ДІНИ САНА, ДІНИ ТАНЫМ, ДІНИ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ ТУРАЛЫ

ДІНИ САНА, ДІНИ ТАНЫМ, ДІНИ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ ТУРАЛЫ

955
5 мин
ДІНИ САНА, ДІНИ ТАНЫМ, ДІНИ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ ТУРАЛЫ

Қазіргі діни сана, діни таным, діни тәжірибе мен діни сенім салалары арқылы түсіндіретін болсақ, қазақ мәдениетінің мәніндегі діни сананың мазмұны исламнан бастау алады.

Діни сана исламға қатысты құндылықтар мен ақпараттық сұрыптау ролін атқарады.

Діни сана ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдени қабаттарына үңіліп қарасаңыз бұған көзіңіз жетеді. Ең басты мәдениет қабаты тіл десек, осы тіл арқылы исламның құндылықтық, ақпараттық, дүниетанымдық, ділдік, писхологиялық, эстетикалық, этикалық және т.б. ұғымдары, түсініктері, тұжырымдары, анықтамалары сөз арқылы орын тепкен. Одан кейін мәдениеттің ақыл ойы дүниетанымдық қабаттары, тарихы мен өнері, ахлақы мен әдет ғұрыптары, сәулеті мен құқығы, жазуы мен әдебиеті, сазы, жыры мен тұрмысы болып кете береді. Осы қабаттардың мәні мен мазмұнында діни сана ойып орын алғанда болмысы мен табиғаты ашылады.

Діни сана өзін қоршап тұрған мәдени қабаттардағы құндылықтық өлшемдерді сақтап тұратын қазына сияқты. Сол қазына кейде ұмытылып, кейде әлсіреп жатады. Оған әрдайым күш беріп тұратын діни таным.

Діни таным діни сананың айтқанынан шықпайтын қалыптар мен ділдік, доктриналық, танымдық, тәжірибелік, сезімдік циклдардан тұратын ортақ рухани платформалар.

Діни сана тарих пен мәнге сүйенеді. Тарих деп отырғанымыз діни тәжірибе, ал мән деп отырғанымыз діни таным мен сенім.

Діни сенім біреу, ол ислам, біздің өркениеттік негізіміз, мысалы ислам дініндегі барлық халықтармен осы негізде бірліктеміз.

Дін таным көп, біздің діни танымымыздың тәжірибесі мен тарихында Ханафи, Матуриди мен Иасауи үштігінің орны ерекше. Фиқх, калам мен тәрбие, яғни, құқықтық, доктриналық және моральдық құндылықтарымыздың қалыптасу мектептері мен діни тәжірибесі.

Негізі кез келген ұлттық ерекшеліктерді оның діни танымына қарап ажыратамыз. Мысалы діни таным категориясы тұрғысынан қазақтан «қашаннан бері мұсылмансың» деп сұраса, «әлімсақтан бері» деп жауаптандырған. Ия, солай, қазақ әлімсақтан бері мұсылман халық. Әлімсақ деп адамзат жаралмай тұрғандағы Алла мен рухтар арасындағы антты айтамыз. Соған қарап ақ қазақ мұсылмандық түсінігінің культурологиялық, теологиялық және діни танымдық анықтамалар мен платформаларға жауап бере алатын, болмыстық мәнге ие екендігін тануға болады. Бұл жауап діни сенім категориясындағы «ашһаду анна ла илаһа илла Аллаһ уа ашһаду анна мухаммадун абдуһу уа расулуһу» деген тіркеспен тең.

Қазақ болмысының мазмұнында ислам жатыр дегенде осы ақиқаттар ойға оралады. Қазақтың діни санасы оның мұсылмандығының ерекшелігі. Бұл ерекшелік оның тұрмысымен біртұтас. Енд осы ерекшеліктерді қолға ұстап, сезініп, біліп тануға бола ма? Әрине, ол үшін қазақтың мақал-мәтел, жыр-дастаны, аңыз апсаналары, салт жораларына үңілсеңіз жетіп жатыр.

Осы қазыналарға қарап ақ сол халықтың діни сана ерекшеліктерін тани аласың. Діни санасын танысаң, оның діни танымы мен ділін де анық табасың.

Діни тәжірибе категориясының ішіне діни білім беру де кіреді. Діни білім компоненті ұстаз, кітап, медресе қазақтың діни тәжірибесінде үзілген емес. Қазақ дінді ардың көзі, рухты, қалыпты, адамдықты сақтаудың өлшемі ретінде қабылдаған. Негізі ислам дінінің мәні де соңғы пайғамбарымыздың міндеті де осы. Қазақ даласына ислам өз мәні мен табиғатында орын алуында Иасауи ілімінің орны, қызметі естен шықпауы тиіс.

Бұлар құбылыстарды талдап түсіндірудегі мақсат біреу. Кеше кеңестік қызыл режимнен діни санамыз өлімші болса да аман қалды. Себебі діни таным мен діни тәжірибеге тыйым салынды. Кейбір мәдени қабаттарымыздағы құндылықтар да діни мән ретінде қарастырылып, қысымға ұшырады. Сосын тәуелсіздікпен бірге діни сана жаңғырып, оның қоршаған мәдени қабаттарына да көктем келді десе болады...

Бірақ қазіргі таңда қазақ мұсылмандығын ширкпен, діни санасын шаманизммен, діни танымы мен тәжірибесін жоққа шығарып, қазақты енді ғана ислам дінін қабылдап жатқандай таныту белең алып барады. Діни санамыздың айнасы болған жырлар мен қисса, дастандар, термелер, әдеби мұралар редакцияланып жатыр. Бұл техникалық жағы ал, қоғамдық, саяси қабаттарда неосалафилік діни таным басымдыққа ие болды. Осы кезде қазақтың мәдениетінің мазмұны, мәні болып табылатын діни сана тұншығып отыр. Себебі діни сана өзіне тән діни танымды ғана қабылдайды. Басқа таным оған жат, бөтен.

Бүгін қазақтың діни санасы «екі діни таным» арасында қалды. Сондықтан қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәден қабаттарын сақтап қалу үшін, өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен ойып орын алуына өзін қазақпын деген әрбір жас аянбай еңбек жасау керек болып тұр. Себебі діни сана өзгерсе мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертететін де сақтап қалатындар да қазақтың бүгінгі жастары.

Досай КЕНЖЕТАЙ

  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Разработано в АЛЬФА Системс