сынды дұрыс қолданбаса, зиян келтіруі мүмкін. Мәселен, оны аш қарынға ішуге болмайды. Сондай-ақ кей адамның қара зере майына аллергиясы болуы мүмкін.
ҮШІНШІ: ҚАН АЛДЫРУ (ХИЖАМА).
Қан алдыру – бұл ағзада тұрып қалған арам қаннан құтылудың тәсілі. Қан алдыру ағзаға айтарлықтай пайда әкелетіні даусыз. Ата-бабаларымыз бұны шертпе, мүйізбен арам қан шығару деп те атаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де қан алдыру тәсілімен емделіп, өзгелерге де кеңес берген. Хадисте:
«Расында сендердің ең жақсы емделу тәсілдерің – қан алдыру», – деп айтылған (имам Муслим).
Тағы бір хадисте: «Шипа үш нәрседе: Бал ішуде, хижама жасатуда және отпен күйдіруде. Алайда үмбетімді отпен күйдіруден тыйамын», – деген (имам Бұхари).
Жалпы, қан адам бойында әрдайым қозғалыста болу керек. Көп жағдайда адам ағзасындағы қан толық айналымға түспей, тамырлар мен артериялар бойымен барлық қанның тек жартысы қозғалып жатады. Қанның қалған бөлігі резервте сақталып, қан кету, гипоксия, интенсивті жұмыс және т.б. сияқты жедел жағдайларға жұмсалады. Қозғалыссыз тұрған қан ескіре бастайды, өз қасиетін жоғалтады, ағзаға түскен зиян нәрселерді жинайды. Мұндай тұрып қалған қан кесірінен ағзадағы әр мүше өз жұмысын қажетті дәрежеде атқара алмайды.
Ағзаны қанның бір бөлігінен босатудың нәтижесінде, оның ішкі резервті-қалыпқа келтіру функциясы қосылып, ағзада жаңа қан бөліне бастайды. Жаңа қан ағзаны жаңартып, көптеген аурулардан емдейді.
Хиджама ағзаны дәрі қабылдамай, өзінің ішкі ресурстарымен емдейтін ем. Медициналық сүлікпен емдеу де хиджама болып табылады.
Қан алдыруды ниет еткен адам арнайы оны оқыған маман иесіне жасатуы шарт.
ТӨРТІНШІ: ҚҰРМА.
Құрма қасиетті Құран аяттарында көп кездесетін жеміс түрі. Тіпті ол жәннат жемістерінің қатарында екендігі баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда мән берген бұл жемістің құрамын зерттеген кезде көптеген пайдалы заттар анықталған. Қасиетті Құранда Мәриям анамыздың Иса пайғамбарды дүниеге әкелген кезіндегі оқиғада: «Сонда оны қатты қысқан толғақ бір құрма ағашына барып сүйенуге мәжбүр етті. Сөйтіп ол: «Әттең, бұдан бұрын ажал құшып, өліп кетіп, біржолата ұмыт болғанымда ғой!» – деді. Сол кезде төмен жағынан бір дауыс: «Мұңайма! Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты», – деп дауыстады. «Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілкі. Саған жас құрма түседі» (деген үн келді). Ал енді құрмадан же, судан іш. Көз айым бол!..» – деп айтылған («Мәриям сүресі», 23-26-аяттар).
Толғақ сәті келген кезде Алла Тағала салиқалы Мәриям анамызға құрманың дәмін татырды. Бұл Құрандағы әмір Иләһи даналықты меңзейді. Жақында ғалымдар құрманың әйел адам босанар кездегі берер пайдасын және де аяғы ауыр әйел мен іштегі нәресеге де пайдалы екендігін анықтап отыр.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Құрманың пайдалы екендігі турасында көптеп айтылған. Мысалы, Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманға ұқсайтын бір тал бар. Оның жапырақтары түспейді. Ол қандай ағаш екендігін маған кім айтады?» – деді. Адамдар шөл далада өсетін әртүрлі ағаштарды атай бастады. Мен ішімнен «ол құрма талы шығар» деп ойладым, бірақ айтуға ұялдым». Кейін адамдар: «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), ол қандай тал екендігін бізге (өзіңіз) айтыңызшы?!» – деп өтініш жасады. Сонда ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – құрма талы», – деп айтты», – деген хадисіне мән берсек ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрма ағашының пайдасы мол болғандығы сияқты, мұсылман адам да өзгелерге пайдалы болу керектігін айтқан.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 10 түйір құрма адамға магнийдің, мыстың және күкірттің тәуліктік мөлшерін қамтамасыз етеді. Бұл жемісті шикі түрінде де, кептірілген түрінде де жей беруге болады.
Құрма пальмасының жемістері қан қысымы көтеріңкі адамдарға пайдалы, себебі қан тамырының тарылуын баяулатады. Құрма Алланың қалауымен күш-қуатты көбейтіп, тонусты арттырады; көптеген кеселдерде көмектеседі; әсіресе экологиясы нашар аудандарда тұратын адамдарға жеуге кеңес беріледі. Аш қарынға жесе, ішектегі құрттарды өлтіреді. Құрма бауырды қуаттандырады, асқазанды тазалайды, әлсіз бүйректі күштендіреді. Құрма темірге бай, сондықтан да күніне 15 құрмадан артық жеген адам ағзаға қажетті темірді алған болады. Бұл жемісті үзбей жеу – ағзаны сынғыш сүйек пен остеопороздан сақтайды.
БЕСІНШІ: ЗӘЙТУН.
Зәйтун туралы да қасиетті Құранның бірнеше аяттарында айтылған. Соның бірі Алла Тағала «Тин» сүресінің алғашқы аяттарында:
«Інжірге және зәйтүнге, Сина тауына, осы бейбіт қалаға серт», – деп, зәйтунмен серт еткен. Алла Тағала қасиетті Құранда қандай да бір затпен ант етсе, оның өте үлкен маңызға ие екендігі белгілі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, өйткені ол мүбәрак ағаш», – деген (Имам Тирмизи). Тағы бір хадисінде:
«Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, расында оның бойында жетпіс түрлі дертке шипа бар. Оның ішінде алапес (ауруына да ем)», – деген.
Зәйтүн майы жүрек-қан тамырларының ауруын алдын ала емдеп, қанның қоюлануына жол бермей, қан тамырларының жүруін тездетіп, сонымен қатар, қан қысымы көтерілген кезде оны түсіруге септігін тигізіп, асқорыту жүйесін қалыпқа түсіреді, семірудің алдын алады. Зәйтүн майын халықтың басым көпшілігі көп қолданатын елде семіру пайызы төмен.
Зәйтүннің тағы да бір тамаша қасиеті қатерлі ісік ауруына душар болу қаупін сейілтетіндігінде.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен біздің денсаулығымызға пайдасын тигізетін сарымсақ, әл-хинди, қына, алое, анар, асқабақ сынды өсімдіктер мен жеміс түрлері өте көп.
Жалпы, мұқият мән берер болсақ, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір сүннеті медицинамен, гигиенамен тығыз байланысты. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұйқыға жатқанда оң жақ қырымен қолын бетіне қойып ұйықтайтын. Бәрә Ибн Ғазиб (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Төсекке жатарыңда намазға дәрет алғандай дәрет ал, кейін оң қырыңмен жат», – дегенін жеткізген (Имам Бұхари, Мүслим).
Медицина ғалымдарды жүрек адамның сол жағында орналасқандықтан, оң қырымен жатқан адамның жүрегі түн ішінде еркін жұмыс істейді әрі адамның еркін тыныс алуына, тынығуына, сергек ұйықтауына септігін тигізетінін айтады.
Сонымен қатар күнделікті атқарып отырған құлшылықтарымызды да медициналық тұрғыдан пайдасы орасан зор. Айталық, дәрет алудың, намаз оқудың, ораза ұстаудың және т.б. құлшылықтарымыз да тән саулығымыздың кепілі.
Ендеше, жүрегін рухани дерттерден, денсаулығын тән сырқаттарынан сақтаймын деген адам үшін Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін танып, амал етудің, құлшылықтарымызға көңіл бөлудің маңызы өте үлкен.